Макс Боқаев: Назарбаев демалсын!

0
883

Жанболат Мамай LIVE парақшасында 2016 жылы жер мәселесі бойынша 5 жылға бас бостандығынан айрылған Макс Боқаевпен онлайн сұхбат өткізді. Оппозиционер Назарбаев, Рысқалиев, Қажыгелдин және басқалар туралы ашық пікірін білдірді. Бұл туралы ORDA. редакциясы хабарлайды.

Оппозиционер қойылған шектеулер оның азаматтық белсенділігіне ешқандай кедергі келтіре алмайтынын айтты. Боқаев тіпті түрмеден де қорықпайтынын жеткізді.

«Маған қойылған шарттарды бұзатын болсам түрмеге отырғызамыз деп айтты. Отырғызыңыздар! Түрме мен үшін қорқатын жер емес. Түрмеде де отырып өз пікірімді айта беремін. Маған шектеу жоқ. Төрт жарым жыл не үшін отырдым? Бостандыққа шыққан соң үндемей жүру үшін отырған жоқпын».

Белсенді алаңға шығудағы басты себептің бірі – дербес партиялардың сайлауға қатысуын қаматамасыз ету мәселесі дейді. Бұл Боқаев үшін өзекті мәселенің бірі.

«Мен шамамен 3 ай бұрын Жанболатпен хабарласқанда ол өзінің партиясын құрғанын айтты. Жанболаттың және басқа партияларды тіркемесе, менде алаңға шығудан басқа амал жоқ. Егер партияларды заң талаптарына сай тіркесе, мүмкін мен тынышталармын».

Макс Боқаев түрмеден шығуға мүмкіндіктер болғанын айтады. Оның айтуынша Ұлттық Қауіпсіздік Комитеті оны бостандыққа шығаруға дайын болған.

«Талғат екеумізде де бір апта отырып, шығып кетуге мүмкіншілік болды. ҰҚК адамдары үш рет келіп кетті. «Қателестік» деген сөзді жазсақ бостандыққа жіберетіндерін ескертті. Әрине біз жаз дегенді жазып, бостандықта үндемей жүре бере алатын едік. Мен төрт жарым жыл бойы кейін бостандыққа шыққанда өзімнің бастамамды жалғастырып, пікірлерімді айту үшін отырдым».

Сұхбат алушының «халық шеруге шыға ма?» деген сұрағына белсенді толық сеніммен жауап бере алмады. Оның жауабында халықтың не үшін шығуы керек екендігіне ғана екпін жасалды.

«Жұрт шыға ма, шықпай ма оны мен айта алмаймын. Біздің халық ешкімнен кем емес. Бізде басқа елдер сияқты адамбыз. Халық шығып, өз ойын айта алады деп сенемін. Бізге өзгеріс керек, бізге даму керек деп талаптарын қойып шығуы әбден мүмкін. Биыл мораторийдің мерзімі аяқталады. Мемлекет жерді жалға беруге қайта кірісіп кетуі де мүмкін. 25 жылдың өзі көп мерзім. Қазақстанның қазіргі жағдайында бұл өте қауіпті. Жерді жалға алған инвестор оны қандай жағдайда қалдырып кететіні белгісіз».

2016 жылы 24 сәуір күні билікке қойылған талаптар туралы белгілі болды.

«Митингтен кейін қарар қабылданды. Қарарда қойылған талаптардың біреуі де орындалмады. Мысалы, талаптардың ішінде жаңадан жер кодексі керек деген пункт болды. Жер иеленушілердің толық тізімін жариялау пункті болды. Қазақстандағы әскери, сынақ полигондарын жабу керек деген талап та болды. Сондықтан алаңға шығып ең болмаса 2016 жылы қойылған талаптарды орындату керек».

«Бүгін қаншама халық жапа шегіп жатыр. Егер қазір тіл табыспасақ болмайды. Келесі қадам азаматтық соғыс. Бізде азаматтық соғыс болмаған. Енді қалғаны қолымызға қару алып бір-бірімізді ату»

Тоқаевтар отбасы туралы да пікірталас жүргізілді.

«Атырауда 2013 жылы газеттен оқығанмын. Тоқаевтың баласы Атыраудан кен орынын алған. Ондай жерді жай адамға бермейді. Мысалы менің әкем 42 жыл мұнайшы болып жұмыс істеген адам. Қарапайым адамдарға қанша жерден жақсы маман болса да кәсіп басқару берілмейді».

Назарбаевке қарсысыз ба деген сұраққа Боқаев күтпеген жауап қайтарды.

«Бізге ұлттық мұра керек, ұлттық диалог керек. Назарбаев деген кісінің  жасы 81-де. Менің әкемнің құрдасы. Ол кісі демалсын. Мен ол кісіні қудалау керек, соттау керек деп айтпаймын. Қазақстандағы басты бейне қазір Тоқаев. Тоқаев Атырауға келсін, Қажыгелдин, Әбіләзов та келсін».