Мәдина Әбілқасымова Ұлттық банк төрағасының орынбасары болды

0

Мәдина Әбілқасымова Ұлттық банк төрағасының орынбасары болып тағайындалды. Бұл туралы Ақорда хабарлады. Сондай-ақ төраға орынбасары қызметі Есжан Біртанов та тағайындалған.

40 жастағы Әбілқасымова Бақытжан Сағынтаев үкіметімен бірге 2019 жылы ақпанда отставкаға кеткен.

Әбілқасымова басқарған еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі астанада уақытша баспанадағы өрттен бір отбасының бес баласы (ата-аналары түнгі жұмыста болған деп хабарланды) ажал құшқан соң сынға қалған.

Мұнан соң Қазақстанның бірнеше қаласында аналар жаппай наразылық танытты.

Олар биліктен көп балалы отбасылар бірнеше апта бойы әлеуметтік қолдауды күшейтіп, балаға төленетін жәрдемақыны көбейтуді, баспана мәселесін шешуді және жеңілдіктер беруді талап етті.

Жаңа министрлер кабинеті жасақтағанда Әбілқасымова ұлттық экономика вице-министрі ретінде үкіметке қайта оралған. Бұл қызметті ол бұған дейін де — 2014-2015 жылдары атқарған. Үкімет құрылымында Әбілқасымова 1999 жылдан бері жұмыс істейді. Бұрындары премьер канцеляриясы бөлімі басшысының орынбасары, экономикалық даму және сауда вице-министрі, экономика мен бюджетті жоспарлау вице-министрі болып істеген.

Мәдина Әбілқасымова – бұрын парламент мәжілісінің депутаты болған Ерасыл Әбілқасымовтың қызы. 2005 жылы Әбілқасымов Қазақстан президенттігіне кандидат болып, сайлауда барлық дауыстың 0,34 пайызын жинаған.

Azattyq