Мадейрадағы автобус апатында германиялық 29 турист қайтыс болды

0

Португалиядағы Мадейра аралында туристік автобус апатқа ұшырап, кем дегенде 29 адам қаза тапқан. 27 адам жарақаттанды. Португалия президенті Марселу Ребелу ди Соуздың сөзінше, қаза тапқан туристің бәрі — Германия азаматтары. Бұл туралы DW ақпарат агенттігі хабарлады.

Жергілікті құтқару қызметінің дерегінше, апат сәрсенбі күні кешкісін Канису ауданында болған. Елуге тарта туристі әкеле жатқан автобус бұрылысқа келгенде жолдан шығып кетіп, тұрғын үйдің төбесіне құлаған. Қала билігінің хабарлауынша, 11 ер мен 17 әйел оқиға орнында көз жұмып, тағы бір әйел ауруханаға апара жатқанда қайтыс болған. Жергілікті БАҚ-тың жазуынша, қаза тапқандардың бәрі — 40-50 жас аралығындағы азаматтар.

Полиция болжамынша, жүргізуші бұрылысқа келгенде автобус рөлін игере алмай қалған не тежегіш істен шыққан.

Апаттан соң Мадейра билігі үш күнге қаралы күн жариялады.

Azattyq