Мәдина Әбілқасымова сырқатына байланысты бүгінгі отырысқа қатысқан жоқ — новости Казахстана
Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрінің орынбасары Светлана Жақыпова басшысы Мадина Әбілқасымова өткен аптадан бері еңбекке жарамсыз болып, емделіп жатқанын мәлімдеді. Соған қарамастан министр кеше Астанада қайтыс болған балалардың отбасына көңіл айтуға барған деп хабарлайды NUR.KZ.
Үкімет отырысында журналистер вице-министрден басшысының не себепті келмегенін сұрады. Тілшілердің сөзінше, Мадина Әбілқасымова кешелі бері сырқаттанып қалғаны туралы ақпарат тараған.
Бұған Светлана Жақыпова: «Кешелі бері емес, өткен аптадан бері ауырып жатыр», — деп мәлімдеді.
Вице-министр қайғыдан қан жұтқан отбасына министрлік өкілдері барды ма деген сауалға, барғандарын жеткізді.
«Кеше бардық. Министрдің өзі кеше барып қайтты», — деді министр орынбасары.
Еске сала кетейік, төртінші ақпан күні Астанада өрт сөндіру кезінде бес баланың денесі табылды.
Олардың ең кішісі әлі бір жасқа да толмаған сәби болған.
Бүгін марқұм қыз балаларды қалың ел ақтық сапарға шығарып салды.
Дереккөз: kaz.nur.kz