«Майталман маньяк, дипломы бар педофил, текті елден шыққан террорист… «

0

«Ат қадірін білмесең, жаяушылық берер жазаңды» деген рас-ау…

Бойжеткен қызға орамалды орайластырып бере алмап едік, жалаңаш тәніне сәукеле киіп, ортаңғы саусағымен орыныңды көрсетіп, зәлім сөздерімен зәрін шашқандарды төрімізге шығардық.
Заң бар, заңгерлер бар…
Ел бар жерде дауыс бар, ер бар жерде намыс бар, бұл да шешілер…
Тентек тәубесіне келіп, тезге салынар…
Ары қарай не болады? Арсыздың соңы осы ма? Әлде, көрер «қызығымыз» алда ма?

Меніңше, енді басталып жатқан секілді.
Бүгінде біреудің дәретxанада отырып жазған постына, сәждеде жатып, пана сұрайтын жағдайға жеттік…
Не десек те, қазір аласапыран ақпараттың уақыты. Сана үшін соғыс жүріп жатыр. Теxнология алға қарыштап, адамшылығымыз ізіне ілесе алмай келеді. Құндылықтар сәт сайын құрбандыққа шалынуда. Ел-жұрттың екі көзі экранда (көшедегі LED экраннан бастап, алақандағы смартфонға дейін).
Ақпараты толық адам — бақайшығына дейін қаруланған баһадүр. Бірақ ол барлық пенденің құзырындағы «батпан құйрық» емес. Санаулы топтар мен алпауыт елдер ғана билігін жүргізіп, бүйірін шығаратын мүмкіндік. Қалған ел қара топан ақпарат ағынының астында өзінің қайда екенін, мақсаты мен мұратының қайда екенін ажырата алмастан астан-кестен, қым-қуыт күйде жөңкіліп бара жатыр…
«Адамзатты сөз бұзады, тау мен тасты жел бұзады!»
Үстін-үстін берілген үздіксіз ақпарат пенденің ойландырмай, қорыта тоқып, зерделеуге де мүмкіндік бермейді, керісінше, теледидардың арналарын тоқтаусыз ауыстырып көзің шаршағандай сан түрлі тақырыптағы самсаған жаңалықтардың басын біріктіре алмай, қысқа күнде құлазыған шаршауға шалдықтыруда. Көп жаңалық білгенмен көңіліңде сәуле жоқ, жылдам ақпараттанғанмен берекелі болып жатқан шаруа жоқ. Майталман маньяк, дипломы бар педофил, текті елден шыққан террорист…
Осының бәрі ненің жемісі..?
Ақпарат таратуда жамандықтың жолы болып жатқандығының белгісі…
Сел жүрген өзенде қақ айрылған қабат-қабат мұздар бір-бірінің үстіне шығып, шақыр-шұқыр еткен дыбыстан жан түршігіп, ыңырана, аударылып-төңкеріліп, ауыр қозғалған жал-жал мұздардан жүрек тіксінетін еді ғой, қазіргі ақпарат әлемінің көрінісі дәл сондай…
Адам да өзгерген, амал да өзгерген…
Бала да өзгерген, сана да өзгерген…
Анасының омырауынан ажырамаған сәбиге смартфон ұстатсаң, әп-сәтте ішіне еніп, қалаған файлын ақтара бастайды…
Өтірігі қайсы, шыны қайсы, сараптап үлгермейсің, уатсабтан шырылдап келіп, шыбын жаныңа тыныштық бермейтін хабарламалар, жан түршігер жаңалықтар, парықсыз «приколдар»…
Жасқа қарасаң сыбай-сылтаң, кәріге қарасаң ыржаң-тыржаң…
Құндылығы құлдырап, түсінігі түпкілікті өзгеріп жатқан Адами-зат қана…
Ұшқан құс, жүгірген аң, құрт-құмырсқа, баршасы жаратылғалы бергі заңдылығын бұзған жоқ. Соны тірлік, сол жүйе…
Ал, енді таңдау еркіндігі берілген, ақыл-санаға арқа сүйеген, өркениет жасап, ғылым дамытқан біз ғана қырғи-қабақ, қым-қуыт, сұм-сұрқия, сұп-суық боп, дүниенің дидарын дүрбелеңге толтырып жатқан. Ұлы кең шалбар кигісі келмейтін, қызы сәби сүйгісі келмейтін үрдіске де үйрендік. Пендені бұзатын пиғыл, пиғылды бұзатын ақпарат.
Күніне үш мезгіл тамақ ішпеген кезде де, ғарышқа самғап ұшпаған кезде де, сәт сайын селфиге түспеген кезде де адамзат бақыттың дәмін сезініп, бір-біріне қайырымдылық көрсетіп, тағдырына риза болғанын тариxтан оқып отырмыз.
Ал, енді бүгін он екі мүшесі бүтін пенденің зар еңіреп, тепсе темір үзетін жігіттің алақан жайып, ұрпағы бар қарттың жалғыздықтан жабырқап, желкілдеген жеткіншектің өзіне-өзі қол жұмсауы- көз көріп, бой үйреніп жатқан қорқынышты құбылыс. Бұрындар жүз жылда болатын үрдістер он жылда орын алып, он жылда болатын өзгерістер жыл айналмай жаңалықтан естіліп жатады.
Таң атады, күн батады…
Көбік тектес көп шаруа біткенмен, сығып алғанда түйіні түймедей ғана. Ілгерідегі ақсақалдың бір ауыз сөзімен бітетін дау, бүгінде бірнеше ток-шоуға жүк болып, ондаған мақалаға арқау болады. Оның өзінде, бәрібір күрмеуі толық шешілмей, күлдібадаммен көмескі тартқан күйі ұмытылады…
Ақпарат көбейгенмен азайған проблема жоқ. Жедел ақпарат жеткенмен қолма-қол шешіліп жатқан сұрақ жоқ. Тек, алаң-құлаң еткен ағайын, көп білетін сияқты көрінгенмен, бір ауыз сөзбен бір туғанының көңілін аулай алмайтын жарымжан тыңдарман, қомпылдақ көрермен…
Ақпарат көбейген сайын қағыс есту мен қате түсіну азаймайды. Бүгінгі ең үлкен қасіретіміз де осында…
Әлеуметтік желі — әріп танығанның мінбері, тілі бардың трибунасы болып тұр. Сөзің еркін, ойың азат болғанға не жетсін. Әркім аузына сыйғанын айтып жатыр. Ешкімнің аузына қақпақ болмаймыз. Әйтсе де…
Ақпарат — дән! Дән пікір болып бас көтереді… Пікір бағытты, бағыт мұратты айқындайды. Мұратың — өмірің, өмірің — тағдырың! Жұрттың жүрегін кім жетелеп, санасына баттиған ізін кім салып отыр? Өкінішке қарай, дуалы ауыздар дыбыс шығарамын дегенше, бейпіл ауыздар білгенін айтып үлгеруде…
Соның соңы; экрандағы бетпақ бойжеткен, қылымсыған «жігіт», шешінген шеше, боялған бет, тоналған тек…
Әйтеуір, жанталасып, бір жаққа асығып, бір-бірін таптап бара жатқан жұрт…
Өркениетке, ғылым-білімге, парасат, кісілікке болса қанекей…
Өкінішке қарай, пайда, мақтан, қулық пен сұмдыққа құладындай ұштық…
Құдай қайырын берсін!
Қырық жыл қырғын болса да, ажалды өледі! Бұдан да өтерміз.
Алты тараптан анталап жауған ақпараттың емес, алты құрлықтан адамшылықтың үлгісі паш етілетін күнге Алла аман жеткізгей!

Мұхамеджан Тазабек

«Қамшы» сілтейді