Мағжанның «Түркістанында» неге  Қожа Ахмет Яссауи жоқ?

0

Қазақ поэзиясының жарық жұлдызы Мағжан Жұмабаевтың 1923 жылы жазылған атақты «Түркістан» өлеңі Алаш баласының бәріне мәлім десек артық айтпаймыз. Бұл ғажап өлең Мағжанның Шығыстық өлеңдерінің шыңы, Тұрандық өлеңдерінің туы! Дәл осы өлеңі Мағжанды «түрікшілдікпен айыптатып, пан-түркизмді жырлаушы» деп жауларының қолына сойыл-шоқпар ұстатқан туындысы.

Мағжанның «Түркістаны»  нағыз тұраншылдық пен түрікшілдіктің асқан үлгісі, ақынша айтсақ, күн астында көк түріктен асқан халық жоқ. Жерін, суын, құмын, елін, желін, шөлін, көлін, тауын, өзен-бұлағын  асқақтата жырлайды. Нағыз отаншыл өлең осындай-ақ болсын!  Ақын осы өлеңінде Тұраннан шыққан түркі халқына ортақ тарихи қайраткерлерді көкке көтереді. Санайықшы: Афрасияб,  Кей-Қысырау, Зұлқарнайын, әл-Фараби, Ибн-Сина, Шыңғыс хан, Жошы, Шағатай, Төле, Үкітай, Сұпытай, Жебе, Тарағай, Ақсақ Темір, Ұлықбек, Қасым хан, Есім хан, Тәуке хан, Абылай хан, Кене хан.  Былайша айтқанда, кім жоқ дейсіз? Бірақ… Мағжанның «Түркістанында» неге  Қожа Ахмет жоқ? Отаншылдығы оттай жылытатын, көркемдігігі  келісті осы өлеңдегі  аталған тарихи тұлғалардың ішіне ұлы ақын Арыстан Баб пен Қожа Ахметті кіргізбеген.  Неге? Не себепті? Өлеңнің аты Түркістан болса, түркі мәдениеті мен тарихында ерекше орны бар Қожа Ахметсіз Түркістан  –  Түркістан бола ма?! Ұлы ақын, сопылық поэзияның түркілік тармағының негізін салушы, күллі күншығыс мұсылмандарының рухани ұстазы болған ұлы ойшыл, діни қайраткер Әзірет Сұлтанға Мағжан өлеңінен  орын табылмауына не себеп? Ойландыратын-ақ мәселе.

         Әлде, Қожа Ахметтің түрікшілдікке қатысы жоқ па? Қатысы болғанда қандай! Қожа Ахмет –  тұраншылдыққа, түрікшілдікке тікелей қатысы бар адам. Сопылық тарихаттың  алғаш түркілік бұтағын қалыптастырған және шығармаларын тұңғыш  рет түрік тілінде жазған ойшыл. Қожа Ахмет Яссауи XII ғасырдың басында өзінің алғашқы шәкірттерін түрік әлемінің түрлі қиырларына аттандырады. Қызынан туған өзінің жиенін Ахмет Сопыны  – Қайалыққа, Хәкім ата Сүлеймен Бақырғаниды Үргеніш қаласына жібереді. Ахмет Яссауидің сыбайластары мен шәкірттері: Хәкім ата және Саид Ата өз шейхтарының рухани әдісін Сырдария мен Жайық бассейндеріне, Хорезмде және тіпті Шығыс Түркістанға таратты. Яссауи ілімінің таралу процесі Орталық Азияның далалық аудандарын исламдандырумен қатар жүреді. Қожа Ахмет Яссауи өмір сүрген кезде оның шәкірттерінің арасында 12 мың таңдаулы және 99 мың қарапайым халықтан шыққандар болған деседі. Оның Яссы қаласында 40 ханака-шіллеханасы ( сопылық үшкіруге оқытатын 40 күндізгі курстардан өтуге арналған арнайы оқу орны) болыпты, онда түрік әлемінің әр түкпірінен келген көптеген зерттеушілер оқыған. Түркия түріктері кезінде Константинополь (Стамбул) қаласын жаулап алғандар  осы Қожа Ахметтің Кіші Азияға аттандырған шәкірттері болғанын мақтан тұтады.  Ендеше Қожа Ахмет Яссауи – Мағжанның ең басты кейіпкері болатындай-ақ адам емес пе!

…»Мағжанның атылуына осы «Түркістан» өлеңінің үлкен қатысы болған» дейді зерттеушілер. Әлде… әулие рухы ақынға  ренжіді ме екен?..

  Төреғали ТӘШЕНОВ

 

«Қамшы» сілтейді