Макронды мазалаған мәселе | «Айқын» газеті
Францияда 17 қарашадан бастап жанармай бағасын көтеруге қарсы наразылық акциялары жалғасып жатыр. 300 мыңға жуық халықты қамтыған шеру бейбіт басталып, соңғы үш апта ішінде полициямен қақтығыстар орын алған. Салдарынан, жүздеген адам жараланып, 4 адам қаза тапқан. Франция билігі жанармай бағасын көтеру туралы заңға 6 айға мораторий жарияланатынын мәлімдеді.
Халық неге наразы?
Президент Эммануэль Макронның француздар көлігіне жиі тұтынатын дизель бағасын жаңа жылдан бастап өсіру туралы ұсынысынан кейін наразы халық әлеуметтік желілерде топтарға бірігіп, қала көшелеріне шыққан. Францияда жүргізушілер көлігінде ұстауға міндетті «сары күрте» наразылық шеруінің негізгі атрибутикасы деп таңдалды. Үстіне бірдей киім киген шерушілер наразылық акциясына «сары күрте кигендер көтерілісі» деген атау берді.
Жанармай бағасының өсуі оған үстелетін жаңа салыққа байланысты. Әдетте белгілі өнімдерге қойылатын салықтан жиналған қаржы қоғамдық мәселені шешуге бағытталады. Бұл жолы Франция үкіметі дизель салығын экологиялық таза көлік түрлері мен баламалы энергия көздерін дамытуға жұмсамақ. Өткен жылы 23 пайызға қымбаттаған дизель бағасы 2019 жылы тағы көтерілсе, орта тап пен халықтың кедей бөлігі қиын жағдайда қалуы мүмкін. Өйткені қала орталығынан алыс тұратын көп адам күнделікті жұмысқа жету үшін көлігін пайдаланады.
Сары күрте киген кімдер?
ВВС тілшісі Люси Уиллиамстың айтуынша, наразылық шеруінің ресми көшбасшысы жоқ. Оны белгілі бір саяси партия не одақ ұйымдастырмаған. Сарапшылар қала көшелеріне шыққан азаматтарды «Үнемі өсіп отырған міндетті төлемдермен қатар, бюджетін қалыпты ұстауға күресіп келе жатқандар» деп сипаттайды. L’Humanité басылымы «шерушілердің өмір салты, көзқарасы ұқсас» деген баға беріп, «күнделікті өмірінде көлікті көп пайдаланатындар үшін жанармай салығы төзімнің соңғы шегі болды» деген оймен бөліседі. ВВС тілшісі алаңдарда болғандар туралы «қаржы мамандығы бойынша магистрант, ажырасқан, жалғыз ұлы бар жұмысшы еркек, зейнеткер мен көлік фабрикасының қызметкері» деп баяндайды.
Наразылық шерулері
Facebook парақшалары мен онлайн чаттар арқылы басталған. Әлеуметтік желілер арқылы петицияға қол қою, үндеулер мен акцияларға шақыру азаматтардың дүкендер мен жанармай бекеттерінде кездесіп, топтасуына ұласқан. Наразылық шеруіне азаматтар мүмкіндігіне қарай жұмысқа дейін не кейін, демалыс күндері не қызмет орнын тастап қатысқан. Жергілікті халық шерушілерге тамақ, ақша мен өзге де керек жабдықтар беріп, көмектескен.
Президенттің халыққа өкпесі
Шерушілер негізінен «Макрон отставкаға кетсін!», «Макрон – ұры» деген плакаттар ұстап, автокөлік жолдары мен жанармай бекеттеріне кіреберістерді жауып, көлік қозғалысын тоқтатқан. Париж орталығында полициямен текетірес басталып, азаматтардың бір бөлігі құқық қорғау қызметкерлеріне қарсы әртүрлі заттар лақтырған. Бірқатар ғимарат пен көлікке зақым келіп, «Салтанат» аркасына үкіметке қарсы мәтіндегі графити салынған. Президент сарайына бет алуға бекінген шерушілерді тоқтату үшін полиция көзден жас ағызатын газ бен суды қолданған. Сондай-ақ бірқатар азаматтар тұтқынға алынды.
Эммануэль Макрон жанармай бағасына қосылатын салық туралы ұсынысын: «Біз баламалы энергияға инвестиция құю үшін осындай қадамға баруымыз керек», – деп түсіндірді. Президент жоспары бойынша 2022 жылға қарай Франция көмірге негізделген стансаларын толық жауып, атом энергиясына тәуелділіктен құтылуы керек. Наразылық акциясы кезінде орын алған құқықбұзушылық фактілеріне қатысты Макрон: «Мен зорлық-зомбылықты қабылдай алмаймын. Мемлекеттік қызметкерлерге қарсы күш қолданылғанын, «Салтанат» аркасына зақым келтірілгенін және жаяу жүргіншілер мен журналистердің өміріне қауіп төнгенін ештеңе де ақтамайды», – деген пікір білдірді. Президент қоршаған ортаны қорғау бастамасына қосылып, бірақ жанармай бағасын көтеруге қарсылық білдіретін азаматтарды сынады. «Дүйсенбі күні табиғатты қорғау туралы пікірде болып, сейсенбі күні дизель бағасының өсуіне қарсы шеруге қатыса алмайсыздар», – деді ол.
Мәселе жанармайда ғана ма?
Дизель бағасының өсуіне қарсылықпен қатар білім жүйесінің реформасын қолдамайтын студенттер, жедел жәрдем жүргізушілері, өмір сүруі күннен-күнге қымбаттап бара жатқанын алға тартқан тұрғындардың наразылығы да байқалған. Бірақ аталған топтар өздерін «сары күрте кигендер» қозғалысына жатқызатыны, не бөлек наразылық акциясын ұйымдастырып отырғаны белгісіз. Шерудің орталықтандырылған жүйесі, нақты көшбасшысы болмағанына қарамастан, бүгінге дейін наразы халық билікке 40-қа жуық талап қойып үлгерді. Олардың ішінде зейнетке шығу жасын азайту, ең төменгі зейнетақы мөлшерін арттыру, басқа салықтар бойынша өзгерістер енгізу сияқты ұсыныстар бар. Жанармай бағасына салық қосу туралы шешімді қарастыру уақыты 6 айға шегерілетіні жөніндегі хабардан соң халық басқа реформалар мен өзгерістерді сұрай бастады. Шерушілердің айтуынша, Эммануэль Макронның сайлауалды бағдарламасында өмір сүру деңгейін көтеретін экономикалық реформа жүргізу туралы уәде болған. Бірақ бір жылдан артық уақыт ішінде халық ешқандай оң өзгеріс байқамағанын айтады. Францияның қоғамдық саясат институты 2018-2019 жыл бюджетіне жүргізген зерттеуінің қорытындысы кедей таптың табысы төмендейтінін, орта тап қаржылық қиындықтар сезінетінін, ал 1 пайыз шамасында бай азаматтарға ештеңе әсер етпейтінін көрсеткен.
Билік неден қауіптенеді?
Макрон министрлер кабинетімен шұғыл жиын өткізіп, Парижде наразылық шеруінен зардап шеккен орындарды аралады. Полицияның мәліметінше, ел астанасында 100 адам жарақат алған, оның 23-і – қауіпсіздік қызметкерлері. 400 азамат тұтқынға алынған. Париждегі басқа да тарихи нысандар мен туристік орындарды қорғау үшін қосымша әскери күштер тартылатыны хабарланды.
Франция билігі алдағы демалыс күндері наразылық акциялары қайта өршуі мүмкін деп қауіптенеді. Сондықтан Эйфель мұнарасы мен Париждегі көп дүкендер, туристік орындар уақытша жабылған. Премьер-министр Эдуард Филип сенбі күні бүкіл Франция бойынша 89 мың полиция қызметкері кезекшілік атқаратынын мәлімдеді. Оның айтуынша, мұндай ерекше қауіпсіздік шарасы 1968 жылдан бері алғаш рет қолданылып отыр.
Негізінен билік халықты кінәлаған жоқ. Ресми тұлғалардың пікірі тәртіпсіздіктерді радикалдар мен Макронның саяси қарсыластары ұйымдастырған деген пікірге саяды. Elabe агенттігі жүргізген сауалнама сайлауға баратын әр төрт азаматтың үшіншісі наразылық акцияларын қолдайтынын, ал билікке қарсылық шеруіне қатысқандардың жартысына жуығы 2017 жылғы президент сайлауында Эммануэль Макронға дауыс бергенін көрсеткен.
2017 жылы сайлауда 66,1 пайыз қолдауға ие болып, Марин Ле Пенді жолда қалдырған Макронға қарсы халық наразылығының оның саяси карьерасына қалай әсер ететіні әлі белгісіз. Оның босқындарға қонақжайлық танытқаны үшін неміс халқының ашу-ызасын шақырған Ангела Меркельдің канцлер қызметіне қайта тағайындалғаны сияқты билік тізгінін қолында қалдыруы да, өзін қолдайтын халықтың сенімінен шыға алмауы да әбден мүмкін.
Динара Тілеубек