«Ұнамаса көрмей-ақ қой!»: Дәурен Абаев сөзден сүрінді

0
1236
Коллаж Orda.kz

Мәдениет және спорт министрі Дәурен Абаевтың басы тағы да дауға қалды. Ол жергілікті телеарналардағы бассыздықты тоқтату туралы өтінішпен шыққан аналардың біріне «Ұнамаса, көрмей-ақ қой!» деп жауап берді.

Белгілі болғандай бұл жағдай Түркістан қаласындағы кездесулердің бірінде орын алған.

«Жағаны ұстатқан видео үзіндісінде егде жасқа келген, ақ жаулықты аналардың бірі Мәдениет және спорт министріне республикалық телеарналарда менталитетімізге әсер ететін, ұлттық құндылық, тәлім-тәрбиеге жат, интрига, меланхолия және трагедияға толы үнді сериалдарына тоқтау салу қажеттілігін атап, қазақ елін толғандырып жүрген мәселені көтерген. Осы орайда ұлттық құндылықтарды ойлағысы келмейтін арналарға өкпемізді артып жүргенде, ҚР Мәдениет және Спорт министрінің «ұнамаса пультты ауыстырып жіберіңіз»,-деген жауабы мәдениетінен ары аттап, айды аспанға бірақ шығарғандай болды.

 

 Хош! Министр айтқандай пультты басқа арнаға ауыстырдық делік?! Руханиятқа бай һәм білімді насихаттайтын «Білім және Мәдениет» арнасын неге құртып жіберді?! Неге жауып тастады? Білім және Мәдениет» арнасының өмір сүруге құқы бар еді ғой? Әлде мәдениетті «Бір болайық», «Қослайық» секілді мағынасыз, арзан ойынға ұласқан шоу-бизнес деп түсіне ме?! Немесе өзге елдің өнімі қазақ арналарында көрсетілмесін, тыйым жоқ деген ұстаныммен өзге елдің сериалдарын насихаттау ма?! Ұлттық құндылықтарды ұлықтайтын телеарнадағы  – тәрбие құралы қайда?!» деп жазды журналист Салтанат Есенқұл.