Мал жаятын жайылым таппай жүргендерге енді арнайы «жайылым билеті» берілуі мүмкін

0

Малын жаюға жер таппай отырғандарға арнайы жайылым билеті берілуі мүмкін. Бүгін сенат депутаттары өріс мәселесін шешу керектігін айтып Маминнің атына сауал хат жолдап, тіпті, бірнеше ұсыныс та айтты. Депутаттар ауыл маңындағы жерлердің әбден құнарсызданып кеткенін, ал оны бақылайтын адамның жоқтығын тілге тиек етті.

Ол үшін аз малға иелік ететін шаруаларды біріктіру керек дейді. Жайылым жерге зар болғандардың бірі — Түркістан облысындағы Әлімтау ауылының тұрғындары. Ауылдағы 30 үй аз малын жаятын жер таппай зар илеуде. Ауыл маңындағы жерлердің бәрі құнарсызданып кеткен, ал қалған өріске арналған аумақты өзгелер сатып алып, тіпті, ор жасап қоршап тастаған.

«Бізде жайылым жер жоқ. Жер қалмаған. Жеріміз 30 гектардай, оның бәрі қызыл топырақ. Малымызды қайда жаятынымызды білмей отырмыз», — деді Әлімтау ауылының тұрғыны Алмасбай Райымбеков.

Ал сенаторлар ең әуелі қолданылмай жатқан осындай жерлерді мемлекет меншігіне қайтару керек дейді. Өйткені жекенің қолына өтіп кеткен біраз аумақ жер иесіне де, өзгеге де пайдасын келтірмей жай жатыр. Бүгінгі таңда ауылдағылардың 80 пайызы малдарын жақын маңда жаяды екен. Соның салдарынан қазірдің өзінде ауыл жанындағы 21 мың гектар жер жарамсыз боп қалған.

Жағдайдың ушыққаны соншалық бүгін сенаторлар Маминге мәселені шешудің бірнеше жолын айтты.

«Жайылымдарды ұзақ мерзімдік кезеңге басқару жөніндегі жоспарларды бекіту, қоғамдық пайдалану шарттарын айқындау, пайдаланушылардың бірлестігін құру және оған жеке ауылдағы ауылшаруашылығы жануарлары иелерінің кіру міндеттігін қарастыру. Жайылым билетін енгізу және мал басының санына байланысты пайдаланудың ақылы болуын енгізуді ұсынамыз», — деді , ҚР сарламенті сенатының депутаты Сұлтан Дүйсенбаев.

Яғни, депутаттар бірен-саран малы барлар бірігіп кооператив құру керек деп отыр. Кейін дәл осы коопреативке мүше болғандарға билет беріліп, олар еш уайымсыз малын өріске жібере алатын болады.

Ал әр мал басына жайылым үшін салым төлеп, ол ақшаға жерді баптап тұру керек дейді.

«Ол тұрғындардың барлығын колхоз ретінде қосу емес, ол қызмет көрсететін. Ол жердің сапасы бар, ветеринар, одан кейін қолдан ұрықтандыру бар, содан кейін өндірілген өнім бар ғой. Сиыр ұстап отырғаннан кейін сиыр сауады, еркек бұзауды бордақылайды, оның етін өткізу керек. Олардың әрқайсысы жүрмейді ғой қаланы аралап, базарды аралап», — деді «Ауыл» партиясы төрағасының бірінші орынбасары Төлеутай Рахымбеков.

Мамандар қаладағы халықты ауылға апарамын деп әуре болғанша, ең әуелі ауылдағы қазақты ұстап қалу жолын қарастыру керек дейді. Ол үшін 30-40 үйден құралғандардың жағдайын жасап, малын жаятын жер тауып беру қажет. Ал ауылдың тірлігі түзелсе, ол жаққа тартылатындар да табылмақ.