Мәдени мұрамызды қайта түлетудегі цифрландырудың орны қандай?
Кез келген халықтың өшпес құндылығы – мәдени мұрасы. Мәдениетті жаңғырту, оны қайта түлету – ұлттың рухани тұрғыдан бай болуына ықпал етеді. Осы жолда мол мұрағатымызды халыққа жеткізуді жеңілдете түсу қажет. Бұл орайда қызмет көрсету саласында электрондық формат қолданыста. Мұндай жүйе ел-жұртымыз үшін жайлылық пен қолжетімділік сыйлайтыны сөзсіз.
Тың жүйе Маңғыстау облысының мәдени мекемелерінде кеңінен қолданылып жатыр. Яғни, жергілікті жұртшылық мәдени қойылым билеттерін онлайн-режимде алу мүмкіндігіне ие болды. Осы шаралардың бәрі бүгінде өз нәтижесін көрсете бастаған «Цифрлық Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасының төңірегінде іске асырылуда.
Бағдарламаға сәйкес, облыстың Мәдениет басқармасына қарасты барлық ұйымдар мен мекемелердің электрондық порталы әзірленіп, қызметтерін қалың көпшілікке көрсетуде. Бұған мысал ретінде, Н. Жантөрин атындағы музыкалық-драма театрындағы, қуыршақ театрындағы, тарихи-өлкетану музейіндегі, сондай-ақ М.Өскінбайұлы атындағы облыстық филармония мен «Юность» кинотеатрындағы бірыңғай электрондық жүйелерін айтсақ болады (кіру билеттеріне қатысты).
Маңғыстауда мәдени саланы цифрландыру мақсатында кітапханалық қорлар да электрондық жүйеге көшіріліп жатыр. Статистикалық мәліметтерге сүйенсек, облыс кітапханаларындағы 1 454 451 кітапханалық қордың 442 695-і электронды каталогқа еніпті. Бұдан өзге, облыстық кітапхана қорындағы өлкетану тақырыбындағы 304 әдебиет цифрлық форматқа ауыстырылды. Ол өз кезегінде ҚазҰЭК порталына орналастырылып үлгерді. Сондай-ақ, ауыл кітапханаларының базасында онлайн орталықтар бой көтеріп, тұрғындарға өз қызметтерін көрсетуде. Бұл ауылдардың қатарына: Ақшұқыр, Жетібай, Жыңғылды, Боранқұл, Маңғыстау, Теңге ауылдары кіреді. Мұндай орталықтар халықтың заңгерлік көмек пен медиацияға қолжетімділігін арттырады.
Мемлекеттік бағдарлама аясында өңірдің музыкалық мәдениеті де қайта түлемек. Осыған орай, «Мақамы мәшһүр Маңғыстау» атты дәстүрлі музыкалық мәдениетінің электрондық порталы жасақталып жатыр. Оның ішіне ұмыт болған 200-ге жуық музыкалық туындылар енбек. Бұл порталды жасау шамамен 2 жылға созылады деп жоспарлануда. Нәтижесінде, электрондық портал арқылы күллі қазақ елі музыкалық мұрамыздан нәр алатын болады. Осы ретте, қайталанбас барлық туындылардың тарихы мен авторлары тайға таңба басқандай жазылып, жыл өткен сайын толықтырыла түспек. Игілікті істі жетілдіру мақсатында бүгінде «СaspianMediaServise» ЖШС-пен келісім-шартқа отырды.
Әлем елдеріне көз салар болсақ, мәдениеті мен туризміне көңіл бөліп жатқан елдер өте көп. Олардың дені бұл саланы цифрландыру арқылы сақтап қаларына сенімді. Соның ең үздіктері – Сингапур мен Шанхай. Осы тұрғыда олар бірқатар цифрлық бағдарламалар мен жобаларды даярлап, бүгінде нәтижесін көруде.