«Малды неге сахнаға шығарады»: «Өнер қырандары» театрының әртісіне ат мінгізді

0

“Өнер қырандары” әзіл-сықақ театрының басшысы, актер Мадияр Серікбаевқа көрермені күтпеген сыйлық жасады. Театр ұжымы тұңғыш рет Сарыбастау ауылына барып, концерт қойды. Бұл туралы Kznews.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Ауыл азаматтары ақылдаса келе ат мінгізуді ұйғарған.

“Тақымдарыңыз талмай, аттан түспеулеріңізді тілейміз. Ауылымызға алғаш рет келіп, концерт беріп жатқандарыңызға мың алғыс! Үйір жылқы мінгізсек те артық етпейді. Ел үшін жасап жатқан қайырымды шараларыңыз бөлек әңгіме. Енді атпен жүріңіздер!”, – деді ауыл тұрғыны.

Театр директоры Мадияр Серікбаев тосынсыйға тосылып қалды.

“Аяқ астынан осындай сыйлыққа ие болып жатырмыз. “Ерім деген ел болмаса, елім дейтін ер қайдан болсын” деп атам қазақ айтпақшы, өнерімізге тәнті болып, керемет құрмет көрсетіп жатқан ағаларымызға алғыс айтамыз”, – деді актер.

Желі қолданушыларының пікірі екіге жарылды. “Бір кісілерге самолет берсе де аздық етеді. Мұқтаж жандарды баспанамен қамтып жүргені – тап-таза сауапты іс” деп жатқанның қарасы көп. Алайда “малды сахнаға шығарғаны несі, көп адамнан шошып, үркіп кетсе кім жауап береді” деп сынап жатқандар да жетерлік.