Мағжан Жұмабаев «Қазақ тілі», «Мен кім?» өлеңдері
Сабақтың мақсаты:
а) білімділік: оқушыларға Мағжан Жұмабаевтың өмірі, шығармашылығы, «Қазақ тілі», «Мен кім?» өлеңдері жайлы толық мәлімет бере отырып, олардың ой — пікірін қалыптастыру.
ә) дамытушылық: ой — өрісін, ойлау белсенділігін, сөйлеу шеберлігін, тіл мәдениетін дамыту, сөздік қорын молайту, шығармашылық ізденіске баулу.
б) тәрбиелік: елін, жерін, Отанын қадірлеуге, адамгершілікке, адалдыққа, еңбексүйгіштікке тәрбиелеу.
Сабақтың түрі: шығармашылық сабақ.
Сабақтың әдісі: түсіндіру, суреттеу, салыстыру, сұрақ — жауап, сөздікпен жұмыс, бағалау, бекіту, қорытындылау.
Сабақтың көрнекілігі: көркем әдебиеттер, бейнелі суреттер, бүктемелер.
Сабақтың формалары: жеке баламен, топпен, сынып ұжымымен жұмыс жүргізу.
Сабақтың типтері: ұйымдастыру кезеңі, үй тапсырмасын сұрау, жаңа сабақты түсіндіру, бекіту, бағалау, қорытындылау,
Сабақтың барысы:
а) Ұйымдастыру кезеңі.
1. Сәлемдесу.
2. Кезекші мәлімдемесі.
3. Журнал бойынша түгендеу.
4. Жаңа сабаққа дайындық.
ә) Үй тапсырмасын сұрау.
1. А. Байтұрсынұлының өмірі, шығармашылығы жайлы сұраймын.
2. Қалаған өлеңін жатқа сұраймын.
3. Қосымша сұрақтар қою арқылы өткен тақырыпты қорытындылаймын.
4. Оқушылардың берген жауаптарына қарай білімдерін бағалаймын.
б) Жаңа сабақты түсіндіру.
1. Мағжан Жұмабаевтың өмірі мен шығармашылығы туралы ақпарат беру.
Бүгінгі жаңа сабақта оқушыларға Мағжан Жұмабаевтың өмірі, шығармашылығы, «Қазақ тілі», «Мен кім?» өлеңдері жайлы түсіндіремін.
Қаршадайынан зерек, Шығыс, Батыс әдебиетін еркін игерген Мағжан қазақ поэзиясына балғын шағында — ақ ерекше, аса талантты болмысымен келді. Қазақ ауыз әдебиетінің тұнығына қана отырып, жарқ етіп шыққан Абай поэзиясын өзіне мектеп етті.
Мағжан — ұлтын тереңнен сүйген ақын. «Адам, — дейді ол, — шын адам боламын десе, халық ісі, халық пайдасы жолында құрбан бола білсін». Ақынның өзі де осы ізгі мақсаттың құрбаны болды.
«Қазақ тілі», «Мен кім?», «Мен жастарға сенемін» сияқты азаматтық лирикаға жататын қуатты жырларды мол жазды.
2. Өлеңді мәнерлеп оқу.
Қазақ тілі
Күш кеміді, айбынды ту құлады,
Кеше батыр — бүгін қорқақ, бұғады.
Ерікке ұмтылған ұшқыр жаны кісенде,
Қан суынған, жүрек солғын соғады.
Қыран құстың қос канаты қырқылды,
Күндей күшті, күркіреген ел тынды.
Асқар, Алтай — алтын ана есте жоқ,
Батыр, хандар — асқан жандар ұмытылды!
Ерлік, елдік, бірлік, қайрат, бақ, ардың
Жауыз тағдыр жойды бәрін, не бардың…
Алтын Күннен бағасыз бір белгі боп,
Нұрлы жұлдыз, бабам тілі, сен қалдың!
Жарық көрмей жатсаң да ұзақ, кең тілім,
Таза, терең, өткір, күшті, кең тілім.
Тарап кеткен балаларыңды бауырыңа
Ақ қолыңмен тарта аларсың сен, тілім!
3. «Миға шабуыл» әдісі.
1. Қазақ тілі туралы тағы да қандай ақын — жазушылардың өлең – жырларын білеміз.
2. «Жарық көрмей жатсаң да ұзақ, кең тілім»» деп ақын не туралы айтады.
3. Жауыз тағдыр нені жойды?
4. Шығармашылық сәт.
____________ тілім
____________ арнаған
_____________ тілім
____________ тараған
5. Сергіту сәті. Оқушылар орнынан тұрады.
Мұғалім айтқан қимылдарды оқушылар бейнелейді.
1. Арыстанмын
2. Жолбарыспын
3. Көкте — бұлт
4. Жерде — желмін гулеген
5. Көкте – күнмін
6. Жалынмын мен
7. Тұлпармын мен
6. Келесі өлеңді мәнерлеп оқу.
Енді оқушылар Мағжан Жұмабаевтың «Мен кім?» атты өлеңімен танысайық.
Мен кім?
Арыстанмын, айбатыма кім шыдар?
Жолбарыспын, маған қарсы кім тұрар?
Көкте — бұлт, жерде — желмін гулеген,
Жер еркесі — желдің жөнін кім сұрар?
Көкте — күнмін, көпке нұрым шашамын,
Көңілге алсам, қазір ғарышқа асамын,
Шеті, түбі жоқ теңізбін қаракек,
Ерігемін — толқып, шалқып, тасамын.
Жалынмын мен, келме жақын, — жанарсың,
Тұлпармын мен, шаңыма ермей қаларсың.
Күл болсын көк, жемірілсін жер, уайым жоқ,
Көз қырымен күліп қана қарармын…
7. Венн диаграммасы арқылы ортақ қасиетті табу
Бағалау. Оқушылардың жауаптарына қарай білімдерін бағалаймын.
Сабақтың қорытындысы: І. Сабақ соңында сұрақ қою арқылы жаңа тақырыпты қорытындылаймын.
2. Оқушылардың берген жауаптарына қарай білімдерін бағалаймын.
3. Үйге тапсырма: Өлеңдердің қалағанын жаттап келу.
Мағжан Жұмабаев «Қазақ тілі», «Мен кім?» өлеңдері жүктеу
Дереккөз: http://bilimdiler.kz/