Майлы дақылдар өндірісі: Күнгей мен көлеңке

0

Егістік көлемінің артуына бай­­ланысты соңғы уақыт­та елімізде өндірілетін май­лы дақылдар мен оны өңдеу көлемі­нің артқандығы байқалуда. Бұл жайында Астанада өткен Қазақ­станның «KazOil 2017» алғашқы халықаралық май-тоңмай конференциясында мәлім болды. Конференция­ға Қазақстандағы майлы дақылдардың ірі өндіру­ші­лері мен қайта өңдеушілері, сон­дай-ақ әлемнің 19 елінен (Ресей, Украина, Қытай, Иран, Пәкі­стан, Швейцария, Ұлыбри­та­­ния, Германия, Дания, Италия, Пол­ьша, Болгария, Балтық ел­дері және басқалар) келген бірқа­тар мүдделі шетел компания­лары­ның өкілдері қатысты.

Соңғы 5 жылдың ішінде Қазақ­­стан астық өндіруші мемлекет ретінде майлы дақылдар өн­ді­рі­сінің көлемін белсенді түр­де арттыруда. Егістік алқабын әртараптандыруға және майлы дақылдар өндірісін субси­дия­лауға бағытталған мемле­кет­тік саясат осы сектордағы им­порт­тың үлесін азайтуға және отандық өңдеу саласын дамы­туға алып келді. Атап айтсақ, 2017-2018 жылдардағы маусым­ара­лық қорытынды бойынша май­лы дақылдар өндірісінің көлемі 1,9 млн тоннаны құрап, ре­корд­тық деңгейге жеткен. 

Бұл көр­сеткіш 2016-2017 жыл­дар ара­лығындағы орташа көлем­нен 27 пайызға жоғары.  Сондай-ақ Қазақстанның майлы дақылдарды өңдеу секторы да өсу үстінде. Жыл қорытындысы бойынша күнбағыс дәнін өң­деу көлемі рекордтық межені бағындырып, 485 мың тоннаны құраған. Өткен маусымның көрсеткішінен 36,6 пайызға асып түскен. Осы­ның ішінде күнбағыс майының таза өндірісі 203,7 мың тоннаны құрапты.

Отандық сарапшылар да елі­міз­дің майлы дақылдар өндірісінде бірқатар жағымды өзгерістердің қалыптасып келе жатқандығын атап көрсетті. Мәселен «СЖС Казахстан Ltd» БК» ЖШС бизнесті дамыту жөніндегі менеджері Жандос Есмағұлдың айтуынша, 2018-2019 жылдардағы маусым аралығында Қазақстанның күнбағыс дәнін экспорттаудағы әлеуеті 300 мың тоннадан асып жығылады. Күнбағыс негізінен еліміздің Шығыс Қазақстан және Павлодар облыстарында жақсы өседі. Міне, осы облыстардағы артық өнімдерді Қытай, Иран, Өзбекстан елдеріне жөнелтуге болады. Ж.Есмағұл күнбағыс дәнін осы көлемде экспорттаудың ішкі рынок үшін қаупі жоқ екендігін айтты. Өйткені елімізде жылма-жыл кем дегенде 750-800 мың тонна күнбағыс дәні өн­діріледі. Дегенмен Шығыс Қазақ­стандағы май айыратын өң­деу­ші өнеркәсіптің өкілдері үстіміздегі жылдың наурыз айында «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасына Қытайдың күнбағыс дәнінің әр тоннасын сатып алу үшін 320 доллар көлемінде баға белгілегендігін, ал өздерінің әр тонна үшін 63-82 мың теңге ғана ұсына алатындықтарын, сондықтан елімізде өсірілетін күнбағыс дәнінің бәрі шетке кетіп, отандық өңдеу өнеркәсібінің шикі­затсыз қалуы мүмкін екен­дігін айтып, шағым жолдаған. Демек, бұл мәселені мемлекеттік органдар, «Атамекен» ҰКП және кәсіпкерлердің тиісті бір­лес­тіктері үнемі бақылауда ұста­ма­са, кезіндегі қанттың аяқ астынан қымбаттағаны секілді, өсімдік майының жетімсіздігі немесе күрт қымбаттауы жөнінде төтенше проблемаға тап болуымыз әбден мүмкін.

«Қазақстанның май-тоң май одағы» ассоциациясының прези­денті Константин Невзоров­тың айтуынша, еліміздегі майлы дақыл­дарды өңдеу өнеркәсібінің қуаты 2,6 млн тоннаны құрайды. Оның ішінде құрал-жабдықтары ескір­ген кәсіпорындардағы жиын­т­ық қуат – 1,5 млн тонна, жаңа құ­рал­дармен жабдықталған зауыт­тар­дың жиынтық қуаты – 1,1 млн тонна. Осы кәсіпорындар қа­­жет­­ті шикізатпен өздерінің жиын­­тық қуаттарының 31 пайызы дең­гейінде ғана қамтамасыз етілген. 

«Елімізде ірі кәсіпорындар ғана ескі құралдармен жұмыс істеп келе жатқандарына қарамас­тан өз қуатының 95 пайызын, тіпті 100 пайызын пайдаланып отыр деп айта аламыз, ал жаңалары­на шикізат жетпей отыр. Бұдан туа­тын қорытынды, май айыратын шағын зауыттарда сапа мен өңдеудің өзіндік құны жоғары, бірақ олардың шикізат үшін төлем төлеу қабілеттері төмен. Ал ірі зауыттарда өнімнің өзіндік құны төмен, шикізат сатып алу үшін ұсынатын бағалары жоғары болып отыр» дейді ол. 

Сарапшының айтуынша, қазір өнімді толық ассортиментте және сапалы етіп өңдеуге отандық шикізаттың тапшылығы бөгет болуда. Бірақ майлы дақылдарды өндірушілер өз өнімдерін сыртқа сатуға әуес. Өйткені олар жақсы баға ұсынып отыр.

«Қазақстанда бір жылдан екін­ші жылға ауысқан кезде өнім­дердің үлкен көлемі қалыптасады. Оны аман-есен сақтап, іске жара­ту­дың мүмкіндігі жоқ. Өйт­­кені сақтау алаңдары тапшы. Оның үстіне, еліміздің солтүстік өңірлерінде майлы дақылдар егіс­тігін арттырудың жақсы мүм­кін­діктері қалыптасуда. Ауыл шаруа­шылығы министрлігі осы жайтты ескере отырып, 2030 жылға таман майлы дақылдар егістігінің көлемін 7 млн гектарға дейін арттыруды көздеуде» дейді сарапшы.

Басқа да сарапшылардың пікірінше, Қазақстанға майлы дақылдар егістігінің көлемін арттыру түбінде пайдалы болып шығуы тиіс. Өйткені әлемде бұл өнімге сұраныс арта түспек.

«Екі-үш жылдан кейін әлемдік нарықта өсімдік майы, оның ішінде күнбағыс пен рапс майлары қымбаттайды. Бағаның өсетіні айдан анық, себебі әлемде пальма майының өндірісі азайып келеді. Пальма майының бағасы өте арзан және оны техникалық мақсатта жиі қолданады», деді «Сингента Қазақстан» ЖШС менеджері Олжас Тұрсынқұлов.

Оның айтуынша, соңғы бес жылда Қазақстан майлы дақыл­дарды егу алқабын 5 есеге ұлғайт­қан. «Қазіргі уақытта 3 млн гектар жерге майлы дақылдар егіледі. Әсі­ресе зығыр мен күнбағыс өсі­ру­ге ерекше көңіл бөлінуде», деді ол. 

Әлемде өсімдік майларына сұраныстың артуына байланысты оның өндірісінің де артатын түрі бар. Мәселен International Grains Council (Халықаралық астық кеңесі) аға талдаушысы Питер Клаб 2019 жылдың соңына дейін майлы дақыл өндірісі 60 пайызға ұлғаятындығын айтады. Оған дамушы нарықтарда, әсіресе Қытайда ет өнімдерін пайдалану көрсеткішінің қарқынды өсуі түрткі болмақ. Ал ет өндіру үшін малға құрамында протеині мол майлы дақылдар қажет. 

Сондай-ақ биоотын өндірісінің арта түсуі де майлы дақылдарға деген сұранысты жоғарылатқан. Сарап­шының айтуынша, халық­аралық нарықта, әсіресе сояға деген сұраныс жоғары. Қазіргі күні майлы дақылдардың әлемдік саудасының 55 пайызын осы соя өнімі, 22 пайызын рапс, 5 пайызын күнбағыс дәні құрайды.

Олжас Тұрсынқұловтың ай­туын­ша, Қазақстан бүгінде 360 мың тонна өсімдік майын өн­дірсе, оның 349 мың тоннасы ішкі на­рық­ты қамтамасыз етуге жұм­са­лады. Ал сарапшы Жан­дос Ес­ма­ғұл елімізге майлы дақыл­дар­ды экспорттағаннан гөрі дайын майды экспорттаған тиімді екен­дігін ескертті. «Қазір Қазақ­стан­да шы­ға­рылатын өсім­дік майларына Қытай мен Ираннан басқа Еуро­па ел­дері де қызығушылық таны­та бас­тады. Бұл жерде әңгіме өнім­ді ал­ғаш­қы өңдеуден өткізіп алу ту­­ра­­лы болып отыр. Содан ке­йін өнім апарылатын еліне жеткізіл­ген­­­нен кейін дұрыстап тазартылып, терең өңдеуден өтеді» дейді ол.

Демек ендігі кезекте майлы дақыл өндірушілер мен олардың өнімдерін пайдаланатын май өңдеушілер проблемаларын бірге қарастыра отырып, бір-бірімен тығыз байланыста және кешенді түрде шешкен жөн. 

Міне, осы мәселенің өзі-ақ даму­дың экстенсивті арнасынан ин­тенсивті арнасына қарай көш­у­ді талап етіп отырғандығы түсінікті.

Сұңғат ӘЛІПБАЙ,

«Егемен Қазақстан»

Дереккөз: http://egemen.kz/