Майғазиев және Мыса… Халық алдында «елім-жерім» деп, былай шыға «некрасивый движение» жасайды

0

Пандемия кезінде Шымкентте Наурыз мейрамын тойлауға бюджеттен қыруар қаржы (565 млн тг) бөлінгенін білесіздер. Сол ақша ауаға кетті ме, қалтаға кетті ме? Жұмбақ күйінде қалды. Бұл дауға қатысы бар Сәкен Майғазиев мәдениет үйін «тастап қашты».

Былтыр ақын Мақпал Мыса да індет өршіп, халық парацетамол таппай көше кезіп кеткенде 1 сағаттық шығармашылық кешіне 28 млн теңге шығындаған еді. Өз есебінен емес, сіз бен біздің салығымыздың есебінен. Сонымен, Сәкен мен Мақпалдың бюджеттен қаржы алып, өткізген іс-шаралары елге не берді? Елдің ашуын тудырғаннан басқа ештеңе берген жоқ.

Жобаларды, оған жұмсалатын қаржыны ойлап тапқан адамдар да, оны «шырайын шығарып» игеруге құлшынып тұрған пәндәлар да «мына жағдайда елден ұят емес пе» деп өз-өздеріне сұрақ қоймағаны қынжылтады. Ал олардың айналасындағы мәдениет майталманы деп әспеттеп жүрген азаматтардың «мемлекет ақшасын рационалды жұмсайық» деп ақыл айтпағаны тіпті масқара ғой.

С.Майғазиев, М.Мыса сияқты ел алдында «елім-жерім» деп жүрген танымал адамдардың «некрасивый движение» жасағаны одан да сорақы дер едім. Бұлар сөйтсе, қалғаны не істемейді?! Бірақ бұлардың мұрты да қисаймайды… Сөйткен ақын Мәжіліске барды. Сәкен әнін салып жүре береді…

Жалпы, осы уақытқа дейін, мәдениеттегі іс-шараларға тиімділігі мен мән-маңызына қарай ақша бөлуді мәселе етіп көтерілмегенінің өзі көп жайттан хабар береді. Яғни бұл салада шын жанашыр азаматтар жоқтың қасы деген сөз. Сондықтан, спорт саласына ғана емес, мәдениет саласына да реформа жасалуы керек.

Сөзімді әдемі ақынның «әдемі» өлеңімен аяқтаймын:

Жаза қойман мен сірә саясатпен,
Шіреніп жүре алмаспын зор атақпен.
Махаббатпен бастадым жырларымды,
Аяқтағым келеді парасатпен.

(М.Мыса)

 

Дәурен Сейтжанұлы, Facebook парақшасынан