Магнитогорскідегі жарылыс бойынша күдікке ілінген қырғыз азаматы ФСБ-ның азаптағанын айтты

0

Ресейдің Магнитогорск қаласында болған жарылысқа байланысты күдікке ілініп, 13 ай абақтыда отырған Қырғызстан азаматы қамау кезінде азаптауға ұшырағанын айтады. 39 адамның өмірін қиған ірі жарылыс 2018 жылы 31 желтоқсанда болған.

30 жастағы этникалық өзбек Хуснидин Зайнабидинов 20 ақпанда Азаттық тілшісіне «кінәсін мойындату үшін» ФСБ («Ресей қауіпсіздік қызметі») өкілдерінің өзін азаптап қинағанын, мұрны мен қабырғасын сындырғанын айтты. Магнитогорскідегі «көпқабатты үйлердің біріне жарылғыш зат қойдым» деп айтқызу үшін олардың электрошокер қолданғанын да жеткізді.

Зайнабидиновтің сөзіне қарағанда, ол жеті ай бойы — ФСБ изоляторында, жарты жыл депортациялық лагерьде қамауда болған. 10 ақпанда жарылысқа қатысы бары дәлелденбегендіктен босатылған.

«Мені ұзақ қинады. Мәскеуге әділет іздеп келдім. [Мені қинаған] офицерлердің жауапкершілікке тартылғанын қалаймын. Қажет болса, Еуропаның адам құқығы жөніндегі сотқа да жүгінемін» деді Зайнабидинов.

Оның айтуынша, мәскеулік құқық қорғау тобы оған құқықтық тұрғыда қолдау көрсетіп жатыр.

Магнитогорск: Көпқабатты үйдегі апаттан қаза тапқандар саны өсті

Azattyq