Мәди Ахметов: Ар алдында ұялатындай ештеңе істеген жоқпын (ВИДЕО)

0
Бүгін Мәжіліс отырысы карантин шектеулерінен кейін журналистерге екінші рет ашылды. Бұған дейін ұстатпай жүрген депутаттарды әріптестеріміз «тышқан аңдыған мысықша» күтіп тұрып, әбден сұрақтың астында алды.
Бұл жолы Nege.kz тілшісінің тұзағына көптен бері ілінбей жүрген депутат Мәди Ахметов түсті.
– Өзіңізді жұрт экс-президент Назарбаевқа ескерткіш орнатуға байланысты ұсыныс айтқан азамат ретінде таниды. Талдықорғандағы ескерткішті халық құлатқан кезде қандай көңіл-күйде болдыңыз?  

– Бұл – жалпы жаппай тәртіпсіздіктің, хаустың нәтижесінде орын алған оқиға. Бұл жерде соны ұйымдастырған азаматтарды құзыретті органдар тексеріп жатыр.

Жалпы мемлекетте бейбіт халық қаза тауып, жапа шегіп жатқан кезде бір қалада немесе тиісті бір дүниеге қатысты ойда емес, жалпы өзімізде үрей пайда болды.

Оны жасырудың қажеті жоқ. Жалпы көңіл-күйім осындай болды.

– Ескерткішті наразы топтың құлатқаны дұрыс болды ма, жоқ әлде бұрыс па?

– Әрине оны заң органдары шешеді. Қателеспесем, аталған ескерткіш 2016 жылы орнатылған болатын. Енді бұл жаппай тәртіпсіздіктің нәтижесінде орын алған жағдай деп ойлаймын. Мұны енді қайта қалпына келтіру, келтірмеу жағдай тұрақталғаннан кейін талдықорғандықтардың ортақ шешімімен шешіледі деп ойлаймын.

– Жасыратыны жоқ өзіңізді әлеуметтік желіде «экс-президентке жағымпазданып карьера жасады» деп сынаушылар өте көп. Кеше Назарбаевтың құзыретін шектеп жатқан кезде қалайша мұны қолдап дауыс бердіңіз?

– Қазір ғана бұл сұраққа сіздің әріптесіңізге жауап бердім. Бұл – заңды құбылыс. Елбасы бұған дейін өз еркімен Қазақстан халқы Ассамблеясы мен «Nur Otan» партиясы басшылығынан кететінін айтты.

Қаңтар оқиғасынан кейін президентке Қауіпсіздік кеңесін өз еркімен өткізіп берді. Бұл заң қатып қалған дүние емес. Мемлекет басшысының құзыретін кеңейту үшін  жасалған қадам.

Бұл жерде қарама-қайшылық жоқ. Заң дегеніміз, қатып қалған дүние емес қой, дауыс берілді. Дауыс беріліп, мемлекет басшысының құзыретін кеңейттік. Сонымен қатар елбасы өз еркімен барлық шенді лауазымдарынан бас тартты.

– Назарбаевтың құзыреті шектеліп жатқан кезде «Мен Елбасымды айыптап жатқан кезде мандатымнан бас тартамын» деп қарсы пікіріңізді білдіріп, неге мандаттан бас тартпадыңыз?

– Сұрағыңызды түсіндім. Бізде бұл сұрақ фракция отырысында талқыланды. Менің ойымша, бұл жерде ешқандай қарама-қайшылық жоқ. Қазіргі таңда бізге алға қойған тапсырмалар бойынша жұмыс атқару керек. Сол бағытта өз басым жұмыс істеуге дайынмын.

– Экс-президенттің сын сағаты соғып, бүкіл құзыретін алып тастаған кезде оны қолдап дауыс беру сатқындық емес пе?

– Бұл жерде бұрмалаудың қажеті жоқ. Мен сізге қайталап айтамын. Бұл кісі биліктен өз еркімен бас тартып, барша қазақстандықтарды Мемлекет басшысының маңайына топтасуға шақырды. Сондықтан да бұл жерде ешқандай сатқындықты немесе қарама-қайшылықты көріп тұрған жоқпын. Бұл – заңды процесс.

– Сарапшылар «Қаңтар көтерілісі кезінде Тоқаев пен Назарбаевтың арасында қақтығыс болып, соның нәтижесінде Тоқаев билікті толыққанды қолына алды» дегенді айтады. Ресейлік сарапшылар «Қаңтар көтерілісі кезінде Назарбаев жеңілді» деген сөзді айтты. Осындай сәтте экс-президентті неге бірде-бір депутат қолдамады?

– Қараңыз, ресми түрде Елбасы мен президент халықтың алдына шығып, өзінің ойлары мен ұстанымдарын айтты. Араларында ешқандай кикілжің мен қарама-қайшылық жоқ екенін жеткізді. Қазіргі таңда мемлекет басшысы «Жаңа Қазақстанды құрамыз. Жаңа саяси реформаларды жасаймыз» деп негізгі мақсатты қойып отыр. Одан бөлек Елбасының 30 жылда атқарған қызметіне қатысты өзінің оң бағасын берді. Мен соған қосылып, толықтай қолдаймын.

– Экс-президент Назарбаевқа ескерткіш орнату керек деп бастама көтергеніңізді жұрт жақсы біледі. Сол ұсыныс күшінде ме, жоқ әлде айнып қалдыңыз ба?

– Бұл ұсыныс 2019 жылы айтылды және ол ұсыныс өз орнында. Ал ескерткішті қою-қоймау болашақтың еншісінде. Уақыт керек. Тарих өз орнына бәрін қояды.

– Қазіргі президент «Жағымпаздықты жақтырмаймын» деді. Жалпы болашақта саяси мансабыңызға бұл кері әсер етеді деп алаңдамайсыз ба?

– Мен ол ұсынысты жағымпаздықпен айтқан емеспін. Бұл – менің шынайы түсінігім, былайша айтқанда сол кездегі ойым. Оны бұрмалап мансаптық өсу деп талқылаудың қажеті жоқ.

Ұсыныс айтылған 2019 жылдан кейін мен әр түрлі салада қызмет атқардым. Кейіннен праймериздің аясында «Нұр Отан» партиясынан сайлауға түсуге мүмкіндік алдым.

Яғни партияластарым қолдап, дауыс берді. Кейіннен партия тізімі арқылы осы жерде жұмыс істеуге мүмкіндік алдым. Қазіргі таңда депутаттық сауалдарымды жолдап, сұрақтарымды қойып, жұмыс істеп келе жатырмын.

 Жалпы ар алдында өзіңізді қалай сезінесіз?

– Мен ар алдында ұялатындай ештеңе жасаған жоқпын…