Мәдени іс-шаралар тоқтатылды, ал қаржы қалай игерілуде – Мәдениет министрі жауап берді

0
23

Карантин режимі енгізілуіне байланысты қазіргі кезде спортшылар үйде дайындалып жатыр. Ал мәдени іс-шаралар онлайн режимге ауысты

АЛМАТЫ, 24 сәуір – Sputnik. Төтенше жағдайға байланысты көптеген мәдени іс-шаралар тоқтатылды және бөлінген қаржы оңтайландырылып, республикалық бюджетке қайтарылды. Бұл туралы мәдениет және спорт министрі Ақтоты Райымқұлова мәлімдеді, деп жазады Sputnik Қазақстан тілшісі.

Министрдің айтуынша, карантин режимі енгізілген уақыттан бастап елімізде онлайн форматта 15 мың іс-шара өткізілген.

«Мәдениет және спорт министрлігі мен «Қазақтелеком» АҚ бірге ұйымдастырған «Карантиндегі жұлдыз» онлайн жобасына көрермендер жылы пікірлерін білдіруде. Жоба іске қосылған сәттен бастап қазақстандық өнер жұлдыздарының қатысуымен 15 миллион көрерменге дейін қамтыған 30 онлайн концерт өтті», – деді Райымқұлова.

Сондай-ақ, ол төтенше жағдай кезінде қашықтан жұмыс істеу форматына ауысуына байланысты бастапқыда министрлікке бөлінген қаржының қалай жұмсалып жатқанын айтты.

«Карантин режимі енгізілуіне байланысты спорттық шараларға бөлінген қаржы үнемделді. Қазір спортшыларымыз үйде дайындалып жатыр. Мәдени іс-шаралар да онлайн режимге ауысты. Расында да, бөлінген қаржы оңтайландырылып, республикалық бюджетке қайтарылды», – деді министр.

Ол қоғам арасында «Оқырман кітабы қандай?» челленджінің қазақстандықтар арасында кең таралып жатқанын атап өтті.

«Қазақстандық мәдениет қайраткерлері бастаған және мемлекет басшысы қолдау көрсеткен әркім өзі оқып жатқан кітап, газет, журналдар тізімін көрсететін «Оқырман кітабы қандай?» челленджі көрермендер мен оқырмандар тарапынан қызу қолдау тапты», – деді Райымқұлова.

Министрдің мәлімдеуінше, «Қазақфильм» киностудиясы «Қазақ киносының алтын қоры» жобасы аясында 1938-2020 жылдар аралығында түсірілген 60-тан астам фильмді YouTube арнасына жүктеген. Сондай-ақ, әр жексенбіде КТК арнасындағы «Домашний кинотеатр» киноморафоны аясында соңғы 15 жыл ішінде түсірілген үздік картиналар 24 мамырға дейін көрсетіледі.



sputniknews.kz