«Мәдина Ералиеваның баласымын деп айтудан ұялатынмын»: Қазақтың Ақ Баянының ұлы анасы туралы еш жерде айтылмаған сырымен бөлісті — Қазақстан жаңалықтары

0

Жақында қазақтың Ақ баяны атанған сыңғырлаған үннің иесі Мәдина Ералиеваны еске алу кеші өтті. Сол кезде ұлы Әрсен анасының тірі кезінде бір сыйлық бере алмағаны үшін әлі де өкінетінін айтқан еді. Артынан Stan.kz ақпарат агенттігінің тілшісіне сұхбат берген Әрсен әлі еш жерде айтылмаған сырларын әңгімелеп, ешбір тұста жарияланбаған анасының суреттерімен бөлісті.

арсен мадина

–    Әрсен мырза, жақында ғана анаңыз Мәдина Ералиеваны еске алу кешін ұйымдастырдыңыздар. Анаңызды соңғы рет көрген кезіңіз есіңізде ме?
–    Иә, анамның еске алу кеші жақсы өтті. Халық та анамның әндерін сағынып қалған екен. Анамды Қызылордаға гастрольдік сапарға шығарып салғанымда оны соңғы рет көргенім екен. Екі жаңа «Нива» автокөлігін өзінің нағашыларына сыйлыққа апара жатқан. Бір қызығы, анамды гастрольдік сапарға өмірі шығарып салмайтынмын. Сол күні неге екені жолға шығарып салғым келді. Көлікпен артынан Сағира тәтем екеуміз жүріп отырдық. Аялдамаға жеткенде анам көлігінің терезесін ашып, қол бұлғап «Ал енді құдайларыңа сыйына беріңдер» деп кете барды. Содан екі күннен кейін 27 қарашада суық хабар жетті. Рамазан айының бірінші күні еді. Анамды жерлеген күні үлкен жапалақтап алғаш рет қар жауды.
–    Алла пендесіне қайтыс боларда сездіреді деп айтады. Сіз анаңыздан сондай нәрселер байқай алдыңыз ба?
–    Соңғы екі жылында анам жиі жалғыз қалатын болып кетті. Түнде жұмыстан шаршап келсе де Медеуге барып қайтатынбыз. Сондағы ағып жатқан суға үнсіз біраз уақыт қарап отыратын. Мен көліктің ішінде анамды күтіп отыратынмын. Қайтыс боларының алдында осыны жиі қайталап кетті. Сол кезде сезіп жүрген болу керек деп ойлаймын. Содан кейін бір жыл бойы күнде ислам діні туралы кітаптар оқып, Құранға жақын болып кеткен еді. Әртүрлі түстер көре бастаған. Түсінде Арыстан баб әулие анама «Мен сені күтіп отырмын, қайда жүрсің?» деп айтыпты. 
–    Ал, сіздің түсіңізге анаңыз жиі кіре ме?
–    Жоқ, анам түсіме кірсе де, өмірде жүрген секілді көремін. Соған қарағанда мені желеп-жебеп жүрген шығар. Бірақ Сағира апайымның түсіне жиі кіреді. Анам қайтыс болғанда 18 жаста едім. Қазір анама сол кезде неге жақсы бір сыйлық сыйламағанмын деп ойлаймын. 8-наурызда ғана гүл сыйлағаным бар. Соны анам мақтанышпен бір жыл бойы айтқан еді. Анама ең үлкен сыйлығым – ол немерелері болған шығар.

мадина Ералиева
–    Балаларыңыз апасы туралы біле ме?
–    Әрине. Үлкен ұлым Әлішер — 14 жаста. Одан кейінгі Ілияс 11-де. Үшінші ұлым Әділ – 7 жаста. Үйде теледидарда анамның әндерін қосып қоямын. Балаларым ұйып тыңдайды. 
–    Анаңыздың жолын балаларыңыз қуа ма екен?
–    Ұлдарым музыкаға қатты жақын емес. Негізі мен әнші болғым келген. Бірақ анам «Әншінің жолы ауыр. Әнші болу ол еркектің жұмысы емес» дейтін. Менің ғалым болғанымды қалайтын. Сол себептен де бала күнімде басқалары далада ойнап жүрсе, мен кітап оқып үйде отыратынмын. Анам гастрольдік сапардан келген сайын өзімен бірге кітапханадан маған кітап ала келетін. Ішіне «Әрсенге мамасынан сыйлық» деп жазып қояды. Ол кітаптар үйде әлі жатыр. 
–    Анаңыз қалағандай ұл бола алдым деп айта аласыз ба? Сенімін қаншалықты ақтай алдыңыз?
–    Жоқ, әлі күнге дейін анамның қалағандай ұлы бола алдым деп айта алмаймын. Бірақ өмірімнің соңына дейін анамның парызын орындап өтемін. Қазір ол кісінің жасап кеткен еңбегін шығарып жүрмін. Оны мен жасамасам да ертеңгі күні халық өзі жасайтын еді. Анам халықтың жадында қалды. Ал мен әлі күнге дейін анамның көлеңкесі сияқты болып жүрмін. Егер Қазақстан үшін бірнәрсе жасап жатсам, онда анамның сенімін ақтай алғаным деп ойлаймын. Өйткені анам мені ел таныған азамат болса деп армандаған. 

Мадина мен ұлы
–    Анаңыз қайтқаннан кейін ғана әкеңіз Болат Атабаевпен араласа бастаған екенсіз. Әкелік қамқорлықты сол кезде ғана көре алдыңыз ба?
–    Қиын болды, әрине. Бірақ жанымда Сағира тәтем болып, қамқорлық көрсетті. Ата-анам менің кішкентай кезімде ажырасып кеткен. Екеуінің арасында болған нәрсеге мен кінәлі емеспін ғой. Бала кезде әкенің қамқорлығын көрмей өскен соң да мүмкін психологиялық қиындықтар болған шығар. Бірақ есейгенде оның барлығы ұмтылады екен. Анам қайтқаннан кейін әкеммен екі-үш жылдай араластық. 2004 жылы үйленгенімде отбасы құру туралы сол кісімен ақылдастым. Одан кейін ол Германияға кетіп қалды. Ең бастысы, әкем немерелерін көре алды.
–    Неліктен бұрыннан араласпай келгенсіздер?
–    Әкеммен араласуға анам рұқсат бермеген шығар. Отбасы болған соң ыдыс-аяқ сылдырламай тұрмайды. Екеуі де сол кезде жұлдыз болды. Бала кезден үйренбеген соң да ол кісінің өзіне «әке» деп қазір де айта алмаймын. Бірақ біз әр тақырыпта әңгімелесе аламыз. Ол кісі маған «Отбасы – ата-анадан да жоғары тұру керек» деп айтқан еді. Бұл дұрыс па, бұрыс па білмеймін. Өйткені ислам діні бойынша бірінші ата-ана маңызды делінген. Алайда әкем солай деді. Бір жағынан қарасаң, кезінде ол кісі бірінші кезекке туысқандарын, содан кейін ғана отбасын қойған ғой. Бірақ өзінің осы шешімін «өмірлік қателігім» болды деп айтқаны бар.   
–    Бірақ қазақтың «Ақбаяны» Мәдина Ералиева мен Болат Атабаевтың ұлы болғаныңызды мақтан тұтатын шығарсыз?
–    Шынымды айтсам, анам кеткеннен кейін ғана Мәдина Ералиеваның ұлы екенімді мақтан тұттым. Өйткені кішкентай кезімде анамның артына кір келтіріп алмауды ойлайтынмын. Мектепте, университетте Мәдина Ералиеваның баласымын деп айтудан ұялатынмын. Себебі достарымның қасында өзімді биік көрсеткім келмейтін. Бұл да мүмкін анамның мені қарапайым етіп тәрбиелегені шығар. Әйтпесе кейбіреулері «бар кезде атыңды пайдаланып қалсаңшы» деп айтып жатады. Бірақ мен ондайға бейім емеспін. Егер сондай болсам онда қазір жоғарыда отыратын едім.

                                                                                                  Сұхбаттасқан Анар Дәукен

 

Ескерту! Эксклюзив материалды көшіріп басу үшін редакцияның хат түріндегі рұқсаты қажет! Хат түріндегі рұқсат берілген жағдайда, эксклюзив материалды жарияланған уақытынан 24 сағаттан кейін ғана көшіруге рұқсат беріледі.

stan.kz