Мал бір жұттық, жерге егін егіңіздер: Депутат малы қырылған халыққа ақыл айтты
Парламент мәжілісінің депутаты Ерлан Саиров халықты малға қарап отыра бермей, жерді игеруге де көңіл бөліп, егін салуды үйренуге шақырды.
«Қазақстанның кейбір өңірлерінде малға жем-шөп жетпей, мал қырылып қалды. Қазақ мұны «жұт» дейді. «Мал бір жұттық» деп Ата- бабамыз айтып кеткен.
Әлихан Бөкейханов 20- ғасырдың басында «қазақ малмен отыра бермей, жерді тырмалауды үйренуі керек» деп үндеу жасаған.
Расында, мал шаруашылығының жерді өндеуден рентабельдігі төмен.
Біздің ұлтқа өмір укладын өзгерте отырып, жермен айналысуға да көңіл бөлу керек.
Мал мен жерді тырмалауды қатар алып жүрсе, пайдасы мол болары сөзсіз.
Ол үшін мемлекет жағдай жасауы тиіс.
Малдың жем-шөп базасын зерттейтін, сараптайтын, практикалық ұсыныстар әзірлейтін ғылыми-зерттеу жұмыстары өте маңызды!
Бір ғана мысал. Израиль деген шынашақтай мемлекет бар, территориясы Тарбағатай ауданынан кішкентай, жері мүлдемге құнарсыз, су жоқ. Сол Израильдің ауылшаруашылық (суармалы) өнімі жылына 5 млрд доллардан асады.
Судың бір тамшысын 5- пайдаланады, өйткені, су тапшы.
Салыстыра кетейік, жалпы Қазақстанның ауылшаруашылық ( осыншама территориясын) өнімі 1 млрд долларға жетпейді.
Су демекші, Қазақстанда су тапшылығы анық сезілуде. Ертіс азайып келеді, Балқаш таязданып кетті. НАСА агенттігі, жапондар Балқашқа байланысты бұрыннан дабыл қағуда, біз үнсізбіз. Оңтүстік өңірлерде су ресурстары сарқылып болды.
Бұл мәселені кешенді қарастыратын уақыт жетті!
Қазірден мелиорация жұмыстарын жаңа әдістермен жүзеге асырып, су ресурстарын үнемді пайдалануға көшу жоспарын жасау керек.
Су үшін көрінбейтін күрес қазірдің өзінде жүріп жатыр. «Біз жеңіп жатырмыз» деуге негіз жоқ.
Су болмаса, малға жем-шөп дайындау, адамға азық-түлік беру мәселесі тұйыққа тіреледі.
Ойланатын, терең, ең маңызды мәселе!!» деп жазды Ерлан Саиров.