Мәлік Ғабдуллин: өмірбаяны, соғыстағы ерлігі, шығармалары
Ашаршылықтың зардабы
Мәлік Ғабдуллин 1915 жылы 15 қарашада Көкшетау облысының Зеренді ауданы Қойсалған ауылында дүниеге келді. Көпбалалы отбасыдан шыққан, Мәлікпен бірге 6 ұл, 3 қыз болған. Алайда олардың барлығы шетінеп, Мәлік қана аман қалады.
Мәліктанушы ғалым Серік Негимов жазушының балалық шағы жайлы:
«Мәлік көпбалалы отбасынан шыққан, бір үйде он бала болды: Мәлікпен бірге, 6 ұл, 3 қыз болды. Бауырлары мен шешесі Әлия бәрі 1932 жылы ашаршылықтың құрбаны болды. Аман қалғаны тек Мәлік қана», — дейді Кеңес одағы батырының 100 жылдығына арналған кітапта.
Мәлік Ғабдуллиннің немере інісі Сәкен Бекенов оның жастайынан батыл болып өскенін айтады.
«Бекен деген атамыз болды. Ол – мерген, аңшы екен. Мәлік ағамыз сол кісінің тәрбиесін көрді. Алладан тілеп алған жалғыз ұл еді. Мәлік ағамыз туар кезде Бекен атамыз қасқырдың арланын атып алған екен. Оны інісі Ғабдуллаға берген. Құдайға шүкір, батыр ағамыз қазақ елінің мақтанышы болды», — дейді ол «Өмір жолы» деректі фильмінде.
Сәбит Мұқановпен қалай танысты?
Мәлік жастайынан еті тірі, ақылды, қайсар бала болып өседі. 8 жасынан ауылынан 2 шақырым жерде орналасқан Құлет ауылындағы мектепке барады. Онда бастауыш сыныпты аяқтап, Көкшетау қаласындағы коммуна мектебіне қабылданады.
Мәлік Ғабдуллин атындағы музейдің директоры Құдайберлі Мырзабек жазушы Сәбит Мұқанов пен Мәліктің қалай танысқанын былайша суреттейді:
«Сәбит Мұқанов іс-сапармен Көкшетау қаласындағы вокзалға келеді. Онда бір жауынгер тұтқынды алдына салып, айдап барады екен. Қолында қызыл шүберек байланған, қасында бір пионер бар. Баланың түрі есімде қалып қойды. Кейін танысымның үйіне барып демалдым. Біраз уақыттан соң, мені «сізді бір бала шақырып тұр» деп үйдің иесі оятты. Оянсам, бағана вокзалдан көрген бала маған келіп сәлем беріп тұр екен. Ол маған «сізді мектепке кездесуге шақыруға келдім. Атым Мәлік деп өзін таныстырды. Мен мектепке баруға келісімімді бердім».
Кейін қазақ жазушысы Мәліктің шығармаршалық қабілетін қалай байқағанын жазады.
«Мені мұғалімнен бастап, оқушыларлың өзі жылы қабылдады. Оқушылармен кездесуді өткіздім. Сол кездесуде Мәлік атты бала менің шығармашылығым туралы жақсы баяндама жасады. Мен сүйсіндім», — дейді Сәбит Мұқанов өз естеліктерінде.
14 жасында Мәлік сол кездегі қазақ елінің астанасы Алматыға оқуға аттанады. Ол алғашында ауыл шаруашылығы институтының дайындық курсында білім алады. Бірақ кейін ойын өзгертіп, басқа мамандықты таңдайды.
©
Sputnik / Иосиф Будневич
Мәлік Ғабдуллин
«Мәлік Ғабдуллин Алматы ауыл шаруашылық институтында оқып жүрген кезінде Сәбит Мұқановтың ақылымен сол кездегі ҚазПИ, яғни қазақ педагогикалық институты филология факультетіне оқуға ауысады. Алғашқы кезде жататын орын болмай, Сәкен Сейфуллинің пәтерінде тұрады. Оқып жүріп, бір күні баспаға келеді. Ауылдан келген бала кітаптың, газеттің қалай басылатынын көргісі келеді.
Осылайша баспада Мәлікпен Бейімбет Майлин танысады. Ол кісі сол баспаның басқарушысы болды. Екеуі біраз әңгімелескеннен кейін оның тегін бала емес екенін аңғарады. Баспаға жұмысқа шақырады. Осында оқып, жұмыс істей бер дейді. Қателеспесем, Мәлікке айына 80 тиыннан ақша төлеп тұрады», — дейді Мәлік Ғабдуллин атындағы музейдің директоры Құдайберлі Мырзабек «Өмір жолы» деректі фильмінде.
Алғашқы қызмет
Мәлік Ғабдуллин 1931 жылдың қыркүйегінен 1935 жылдың шілдесіне дейін Алматыдағы Абай атындағы педагогикалық институттың «Қазақ тілі мен әдебиеті» бөлімінің студенті болды.
1935 жылдан 1937 жылдың қарашасына дейін Мәлік Ғабдуллин Өзбек КСР Ферғана қаласында отан алдындағы борышын өтейді. Кейін 1937 жылы «Социалистік Қазақстан» газетінде әдеби қызметкер болып жұмысқа орналасады. 1938 жылы «Қазақстан пионері» газеті редакторының орынбасары, КСРО ғылым академиясының қазақстандық филиалындағы тіл және әдебиет институтында ғылыми қызметкер міндетін атқарады.
Отан үшін от кешкен жауынгер
1941 жылы Ұлы Отан соғысы басталады. Мәлік Ғабдуллин алғашқылардың бірі болып өз еркімен майданға аттанады. Ол соғыста аға саяси жетекші (политрук) болады.
«Ол жауынгерлердің рухын көтеруге бар күшін салды. Соғысқа аттанған қазақтардың көбі орысша білген жоқ. Мәлік ағамыз олардың арасында үгіт-насихат жұмыстарын жүргізді. Қазақ әскерлерінің рухын көтеріп, оларға білгенін үйретеді», — дейді Шахмет Құсайынов атындағы Ақмола облыстық қазақ музыкалық-драма театрының директоры Мұратбек Оспанов «Өмір жолы» деректі фильмінде.
Батырдың ерлігі
Мәлік Ғабдуллин майданда Иван Панфилов атындағы 8-гвардиялық дивизияда шайқасады. 1942 жылы Новгород облысына қарасты Холм қаласының маңында болған ұрыста Мәлік әскерлердің біразына басшылық етеді. Ол басқарған сарбаздар фашистерге жойқын соққы береді. Әсіресе, Мәскеу түбіндегі шайқастарда стратегиялық маңызы зор Бородино селосын жаудан тазартуда ерлігімен көзге түседі.
«Немістер шабуыл жасаған сәтте Мәлік бастаған топ соғыстың алдыңғы шебінде болады. Олармен байланыс үзілді. Басшылықтан «кері шегініңдер» деген бұйрық болады. Бірақ алдыңғы шептегі әскерлер оны естімей, қоршауда қалып қояды. Кейін Мәлік ағамыз әскерімен бірге қоршауға түскенін есіне алады. Ол барлық жауынгерді сапқа тұрғызып, «шепті не бұзамыз, не өлеміз. Жауға берілуге болмайды» дейді. Осылайша, ол жау қоршауын бұзып шығады», — дейді Мұратбек Оспанов.
Кеңес Одағының батыры Мәлік Ғабдуллин
Кескілескен ұрыстың нәтижесінде жаудың екі танкісін гранатамен жарып, 12 солдатын тұтқынға алады. Ұрыс кезінде Мәлік Ғабдуллин жарақат алады. Соған қарамастан, ол шабуылды тоқтатпайды. Осы ерлігі үшін КСРО Жоғарғы кеңесі президиумының жарлығымен 1943 жылдың 30 қаңтарында Мәлікке «Кеңес Одағының Батыры» атағы берілді. Оған қоса, Ленин ордені және «Алтын жұлдыз» медалімен марапатталды.
«Мәлік атым құрып кетсін»
Мәлік Ғабдуллин қазақтың батыр қызы Мәншүк Мәметованың қазасынан кейін оған Кеңес Одағының батыры атағын бергізу үшін бар күшін салады. Ұлы отан соғысына қатысқан Байуақ ардагер жағдайды былайша есіне алады:
«Мәлік Мәншүктің қазасын ести салысымен, дереу Невель қаласына келеді. «Мәншүкке не жасап жатырсыңдар?»деп жанындағы әскерлерге сауал жолдайды. Олар Мәншүкті екінші дәрежелі Отан соғысы орденіне ұсынғандарын айтады. Мәлік Ғабдуллин қатты ашуланып «Алматы мен Мәскеудің арасы мейлі, 4 мың-ақ шақырым болсын. Қазақтың жиырмаға жаңа толған қызы алыстан Отанымды, Мәскеуді қорғаймын деп келіп, қолына орыстың винтовкасын алып, соғысамын деуінің өзі ерлік емес пе? Дереу құжаттарын қайта дайындаңдар.
Комсомолдың Орталық комитетінің бірінші хатшысы Михайловқа, болмаса маған Батыр атағын берген Калининнің өзіне барамын. Тіпті Ворошиловқа кірем. Одан түк шықпаса, менің Мәлік атым құрып кетсін, өзімнің жұлдызымды берем» деп қайтадан дайындалған құжаттарды алып кетеді», — дейді ардагер өз естілігінде.
6 ай өткен соң 1944 жылы 5 наурызда Мәншүк Мәметоваға Кеңес Одағының батыры атағы беріледі.
Қазақ әдебиетінің дамуына қосқан үлесі
Соғыстан кейінгі жылдары Мәлік Ғабдуллин ғылым саласында қызмет атқарды. 1946-1951 жылдары Қазақ КСР ғылым академиясының тіл және әдебиет институты директорының орынбасары, директоры болды.
1951-1963 жылдары Абай атындағы қазақ педагогикалық институтының ректоры, 1963 жылдан өмірінің соңғы күніне дейін Қазақ КСР ҒА-ның Мұхтар Әуезов атындағы әдебиет және өнер институты фольклор бөлімінің меңгерушісі қызметтерін атқарды.
Мәлік Ғабдуллин 1947 жылы «Қобыланды батыр» жырын ғылыми зерттеудің проблемалары» атты кандидаттық диссертация қорғады. «Қазақ халқының ауыз әдебиеті» деген монографиясында халқымыздың лиро-эпосы, батырлық жырлары, ертегі-аңыздары, тұрмыс-салт өлеңдері, жұмбақтар, мақал-мәтелдер, жаңылтпаштар, суырып салма өнері туралы ғылыми зерттеулер мен қорытындыларын жасады.
Оның қазақ фольклоры мен әдебиеті туралы жазған 100-ден астам мақалалары республикамыздың газет, журналдарында жарияланды. Мәлік Ғабдуллиннің зерттеген негізгі еңбектері – қазақ халқының батырлық эпостары, мақал-мәтелдері, айтыстары мен халық әндері.
Тағы оқыңыз: 21 жасында Кеңес одағының батыры атанған Сағадат Нұрмағамбетов
Ол қазақ әдебиетінің көп томдық тарихын шығаруға күш салды. Оның «Қазақтың батырлық эпостары» зерттеу еңбегі 1972 жылы Шоқан Уәлиханов атындағы сыйлыққа ие болады.
КСРО Жоғарғы Кеңесінің 2-4-шақырылымдарының депутаты. КСРО Жоғарғы Кеңесінің парламенттік тобының құрамында Финляндияда (1953), Бельгияда (1957) болды.
Еңбектері
«Менің майдандас достарым», «Алтын Жұлдыз», «Майдан очерктері», «Менің майдандас достарым», «Сұрапыл жылдар», «Ел намысы – ер намысы» шығармаларды жазды. Әдеби туындылары И. П. Щеголихин көмегімен орыс тіліне аударылған.
Мәлік Ғабдуллин 1973 жылы 2 қаңтарда 58 жасқа қараған шағында Алматы қаласында дүниеден озды.
Мәлік Ғабдуллиннің Алматыда тұрған үйі мен қызмет атқарған институтында батырға арнап мемориалды тақта орнатылған. Өзі туып-өскен аудандағы мектеп пен көше аттары Мәлік Ғабдуллиннің есімімен аталады. Көкшетауда батырға арналып арнайы мұражай ашылған. Нұр-Сұлтан, Алматы және Көкшетау қалаларындағы көшелерге есімі берілген.
sputniknews.kz