Мал бағасының қымбаттауы кімге тиімді?

0

Елдегі ағайын нәпақасын сы­нық­сүйем арттыратын Арқадағы соғым маусымынан қаражат тауып қаламыз ба деп, екі қолын ысқылап дәмеленіп отыр. Енді қайтсін, күндіз-түні мал соңында жүрген соң көл-көсір, қи­сапсыз бейнеттерінің зейнетін көруі керек-ақ. 

Бағаның шарықтап тұрған жері – облыс орталығы. Ел кезіп, қоңды, семіз әрі арзан малды іздеп тауып қалаға жеткізетін, содан соң сәтімен саудалайтын делдалдардың қойған бағасы жұмсартып айтқанда, күйіп тұр. Сере қазы шығатын бесті биелеріңіздің бағасы денесінің ірілігіне қарай 430-450 мың теңге төңірегінде. Әрине кез келген адамның етке қанша аңсары ауып, тәбеті шауып тұрса да, мұндай жылқыны жалғыз өзі жығып ала алмайтыны белгілі. Ілкідегі қазақтың «жылқының еті жесең тісіңе, жемесең түсіңе кіреді» деп тәмсіл айтатын тұсы дәл осы жерге дөп келетіндей. Жылқының өтімді тұсы – торқалы той, топырақты өлім. Көкшетауда соңғы жылдары жаназаға екі, әйтпесе үш жылқы сою үрдісі етек алып кетіп еді. Сатарманның айтқан бағасын суырып беріп, қып-қызыл бәсекеге түсетін қазақы дархандықтың, бәлкім жалған намыстың игілігін саудагерлер көріп келді. Үстіміздегі жылдан бастап бұрынғы бар мүшесін түгендеп астау-астау ет тарту Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы мен жергілікті ардагерлер ұйымдарының, ел ағаларының атсалысуымен сап тыйылмаса да, біртіндеп икемге келе жатыр. Яғни, дәл бұрынғыдай аста-төк ысырапқа, бей-берекет рәсуаға жол жоқ. Ендігі арада етті турап әкеледі. Сәл тарата кетелік, ірі жылқыдан мүшелегенде 24 табақ ет шықса, турап табақ тартқандардың айтуына қарағанда, бір жылқының еті 55-60 табаққа еркін жетіп қалады. Бағаның көтерілуіне себеп болып тұрған осы бір жай жайлап тізгін тартты. Ал екіншісіне, яки той атаулыға әзірге тоқтам жоқ. Бар қазынасын тойға шашуға жинайтын халықтың қалтасында қаражаты болмаса, несие алып той жасаудан тайынбайтын дарақылық шеңбері далимаса, тарылған жоқ. Жылқының өтімді жері де осы. 

Екі елі қазы еркін шығатын құнан-байталдардың күйіне қарай баға­сы да әрқилы. Бірақ 350-360 мың теңгеден төмені жоқ. Тай ба­ға­сы да 250 мың теңгеге же­тіп қалған. Тек семір­­тіл­­меген, та­­­бын­да жүрген мал ғана арзан. Мә­­се­лен, тайды ел ішінде 160-170 мың теңге­ге алу­ға әбден бо­лады. Бірақ оны семір­ту­дің өзі бір жүк. 

– Бірер қара­сының беті­не қа­­рап отырған ауыл тұр­ғын­­да­ры­ның өз малын өз­дері бұлдап сата алмауы үлкен мә­се­ле, – дейді Зерен­­­ді ау­­да­­ны­­ның тұрғыны Қанат Балтабаев, – бір жыл­қы­ны се­­мір­ту үшін кемінде екі ай уа­қыт керек. Осы уақыттың ішінде ірі жыл­­­қы­­ңыз бір тонна арпа жей­­­ді. Биыл жем­­нің бағасы да жылдағыға қара­­­ған­да қымбаттау. Мә­­се­лен, арпа­­­­ның бір тоннасы 40 мың теңгеден асып жығылады. Борда­­­қыға бай­­ла­ған мал жем ғана же­мейді ­ғой, шүй­­гін шөп те қажет. Тірке­­­ме­сі 35-40 мың теңге. Енді осы­­ның бәрін қос­саңыз, жылқы баға­­сы аспан­­дамағанда қайтеді. 

Ет бағасының қым­­бат­­тауы мал басы­­­­ның азаюы­нан емес, қазір ел ішін­­де төрт түліктің қа­ра­мы бұр­­­нағы жыл­дармен са­лыс­­­тыр­­­ғанда әжеп­­тәуір көбейген. Ба­ға қым­бат­тауы екі ортадағы дел­дал­­­дың, яки алыпсатарлардың тәбе­­ті­нің тым ашылып кетуінен шы­­ғар. Мә­селен, сиыр еті облыс орта­­­лы­­­­ғын­дағы базарларда әр келісі орта­ша бағаммен алғанда 1500-1800 теңгенің аралығында. Енді осы арада жыл он екі айғы бейнеті ақталмай жатқан ауыл тұрғын­да­рының неліктен көлденең көк ат­тыға жем болып отырғандығын таратып айта кетелік. Біріншіден, шалғайдағы шағын ауылдың тұр­ғын­дары облыс немесе аудан орта­лы­ғына мал өнімдерін әкеліп сата алмайды. Оның бірнеше себеп­тері бар, алдымен құжат жинау ма­шақаты, екіншісі, көліктің жайы. Бар қиындыққа бел буып келе қал­са, базардан орын алудың өзі, оның тәртібін түсінудің жайы жүйкесін жүндей түтеді. Осы мәселені бір ізге түсіріп, жөнге қоямыз деп талпынған Көкшетау қалалық әкімдігі арнайы коммуналдық базар да ашқан. Бірақ сол базарда қазір ауылдың аңқау қазағы емес, қу сүйектен бір табақ қуыр­дақ шығаратын саудагерлер сың­сып тұр. Олар ауыл қазағын кеуде­сі­нен әрі итеріп, етегінен бері тар­тып, бұл жерге кіргізбейді де. Өйткені қауып қалуынан қана­ғаты көп, «осыған да шүкір» деу­ден жаңыл­майтын ауылдағы аға­­йын базар­да­ғы баға­ны түсіріп жіберуі де ық­ти­мал. 

Барын баға­лап, базарға шыға­ра ал­­маған бей­қам жұрт малын қора­сынан сату­ға мәжбүр. Жем бола­тын жері де осы. Бұрын сауда­­гер атау­­лы таразыдан жей­ді дейтін, қазір таразыдан же­мей­ді, шалғай­дағы шағын ауыл­дар­да тыпыр­ла­ған тірі малды құлағынан басып әке­ліп өлшейтін таразы да жоқ. Әл­де­қашан металл жинайтындар сыпырып-сиырып өткізіп жібер­ген. Ендігісі көзбен нобайлау. Күн сайын мал сойып жүрген, қай мал­дан қанша ет шығатынын саудагер атаулы жазбай таниды. Ал жылына бір-екі рет мал сататын ағайынның тәжірибесі кем. 

– Қара малдың етін шамамен килосын 1000 теңгеден тапсырамыз, бәлкім одан да кем, – дейді Сарыбұлақ ауылының тұрғыны Дәуітбай Ғабиденов.

– Жол жаман болған соң мал алушылар сирек келеді. Ай аралатып келетін алып-сатарларды көргенде, туысыңды көргендей қуанасың. Қаншаға алса да сол келгенінде тапсырып жіберуге ұмтыламыз. 

Ауылдағы ағайынның бұл ние­тін де түсінуге болады. Баға­сын қымбаттатып, бұлдап сатамын деп шіреніп отырудың өзі қып-қызыл шығын. Семіртілген мал­дың қоңын жұқартпай, қора­сын­да ұстап отыруы үшін тағы қан­шама жем-шөп керек. Оның үс­­­тіне даланың қасқыры мен адам­­­ның қасқыры көздерінің сұ­ғын қадап отырған жоқ па?

Рас, ауыл еңсесін көтеруге ұм­тыл­ған талпыныс аз емес. Мем­лекеттің талай-талай тиімді бағ­дар­ламалары түзіліп, жақсы жа­ңа­­лық­­тан құлақтанған ел қуанып, мал басын көбейтіп-ақ жатыр. Ен­ді­­­­­­гісі сол малдың игілігін көру. Ол үшін ең алдымен ауыл тұр­­­ғын­­­­дары өздерінің ақ адал малын өз баға­сына сатып, пайда­сын өз­­де­рі көр­се болғаны. Ел ішін­дегі әлеу­меттік-тұрмыстық жағ­дай­дың жақ­­сар­уы­­­­на бұл да бір себеп. 

– Мен мал бағасы өссе қуа­на­тын едім. Шы­нын айтқанда, ауыл тұр­­ғын­­дары мал сүмесімен күн кө­р­іп отыр ғой. Пы­шақ кө­те­ре­тін екі-үш қарасын немесе бірер жыл­­қы­­­сын сатса, бір миллионға жуық табыс түседі. Он екі айға бөліп жіберсеңіз, айлығы 80-90 мың теңге­­ден шығып қалмай ма. Бірақ ең өкі­ніш­тісі, соған қолдары жет­пей отыр, – дейді Көкшетау қа­ласының тұр­ғыны Есенбай Жа­паров, – табыс баққандікі емес, ебін тапқан­дікі болған соң бер­е­кесі қожы­рап тұрғандығы жа­­­ныңа батады. 

Демек, ендігі арада облыс орта­лы­ғын­да ауыл тұрғындарының жәрмеңкелерде, базарларда мал өнімдерін сату жолдарын жеңіл­дету қажет. Арнайы дүкендер ашыл­са. Сонда ғана мал баққан малсақ қауымның өз қолдары өз ауыздарына жетіп, масайрайтын күн туады. 

Байқал БАЙӘДІЛ,

«Егемен Қазақстан» 

Ақмола облысы