Мадуро ұрлаған ақша Байділдәнің қорында сақтаулы: министрлік жауап берді
Қысқа сілтеме алу
Қазақстан Сыртқы істер министрлігі Нұрлан Байділдәнің Ресей азаматы екенін атап өтті
АСТАНА, 4 наурыз – Sputnik. Қазақстанның сыртқы істер министрі Бейбіт Атамқұлов Венесуэла президенті Николас Мадуроның ақшасы Нұрлан Байділдәнің қорында сақтаулы деген ақпаратқа қатысты түсініктеме берді, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.
Айта кетсек, бұған дейін Bloomberg агенттігі Венесуэла президенті Николас Мадуроның елден ұрлаған ақшасы Nurlan Baidilda Ltd қорында сақталғанын хабарлаған еді.
Нұрлан Байділдәнің өзі БАҚ бетінде тараған ақпаратты жоққа шығармады. Оны саясат қызықтырмайтынын, ең бастысы бизнес екенін жеткізді.
«Бұл ақпарат мүмкін жалған шығар, біз бұл туралы мүлде білмейміз. Оны тіпті тексеру де мүмкін емес. Ол жігіт кім өзі, қайдан шыққан?!», — деді Атамқұлов мәжіліс кулуарында.
Ал министрдің орынбасары Ержан Ашықбаев Нұрлан Байділдәнің Ресей азаматы екенін атап өтті.
«БАҚ-та шыққан ақпарат бойынша аты қазақ болғанымен, азаматтығы – Ресей. Bloomberg агенттігінің ақпараты қаншалықты шындық, қаншалықты жалған екенін нақты айту қиын», — деді ол.
sputniknews.kz