Македония парламенті ел атауын өзгерту туралы келісімді мақұлдады

0

Македония парламенті елдің жаңа атауына байланысты конституцияға енетін түзетулерді мақұлдады. Солтүстік Македония республикасы атты жаңа атауды 120 депутаттың 81-і қолдаған. Енді оны Грекия парламенті де мақұлдауы тиіс.

Грекияның премьер-министрі Алексис Ципрас және Македония үкіметінің басшысы Зоран Заев 2018 жылы маусым айында Македонияны Солтүстік Македония республикасы деп атау туралы келісімге қол қойған.

Македония премьер-министрі Зоран Заев (сол жақта) пен Грекия премьер-министрі Алексис Ципрас.

Македония премьер-министрі Зоран Заев (сол жақта) пен Грекия премьер-министрі Алексис Ципрас.

Бірнеше айдан соң Македонияда референдум өтіп, тұрғындар “Македония мен Греция арасындағы келісімді қолдай отырып, елдің Еуроодақ пен НАТО-ға мүше болуын қолдайсыз ба?” деген сұраққа жауап берді. Дауыс берушілердің 90 пайызы келісімді қолдағанына қарамастан референдум нәтижесі жарамсыз деп танылды, себебі референдумға тұрғындардың қатысу көрсеткіші өте төмен болған (50 пайызға да жетпеген).

1991 жылы Югославия тарағаннан кейін Македония тәуелсіздік алған. Сол кезден бері Македония атауына байланысты Грекиямен дау жалғасып келеді. Ресми Афины Македония – Грекияның солтүстігіндегі өлкенің бағзы заманнан бергі тарихи атауы деген уәжді алға тартады. Грекия билігі соған байланысты көрші елмен территориялық дау туындауы мүмкін деп қауіптенеді. Атаудан шыққан дауға бола Грекия НАТО мен Еуропа Одағына мүше болуға ниетті Македониямен ол жөнінде келіссөздер өткізуге тосқауыл қойып келген.

Жұма күні Грекия астанасына барған Германия канцлері Ангела Меркель Грекиямен келісімге келген Македония парламентінің шешімін қолдайтынын айтты.

Дереккөз: Азаттық