Мал сияқты тиеп алып кетті: Алып қашудың құрбаны болған қыз оқиғасын баяндады — Қазақстан жаңалықтары

0

Айсұлу 4-курста оқып жүрген кезде құрбы қыздары бір жігітпен таныстыруға ұсыныс жасаған. Жақында оқу бітіретін болғандықтан, Айсұлу бас тартпаған. Алайда жігітті бір көргеннен ұнатпаған. Жігіт болса Айсұлуды ұнатып, құрбыларынан оны көндіріп беруді сұраған. Ақырында алып қашқан. 

Мал сияқты тиеп алып кетті: Алып қашудың құрбаны болған қыз оқиғасын баяндады

Бұл туралы Ұлттық арнаның «Шаңырақ» бағдарламасында айтылды, деп жазады Stan.kz.

«Ішпейді, шекпейді, жақсы жігіт» деп құрбылары барынша көндіруге тырысқанмен, Айсұлу жүрегіне әмір жүргізе алмаған. Қаламаймын, — деген. Бұдан кейін оңтүстіктің жігіті Айсұлудың құрбыларымен бірге жоспар құрып, оны алып қашуға бел буған. 

«Ауылға туыстарымның үйіне барып келдім. Келген соң, сол жігітпен көрісуге тағы ұсыныс жасады. Жоқ дедім. Сонда құрбыларым бір туған күнге шақырды. Сол жерден мені алып қашып кетті. Телефонымды тартып алып, мал сияқты тиеп, бірден Оңтүстікке алып кетті», — деп еске алады Айсұлу. 

Бұл — 2009 жылы болған оқиға. Айсұлу сол күнді өкінішпен еске алады. 

«Орамалды алып тастадым. Аттасаң болмайды, деді. Көнбей, кетіп қалдым. Ата-анама хабарласқан жоқпын. Таксиге отырып, Алматыға жеткен соң ақшасын беремін деп келістім», — дейді Айсұлу. 

Бойжеткен сол шақта өзін алып қашқан жігіт пен оның отбасын сотқа беремін деп қорқытқан. Қыздың көнбейтінін білген олар ақырында Айсұлуды босатқан. 

Ағайын-туыстың сөзінен қорыққан Айсұлу ақырында бұл туралы анасынан басқа ешкімге тіс жарып айтпаған. Бүгінде жасы 29-да, әлі тұрмыс құрмаған. Сөзіне қарағанда, бойында ер адамдарға деген үрей сезімі бар. Ер азаматтармен танысудан қашады екен. 

 

 

 

 

stan.kz