МакГрегорды жеңген файтер турнирден бас тартқандықтан қазақ жігіті UFC-де қарсылассыз қалды — Спорт

0

Жеңіл салмақта M-1 Global ұйымының бұрынғы чемпионы Дамир Ысмағұлов UFC-дегі алғашқы жекпе-жегінде қарсылассыз қалды, — деп хабарлайды Vesti.kz порталы Fightnews.info басылымына сілтеме жасап.

Ысмағұлов бұл промоушенде 2 желтоқсанда Аустралияда өтетін UFC Fight Night 142 турнирінде алғаш жұдырықтасады. Мұның алдында оның қарсыласы Джозеф Даффи болатыны айтылған еді, алайда ирландиялық жарақат салдарынан кездесуден бас тартты.

Дегенмен UFC ұйымдастырушылары Ысмағұловты кардтан алып тастамай, оған қарсылас іздеп жатыр.

Ресей тумасы, этникалық қазақ Дамир Ысмағұлов карьерасында 27 жекпе-жекте жеңіске жеткен (9 нокаут) және екі рет жеңілген. Ал Даффи бір кездері отандасы — екі салмақта UFC ұйымының бұрынғы чемпионы Конор МакГрегорды 38 секундта жеңгенімен белгілі.

Айта кетейік, ұйымның бұл салмақтағы қазіргі чемпионы — ресейлік Хабиб Нурмагомдеов.

Мұның алдында Дамир Ысмағұловтың UFC ұйымымен келісімшартқа отырғаны жайлы хабарланған болатын.