Махаббат бақаны құтқарады
Джоанна КЛЕЙН,
«Нью-Йорк Таймс»
Ромео – Сехуенка су бақасы. Бұған дейін ол өз түрлерінің соңғысы деп есептеліп келген. Ол Боливиядағы Museo de Historia Natural Alcide d’Orbigny музейінде аквариумде жалғыз өмір сүреді. Алғаш рет Ромеоны 10 жыл бұрын тауып алғанда сол аймақтағы бақаларға саңырауқұлақ ауруы қауіп төндіріп тұрған еді.
Зерттеушілер оны музейдің көбейту және қорғау орталығына әкелгеннен кейін тағы бір бақаны тауып, оларды сақтап қалудан үміттенген болатын. Олар өзен бойын шарлап, түк таппады. «Әлемдегі жалғыз бақа» атанған Ромеоға «қалыңдық» керек еді. Сондықтан былтыр табиғат қорғаушылар Match.com сайтында оған арнап аккаунт ашқан еді. Адамдар Ромеоның махаббат әлегін жақсы түсінді. Ақыры өткен жылғы Валентин күнінде Ромеоның Джульеттасын табу мақсатында компания мен бақаның жанкүйерлері экспедиция үшін 25 000 доллар жинап берді.
Әлбетте, Джульетта табылды. Енді Ромео бойдақтықтан құтылады. Табиғат қорғаушылардың үміті қайта оянды. Екеуін кездестіргенде бәрі ойдағыдай болса, олардың балалары табиғатқа жіберіледі. Ал бақалардың одан кейінгі өмірі қалай болатынын уақыт көрсетеді.
Былтыр экспедиция жолға шыққанда, тарихи деректердің көмегі тиген жоқ. Боливиядағы Сехуенкас ауданы жойылып кетіп, оның орнына алып су қоймасы салынған. Жергілікті гидтер команданы тұщы ағыстарға апарды. Бір кездері бақа түрлері мыңғырған өзен жағасы бүгінде мүлгіген тыныштыққа оранған. Ал Ромеоның ағайындары ешқашан судан шықпайтын ерекшелікке ие.
Іздеу жұмыстары суыққа, ылғалға, қиындыққа қарамастан жалғаса берді. Қас қарая бастағанда зерттеушілердің үміті үзіле бастаған-тұғын. Бірақ соңғы жылғаны тексеріп көруге бел байлады. Осы арада музейдің герпетологисі Тереза Камачо Бадани сарқырамадан суға секіріп түскен бақаны байқап қалды. Ол жәндік түскен жерге жүгіріп барып, суға сүңгіп, Сехуенкас су бағасын алып шықты. Джульетта табылды! «А, құдай! Таптым оны» деп айқай салды ол. Команда мүшелері кейінірек осы арадан тағы бір аналық және үш аталық бақаны кезіктірді.
Джульеттаның жағдайы жақсы болғанына қарамастан, Ромеомен жолыққанға дейін оны карантинге қойды. «Алғаш кездесуден кейін Ромеоның ауырып қалғанын қаламаймыз», дейді доктор Камачо Бадани. Джульетта табиғатта өскен, күш-қуатқа толы әрі Ромео секілді камераға қамалған емес. Алайда екеуі де құрттарды жақсы көреді. Егер осы арқылы олар тіл табысып кетсе, команда Ромео мен Джульеттаның балаларын тұмса табиғатқа жіберуге ниетті. Әйтсе де, әуелі зерттеушілер бақалардың дені сау болуын қадағалап, саңырауқұлақ ауруына қаншалықты төзімділік танытатынын анықтау керек.
Доктор Камачо Бадани ғашығын іздеп жалғыз жүргендерге айтатын өсиеті бар: «Соңы бақытты аяқталатын іздеу жұмысын ешқашан тоқтатпа».
Дереккөз: http://egemen.kz/