Мәдени байланыс нығаяды | «Айқын» газеті
Алматыда Елбасының «Ұлы даланың жеті қыры» мақаласы аясында Бірінші Орталық Азия деректі кино форумы өз жұмысын бастады.
Шараға Орталық Азия аймағының белгілі документалистері, КСРО Мемлекеттік сыйлығының лауреаты, режиссер Шухрат Махмудов, өзбекстандық сценарист және кинотанушы Разика Мергенбаева, кинотанушы, ХКФ арт-директоры Садулло Рахимов, тәжікстандық режиссер, продюсер Орзумурод Шарипов, кинотанушы Гульбара Толомушова, қырғызтандық документалист Жанышбек Дадабаев, белгілі документалист, режиссер Владимир Тюлькин, режиссер Ануар Райбаев, кинотанушы Александра Лумпова және режиссер Евгений Лумпов қатысты.
Форумның ашылу салтанатында Т.Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясының ректоры, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, философия ғылымдарының докторы А.Маемиров, Шакен Айманов атындағы «Қазақфильм» АҚ-ның президенті, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, ақын, сценарист, режиссер Б.Қайырбеков, Кино және ТВ факультетінің деканы, өнертану ғылымдарының кандидаты, доцент Г.Мурсалимова және бірнеше кино маманы сөз сөйлеп, көрсетілетін фильмдерге қысқаша тоқталды.
Жиын барысында Т.Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясының ректоры Асхат Маемиров Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Ұлы даланың жеті қыры» мақаласы аясында Бірінші Орталық Азия деректі кино форумының өткізілуі жайында айтып өтті.
– Академияда Кино және ТВ факультетінде деректі фильм режиссурасы жақсы жолға қойылған. Орталық Азия мемлекеттерінің отырысында мәдени байланыстарды арттыру туралы нақты бағдарламалардың тұжырымдамалары жасалып, дәстүрлі түрде өткізілетін болады. Бұл Елбасының «Ұлы даланың жеті қыры» мақаласының идеяларын жүзеге асырудың көрінісі болмақ. Еліміздің рухани құндылықтарын кеңінен дәріптейтін деректі фильмдер әлемдік деңгейде үлкен мәнге ие. Форум аясында Қазақстанның деректі фильмдеріне арнайы уақыт бөлеміз. Өзбекстан, Қырғызстан және Тәжікстан фильмдері ерекше мәнге ие. Бұл шараға жоғары деңгейдегі режиссерлер келіп отыр. Форум барысында екі фильмнің тұсаукесері өтеді. Сондай-ақ әрбір мемлекеттен жиырмаға жуық фильмдер көрсетіледі, – деді А.Маемиров.
Форумның бірінші күні – өзбек бағдарламасына, екінші күні – қырғыз бен тәжік бағдарламаларына арналса, шараның соңғы күні қазақ бағдарламасының көрсетілімі қойылды.
Әбілмансұр ЖАСАН