Малды табыс ретінде есепке алу-алмауды әкімдіктер шешеді

0

Қазақстан еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министрі Светлана Жақыпова мәжілістің 13 наурызда өткен жалпы отырысынан соң журналистер сұрағына жауап беріп, атаулы әлеуметтік көмек алу заңнамасына өзгерістер енгізіліп жатқанын хабарлады.

Вице-министр сөзінше, атаулы әлеуметтік көмек алатын әрбір отбасы «бүгінге дейін үш ай сайын табысының өзгермегенін растап, төлем алуға әлі де құқылы» екенін дәлелдеп келген. Министрлік мәжіліс отырысында осы ережені өзгертетін заң жобасын таныстырды.

— Жаңа заң жобасы бойынша төлем беру ұзақтығы алты айға созылады және [адамның көмекке мұқтаждығы] ақпараттық жүйелер арқылы расталып отырады. Яғни, төлем алты ай бойы беріледі, ал адамның табысы, отбасындағы өзгерістерді ақпараттық жүйе бақылайды. Отбасында бала туса, жүйе автоматты түрде нәрестеге төлем аударады, — деді ол.

Жақыпованың айтуынша, атаулы әлеуметтік төлем отбасында жан басына шаққандағы табыс күнкөріс минимумының 70 пайызынан, яғни 20 479 теңгеден аз тиетін адамдарға беріледі. «Анасына — минимумның айырмасы, балалардың қанша болғанына қарамастан әрбіріне 20 479 теңге беріледі» деді ол.

Министрлік өкілі «бюджеттен 832 мың адамға 2019 жылдың сәуірінен желтоқсанына дейін 94 млрд теңге қарастырылды» дейді.

«Әкімдіктер атаулы әлеуметтік көмекке зәру адамдарды есепке алғанда үйдегі сиыр-қойды да есептейді» деген пікірге қатысты Жақыпова былай деді:

— Сізде сиыр бар, [көршіңізде] сиыр жоқ. [Көршіңіз] бен сіз алатын атаулы әлеуметтік көмек көлемі бірдей болады. Сонда бұл әділдік пе? Олардың табысы табыс деп саналады. Осы атаулы әлеуметтік көмек туралы заңда «жергілікті атқарушы органдар жекешеленген шаруашылық табысын санамайды» деп жазылған. Сондықтан [үйдегі ірі қараны] табыс деп санай ма, санамай ма — әрбір атқарушы орган өзі шешеді, — деп жауап берді.

Ол «атаулы әлеуметтік көлемі артқан соң адамдар масылдыққа үйренеді» деп айтуға болмайды» дейді.

— «Жұмыстан әдейі шығып кетіп, үкіметке масыл болады» деуімізге болмайды. Қазіргі заңнаманың өзіне атаулы әлеуметтік көмек алу талаптарының ішінде «әлеуметтік келісім-шарт» деген ұғым бар. Азамат атаулы әлеуметтік көмек алуы үшін жұмыспен қамту орталығымен келісімге отырады. Орталық әлгі адам жұмыс берсе, істеуі керек. Жұмыс істеуге қабілетті адам ұсыныстан бас тартса, алатын жәрдемақысы 50 пайызға кемиді. Екінші мәрте тағы бас тартса, жәрдемақы мүлде тоқтайды. Атаулы әлеуметтік төлем балаларға және сол отбасындағы жұмысқа қабілетсіз адамдарға ғана беріліп отырады, — дейді ол.

Қарай отырыңыз: Бір баланы асырауға 21 мың теңге жете ме?

Ақпанның 4-іне қараған түні Астанада уақытша баспанадағы өрттен бір отбасының бес баласы (ата-аналары түнгі жұмыста болған деп хабарланды) мерт болғаннан кейін, Қазақстанның бірнеше қаласында аналар жаппай наразылық танытты.

Олар биліктен көп балалы отбасыларға әлеуметтік қолдауды күшейтіп, балаға төленетін жәрдемақыны көбейтуді, баспана мәселесін шешуді және жеңілдіктер беруді талап етті. Ақпанның соңы мен наурыздың басында жергілікті билік орындары ұйымдастырған кездесулерде наразы тұрғындар облыс және қала әкімдіктері шенеуніктеріне әлеуметтік жағдайы төмен отбасылардың ауыр жағдайын айтып, олардың проблемасына биліктің назар аударуын талап етті.

Наразылық күшейіп тұрған тұста — 27 ақпанда Астанада «Нұр Отан» партиясының 18-съезінде Назарбаев «мемлекет бюджетінің 45 пайызын әлеуметтік салаға жұмсауды» тапсырған.

Азаттық