МакГрегордың жүрісін салған бала — Қазақстан жаңалықтары

0

Жуырда барлық әлеуметтік желілерде ирландтық әйгілі күрескер Конор МакГрегордың жүрісін салған кішкентай балақайдың видеосы таралып кеткен еді. Ал жауап ретінде миллиондардың пірі атанған МакГрегор қазақ баласының әлгі видеосын өзінің Инстаграм парақшасына жүктеп, астына «О, жасаған! Мына бала миллиардтаған доллар тұрса керек» деп жазба қалдырды. Айта кетсек, спортшы өзінің жүрісін «Миллиардерлердің жүрісі» деп атап кеткен. Stan.kz тілшісі кішкентай Әли Таланттың отбасымен хабарласып, әлемге танылған балақай туралы егжей-тегжейін білген еді.

МакГрегордың жүірісін салып танылған Әли Талант Бакытжанұлы Қызылорда қаласының Караөзек ауылында 2013 жылы дүниеге келген. Қазір жасы — бесте.

Тхэквандомен айналысқанына 7айдай болған балақай осы аралықта бес жарысқа қатысып, барлығынан жүлделі қайтқан. Облыстық жарыстан 3 рет жеңімпаз атанып, Алматы қаласында өткен республикалық жарыстан да жеңіспен оралды.

— Соңғырет халықаралық жарыстан орын алды, — деп жас спортшының әкесі Бақытжан Әли мақтанышпен айтады. — Ертең Түркістан қаласына жарысқа барғалы жатыр.

Әкесінің айтуынша, Таланттың кішкентайынан спортқа жақын екенін отбасы бірден байқаған.

— Маған спортқа апаруын өтінді, мен ол ойын қолдадым. Себебі ұлыма сендім. Соның нəтижесінде қазір танымал болып жатыр, Аллаға шүкір.

Талантты танымал қылған оқиға Мұсахан Қалмахановты Еске алу құрметіне тхеквандодан өткен Халықаралық турнирде орын алған екен. Ол видеоны бапкер ағайлары Инстаграмға салып, содан таралып кеткен.

— Жарыстан 5 күннен кейін Конор өз парақшасына салыпты, оны маған азанда ағайлары звандап айтты, ұлыма айтып едім, ол қатты қуанды. Конордың жанкүйері болатын. Соның видеоларын қарайтын. Мен неге Конорды таңдадың дегенімде, ол «Басқалардан ерекше» деп жауап берді, — дейді Бақытжан. — Жарысқа шықанда біраз қарсыласын уақытынан бұрын жеңіп, видеоға да түсіріп үлгермей қалған кездер болған.

Қазір Қызылорда қаласында «Нұр-шұғыла» бақшасына баратын Талант биыл мектеп табалдырығын аттайды екен. Сабағын да жақсы оқиды, түрлі іс-шараларға белсенді қатысады. Бос уақытында спортпен айналысып, шахмат, футбол ойнағанды ұнатады.

Бақытжан Әлидің айтуынша, Таланттың пародиясы МакГрегордың парақшасындағы ең көп қаралым мен комментарий жинаған видеоға айналған.

Талант өз болашағын спортпен байланыстыруды армандайтынын айтпаса да түсінікті. Ол үйдің үлкені екен, отбасында тағы екі бауыры бар. Аяжан есімді қарындасы да ағасының ізін қуып, биыл тхэквандоға бармақшы. 

Талантың видеосы таралғалы, отбасына хабарласып, отандық арналар бағдарлама түсірілімдеріне шақырып жатқан көрінеді. Таланттың Инстаграмдағы парақшасына да жазылушылар көбейген. 

-Таланттың осы видеосынан кейін көп баланың спортқа деген қызығушылығы оянып,  ата-аналары «Талант қайда қатысады? Біз де баламызды бергіміз келеді» деп сұрап жатады. — Гүлмырза Мажиков, Ербол Бейсенбай, Нурлыбек Сухан, Акежан Ертаев есімді баламның бапкерлеріне шексіз алғысымызды білдіреміз, — деп ағынан жарылды балақайдың әкесі. 

Ал бір күнде бүкіл әлемге танылған Таланттың қуанышында шек жоқ көрінеді.

— «Мені енді бәрі тани ма? Конор менің ағам екенін бәрі білді ма, әке?» деп қуанады балам, — дейді Бақытжан мырза. 

Айта кету керек, жазбаны 3,3 миллионнан астам адам көрді.  



stan.kz