«Магданыч, мені ұстағаныңмен, қолыңнан ештеңе келмеді». «Охотзоопромның» бұрынғы инспекторымен сұхбат

0

Қазақстанның жануарлар дүниесін қорғаушылар қызмет бабында қаза болмауы үшін не істеу керек? Азаттық тілшісі бұл сұрақты он жылдан астам уақыт «Охотзоопромның» Батыс Қазақстан облысындағы бөлімінің аға инспекторы боп жұмыс істеген Нұрлан Тәжғалиевке қойып көрді. Жыл басынан бері браконьерлермен қақтығыста алған жарақатынан екінші инспектор — Қаныш Нұртазинов қаза тапты. Ақпан айында оның әріптесі Ерлан Нұрғалиев мерт болған еді. Олардың серіктестері ауыр жараланған. Әзірге екі оқиға бойынша кінәлілер жауапқа тартылған жоқ.

Азаттық: Инспектор болып еңбек еткен жылдары көп браконьерге кезіктіңіз бе? Олармен қалай күресуші едіңіз?

Нұрлан Тәжғалиев: «Охотзоопромда» 2003 жылдан 2015 жылға дейін жұмыс істедім. Браконьерлікпен көбіне Жәнібек және Казталов аудандарының (Батыс Қазақстан облысында киіктер осы аудандардың территориясы арқылы көшеді. — ред.) тұрғындары айналысатын. Олар [ресми] еш жерде жұмыс істемейтін. Бірақ жарты жыл сайын көлік ауыстырғандарын көріп, тұрақты табысы барын білетінбіз. Бұл жағдайдан құқық қорғау органдары да хабардар болғанымен, оларды [заңсыз аңшыларды] ұрлық үстінде ұстаған емес.

Ол кезде браконьерлер аз еді. Біз олардың аты-жөніне дейін білетінбіз. Мысалы, Казталов ауданында браконьерлікпен алты адам айналысатын. Мен полиция мен ұлттық қауіпсіздік комитетіне арыз жазып, олардың аты-жөні жазылған тізімді тапсырдым. Соңында олардың ізіне түсіп, ұстап, жауапқа тартты. Ал браконьерлердің ізін жасырумен бізде жұмыс істейтін бір инспектор айналысқан. Ол браконьерлер ұсынған қомақты қаржыдан бас тарта алмаса керек. Осы оқиғадан кейі браконьерлер азайды. Кейін олар Атырау мен Оралдан келе бастады.

Браконьерлер өлтіріп, мүйізін кесіп алып кеткен киік өлексесі. Батыс Қазақстан облысы.

Браконьерлер өлтіріп, мүйізін кесіп алып кеткен киік өлексесі. Батыс Қазақстан облысы.

Азаттық: Ұсталған браконьерлердің бәрі бірдей жауапқа тартыла ма?

Нұрлан Тәжғалиев: Әдетте олардың көлігін тәркілеп, шартты жаза кеседі. Бір браконьердің көлігін тәркілеп, шартты жаза кесіп, 1,2 миллион теңге айыппұл салған. Кейіннен тәркіленген көлікті браконьердің ауласынан көрдік. Жәнібек ауданының (Батыс Қазақстан облысы — ред.) прокурорына барып, «Сот біз ұстаған браконьерге техникасын тәркілеу туралы үкім шығарды, ал оның көлігі әлі үйінде тұр» деп айттым. Оқиғаның қалай аяқталғанын білмеймін. Бірақ жарты жылдан кейін әлгі браконьер жаңа джип көлігін мініп жүрді. Бұрынғы әдетіне басып, аңшылыққа шығып тапқан табысынан алған шығар. Бірақ оны екінші рет қолға түсіре алмадық. Сірә, іс-қимылына сақ болуды үйренген.

Азаттық: Браконьерлердің сізге немесе әріптестеріңізге қоқан-лоқы көрсеткен кездері болды ма?

Нұрлан Тәжғалиев: Тікелей қоқан-лоқы көрсеткен емес. Бірақ пара беруге тырысатын. Ақша ұсынып, үйдің алдына джип әкелетін. Ондай да болған.

Азаттық: Қоғамда «жануарларды қорғайтын инспекторлар арасында жемқор болмаса, браконьерлер азаяр еді» деген пікір бар. Бұл пікірмен келісесіз бе?

Нұрлан Тәжғалиев: Ондайлар болған. «Браконьерлермен байланысы бар» деген күдікке ілінген инспекторларды бірден жұмыстан шығаратынмын. Екі-үш инспекторды осылай қызметінен босаттым. Менен де мүйіз сатуды, киіктердің топтасып жүретін аумағын көрсетуді сұрап, көп ақша ұсынғандар болды. Ақша алған инспектор бір-екі күн браконьерлер киік ататын жерге бармауы керек. Мен бұл ұсыныстан бас тарттым. Басқа инспекторларға «Арларыңды сатпаңдар! Түбінде шындықтың беті бәрібір ашылады. Сол кезде жұрттың бетіне қалай қарайсыңдар?» деп айтатынмын.

Киік лағы. Қарағанды облысы.

Киік лағы. Қарағанды облысы.

Азаттық: Көп ақша ұсынды ма?

Нұрлан Тәжғалиев: 2009 жылы маған 2,5 миллион теңге (2009 жылғы бағам бойынша, шамамен 16,5 мың АҚШ доллары) ұсынып, тәркіленген мүйіздің килограмын 250 мың теңгеден сатуды сұрады. Бізден қорыққан браконьерлер кейде өлген киіктің мүйізін кесіп алып кетуге үлгермейді. Біз бұл мүйіздерді жинап, полицияға өткіземіз. Кейіннен мүйізді өртеуге көштік. Инспекторлармен бірге мүйізді өртеген сәтімізді сурет пен видеоға түсіріп, мүйіздің жойылғаны туралы акт толтыратынбыз. Бұл туралы естіген алып-сатарлар маған келіп, «Сатуға болатын мүйізді өртеп қайтесіз?» деді. Бірақ мен ұсыныстарынан бас тарттым.

Бірде Атыраудан келген броконьерлерді ұстап, олардың көлігінен мүйіз таптық. Олар бізге әуелі ақша ұсынып, кейіннен қорқытуға көшті. «Полицияға тапсырсаңдар, істегендеріңді ұмытпаймыз!» деді. Сөздеріне құлақ аспай, полицияның қолына тапсырдық. Бір айдан кейін сот болып, әлгілер тек айыппұл төлеп құтылды. Дәлелім жоқ, бірақ олар сотқа пара бергендерін айтты.

Киіктің еркегінде ғана мүйіз болады. Ресей.

Киіктің еркегінде ғана мүйіз болады. Ресей.

Азаттық: Бұрын туған жерім Оралда «Киіктің ескі мүйіздерін сатып аламын» деген хабарламалар көзге түсетін.

Нұрлан Тәжғалиев: Мен білетін соңғы деректер бойынша, қазір ескі мүйіздерді қабылдамайды. Браконьерді ұстағаны үшін де сыйақы бермейді. Мұндай жүйені бірнеше жыл бұрын алып тастаған. Бірақ инспекторларға сыйақы беру неге тоқтағанын түсіндірген жоқ. Бюджеттің қысқаруынан шығар деп топшыладық.

Азаттық: Инспектордың жалақысы көп пе?

Нұрлан Тәжғалиев: Он жыл бұрын жақсы жалақы алатынбыз. Қолымызға 100-150 мың теңге (2009 жылғы бағам бойынша шамамен 600-1000 АҚШ доллары — ред.) тиетін. Кейіннен жалақы қысқарды. Қазір ұлым инспектор болып істейді. Айына 65 мың теңге (2019 жылдың тамыз айындағы есеп бойынша шамамен 168 доллар — ред.) жалақы мен іссапар шығынының өтемақысын алады. Бұрын ұсталған браконьердің үстінен қылмыстық іс қозғалса, бізге жақсы сыйақы беретін. Соның арқасында соңғы жылдары киік саны күрт өсті. Бірақ браконьерлікке біржола тоқтау салу үшін, сатылған мүйіздерді шетелге, Қытайға жіберетін жолды жабу керек. Бұл жолдың әлі күнге жабылмағанына қарағанда, оларды ықпалды кісі қолдап, заңсыз айналымдағы ақша мол болса керек.

Азаттық: Инспекторлар қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін не істеу керек?

Нұрлан Тәжғалиев: Инспекторлардың құзыретін кеңейту керек. Оларға көліктерді тексеруге, қару қолдануға рұқсат беру керек. Бұрын біздің қызметкерлер ескерту жасау мақсатында аспанға немесе көліктің дөңгелегіне атып, заңбұзушыларды тоқтата алатын. Қазір «Охотзоопром» инспекторларында қару болғанымен, оны [қаруды] қолдану құқығы жоқ. Инспекторлар тіпті, заңбұзушыларды жеке өздері тұтқындай алмайды. Олар тек браконьерлік фактісі туралы полицияға хабар бере алады. Полиция қылмыскерді ұстап үлгермесе, браконьерлік фактісі дәлелденбеген боп шығады. Кейін инспекторлар браконьер көзге түскен жерге келіп, мүйізі кесілген жануарларды санауға кіріседі. Браконьерлердің қатаң әрі ашық әрекет бастауына осы да себеп болған сияқты.

Браконьерлерге қарсы заңды күшейту керек. Қару қолданған браконьердің мүлкін тәркілеумен қатар, оған түрме жазасын да беру керек. Бірде браконьерді ұстап, полицияға тапсырдым. Бірнеше айдан кейін оны жанар-жағармай бекетінен көрдім. Ол маған «Магданыч, мені ұстағаныңмен, қолыңнан ештеңе келмеді. Миллион теңге айыппұл төлеп, кейін осы айыппұлдың орнын бір сағатта толтырдым» деді.

Республикалық "Охотзоопром" мекемесінің жануарлар дүниесін қорғау жөніндегі инспекторы Ерлан Нұрғалиев (суретте) браконьер қолынан қаза болды. Қарағанды облысы, 19 мамыр 2018 жыл. Фото авторы - Оспан Әли.

Республикалық «Охотзоопром» мекемесінің жануарлар дүниесін қорғау жөніндегі инспекторы Ерлан Нұрғалиев (суретте) браконьер қолынан қаза болды. Қарағанды облысы, 19 мамыр 2018 жыл. Фото авторы — Оспан Әли.

Қазақстан билігі қызмет бабында жүріп қаза тапқан инспекторлар — ақпан айында ауыр соққыдан бас сүйегі зақымданған Ерлан Нұрғалиевты бірінші дәрежелі «Барыс» орденімен, браконьерлер атып өлтірген Қаныш Нұртазиновты екінші дәрежелі «Айбын» орденімен марапаттады.

Шілде айында «Охотзоопром» инспекторы Қаныш Нұртазиновқа шабуыл жасаған браконьерлерді ұстау қалай жүріп жатқаны туралы мәлімет жоқ. Ішкі істер министрі «тергеу құпиялығын» алға тартып, ақпарат беруден бас тартып отыр. Ерлан Нұрғалиевтың өліміне байланысты қозғалған қылмыстық іс бас прокуратураға тапсырылды. Қоғамдық резонанс туғызған іс бойынша күдіктілер бірнеше күн ішінде ұсталған. Марқұмның ағасы Нұрлан Нұрғалиев іс материалдарымен танысқанын, сот процесі жақында басталуы мүмкін екенін айтады. Оның сөзінше, қылмыстық іс бойынша жеті адам жауапқа тартылады. Олардың үшеуіне «кісі өлтіру», төртеуіне «заңсыз аңшылық» баптары бойынша айып тағылып отыр. Бас прокуратура қылмыстық іс өздеріне өткенін растағанымен, істің сотқа қашан берілетінін хабарлаудан бас тартты.

Azattyq