Майкл Флиннің үкімін жариялау кейінге қалды

0
59

АҚШ президенті Дональд Трамптың бұрынғы ұлттық қауіпсіздік мәселелері жөніндегі кеңесшісі Майкл Флиннің үкімін жариялау кейінге қалды. Оның ісін қарап жатқан федералдық судья Эммет Саливан желтоқсанның 18-і күні Флиннің қорғаушыларының бұл туралы өтінішін қанағаттандырған.

Сот отырысы кезінде судья Саливан: «Сіз Отаныңызды саттыңыз деуге болады» деп мәлімдеген Флиннге. «Сіз АҚШ президентінің ұлттық қауіпсіздік жөніндегі кеңесшісі қызметін атқара жүріп тіркелмеген шетелдік агент болғансыз» деген судья.

2017 жылы желтоқсанда Майкл Флинн 2016 жылғы қарашадағы АҚШ президенті сайлауы мен онда жеңіске жеткен Дональд Трамптың 2017 жылы қаңтарда өткен инаугурациясына дейінгі кезеңде Ресейдің АҚШ-тағы елшісі Сергей Кислякпен байланыстары туралы басшылықты хабардар етпегені үшін кейін АҚШ президентінің ұлттық қауіпсіздік жөніндегі кеңесшісі қызметінен кетуге мәжбүр болған. Ол өтпелі кезеңде Ресей елшісімен байланыстары жөнінде АҚШ Федералдық тергеу бюросына жалған мәлімет бергенін мойындаған болатын.

​Экс-кеңесшінің адвокаттары соттан Майкл Флиннге Трамптың серіктері мен ресейлік шенеуніктер арасындағы ықтимал байланысты тергеу ісін жүргізіп жатқан АҚШ арнайы прокуроры Роберт Мюллердің жетекшілігіндегі топқа жәрдемдесуін жалғастыруға мүмкіндік беруін сұраған. Бұған дейін арнайы прокурор Мюллердің тобы Флиннің тергеуге болысқанын айтып, соттан оған кешіріммен қарауды өтінген.

АҚШ президентінің ұлттық қауіпсіздік бойынша кеңесшісі болып небары 24 күн істеген отставкадағы генерал Майкл Флинн 2017 жылы ақпанның 13-інде қызметінен кеткен.

Арнайы прокурор Мюллердің командасы бұған дейін АҚШ-тағы сайлауға Ресейдің ықтимал араласуын тергеу барысында жалған мәлімет бергені үшін бірнеше адамға айып таққан.

Жуырда президент Трамптың бұрынғы заңгері Майкл Коэн АҚШ Конгресіне жалған мәлімет бергені және президент сайлауы кампаниясы кезінде бірнеше әйелге ақшалай төлем жасап, заң бұзғаны үшін айыпты деп танылып, сот үкімімен үш жылға бас бостандығынан айырылған.

Трамптың сайлау штабының бұрынғы жетекшісі Пол Манафорттың ісі бойынша қазір тергеу жалғасып жатыр. Оған күмәнді қаржыны заңдастыру мақсатында астыртын сөз байласу, АҚШ билігін алдау, шетелдік агенттер тіркеуі туралы заң талабын бұзу және куәгерлерді сатып алу тәрізді айыптар тағылған. Алайда бұл айыптардың Трамптың 2016 жылғы сайлау кампаниясына қатысы жоқ, Манафорт Украинада бұрынғы президент Виктор Януковичтің мүддесіне жұмыс істеген кездегі әрекеттері үшін айыпталған.

Арнайы прокурор Роберт Мюллер тобының АҚШ сайлауына Ресейдің ықтимал араласуы ісі бойынша тергеу жүргізіп жатқанына бір жылдан асты. Америка барлау қауымдастығы Ресей 2016 жылғы АҚШ президенті сайлауында Республикалық партияның кандидаты Дональд Трамптың бәсекелесі Демократиялық партия өкілі Хиллари Клинтонға қарсы жұмыс істеп, сайлауға киліккен деп санайды.

Мәскеу бұл айыптауларды жоққа шығарады.

Дереккөз: Азаттық