Малшы өзіне көз алмай қараған серігінің басын пешке жағып жіберді
Өзбекстан азаматы бұл туралы жұмыстасына айтып, ешкімге тіс жармауды өтінген
АСТАНА, 6 желтоқсан — Sputnik. Мал шаруашылығымен айналысатын екі жұмысшы арасында кикілжің туып, Өзбекстан азаматы тәжікстандықты асқан қатыгездікпен өлтірді, деп хабарлайды novostivolgograda.ru сайты.
Екі ер адам жұмыс барысында сөзге келіп қалып, кейін арадағы кикілжіңді шешу үшін сиыр қораға барады.
«Бір-бірін балағаттағаннан кейін 36 жастағы Өзбекстан азаматы 51 жастағы Тәжікстан азаматын пышақтайды. Бұдан кейін күдікті қылмысын жасырмақ болған. Көз жұмған тәжікстандықтың басын кесіп, пешке жағып жібереді. Ал денесінің қалған бөлігін сиыр қораның артына сүйреп апарып, қалың шөптің астына жасырған», — деді Ресей тергеу комитетінің Волгоград облыстық Средне-Ахтубинск ауданы бойынша тергеу басқармасының басшысы Евгений Выстропов.
Күдікті күні бойы пешке от жағады. Осы күні кешке ол болған жағдай туралы жанындағы жұмысшыға айтып, ешкімге тіс жармауын өтінеді. Мұның барлығынан хабардар азамат болған жағдайды құқық қорғау органына жеткізген.
«Күдікті сол күні оқиға болған жерге жедел тексеру тобы келген кезде ұсталды. Оның психикалық ауытқу болуы мүмкін. Себебі, ол марқұмның басын неге пешке жаққанын сұраған кезде, оның өзіне көз алмай қарай бергенін айтқан», — деді Евгений Выстропов.