Мадагаскардың жекпе-жек сайыпқырандары

0
163

Финбарр О’РЕЙЛЛИ,

«Нью-Йорк Таймс» – Самбава (Мадагаскар)

Жекпе-жек барысында жұ­дырықпен, шынтақпен ұрғаны, аяқпен, тіземен тепкені, соққының былш етіп тигені, дененің жерге гүрс етіп құлағандағы дыбысы ес­тіледі. Екі жауынгер де бірдей деңгейде жұдырық жеп, соққы алады. «Фагноролафи» деп атала­тын жекпе-жекке шығатындар біреуі бас тартқанша немесе но­каутқа кеткенше, болмаса төреші жеңімпазды анықтағанша осылай «қатал билерін» жалғастыра береді.

«Жекпе-жек алдында қор­қынышты сезінбеймін. Егер қор­қыныш пайда болса, ұтылғаның. Әйт­се де, өз күшіңді асыра баға­ла­мау қажет», дейді жергілікті бел­гілі гладиатор, 28 жастағы Роки Амбанза.

Мадагаскардың солтүстік шы­ғы­сындағы Самбава ваниль өндірісінің  әлемдік астанасы саналады. Ұнтақ бағасының артуы жергілікті экономиканы ны­ғайтты. Сондай-ақ ақшаның көбеюі ғасырлардан келе жат­қан жекпе-жектің осы түріне ком­мер­циялық сипат әкелді.

«Мораинги» жеңімпаздары жүлде ретінде ақша, магнитофон, теледидар, велосипед, тіпті автокөлікке ие болады.

Дәстүрлі спортқа өзгерістері енуде. Әдетте оған 10 және 35 жас ара­лығындағы бойдақ жі­гіт­тер қа­тысатын. Қазір әйелдер спорт­­шы ретінде де, менеджер ре­тін­де де белсенді араласа бас­тады.

«Күйеуім «мораингиді» жақ­сы көреді. Сондықтан ваниль са­тудан түскен ақшаны спорт­шы­ларға келі­сімшарт негізінде ай сайын ұсынып, жекпе-жек ұйым­­дас­тырамыз», дейді Мариа Хад­жи. Оның отбасы Самбавада спорт­шы­лар мен бапкерлерден құрал­ған алты орамдық «мораинги» командасына демеушілік етеді.

Команда өңірді «минивэн» арқылы аралап, өздері барған қала тұрғындарының назарын аударып, дауыс ұлғайтқыш ар­қылы басқа командаларды ай­қасқа шақырады. Содан кейін бо­ла­тын жекпе-жек күштің, жігер­дің, мінездің мықтылығы, әсіресе есе қайтарудың жолы саналады.

Спорттың ережесі өңірге бай­ланысты өзгеріп отырады. «Әлемдегі жекпе-жектер: тарих және өнертабыс энциклопедиясы» кітабының авторы Эрнест Ратсимбазафидің пайымдауынша, нақты әлеуметтік негіздер мен ұс­та­нымсыз жеңіске жету мүмкін емес. «Солардың ішіндегі бастысы – өз өзін бақылай білу. Соққы алар­дағы қорқынышты жеңу қажет. Сабырға жеңдіріп, кек қайта­ру үшін ызаға бой алдырмаған дұрыс», деп жазады. 

Индиана университетінің профессоры Сара Остергудттың айтуынша, Мадагаскарда адамдар әдетте айқасудың балама жолын – мақал-мәтел арқылы не көріп­келдер арқылы өсек таратуды дұрыс көреді.

«Өзара түсіністікте болудың маңызы зор. Өйткені қоғамдық қимыл жеке әрекет етуден жо­ғары тұрады. Өйткені ғұрыптық жол­мен қарсы келу адамдар ара­сындағы өшпенділікті жеңіл­детеді. Ал жек­пе-жек – соны нақ­ты шеңбер көлемінде жасау», дейді профессор Остергудт. 

Мадагаскардағы ең үздік клуб­тардың бірі Boîte Noir de Diego командасының бапкері Адуду Матчимудини «мораингидің» тек қана айқасудан тұрмайтынын айтады. «Бұл – біздің дәстүріміз, мәдениетіміз, тарихымыз», дейді ол.

Жекпе-жек тарихы XV ға­сырдан бастау алады. Спорт­тың айналасындағы жөн-жоралғы бір-біріне құрмет көрсетуге итер­мелейді. Жеңімпаз қарсыласын құшағына алып, жерден көтеріп, аяққа тұрғызады. Жеңген де, жеңілген де құрметке бөленеді.

Хаджи ханымның батырлары футбол алаңында жаттығуға жиналды. Содан кейін жол бойындағы мейрамханадан күріш пен көже ішеді. Спортшылар айы­на жүз доллардан аса пайда табады. Бұл сома 15 жасында «мораингимен» танысып, бірден сонымен айналыса бастаған Амбанза үшін жеткілікті.

«Жекпе-жекке шығып жүр­геніме 10 жылдан асыпты. Өмір сүруге жеткілікті қаржы табамын. Дәл қазір  қабырғамды сындырып алғаным үлкен мәселе болып тұр», дейді ол.

© 2018 The New York Times News Service

Мақаланы аударған Абай АСАНКЕЛДІҰЛЫ,

«Егемен Қазақстан»