Лука Модрич «Алтын доптың» иегері атанды (фото) — новости Казахстана
Мадридтік «Реал» мен Хорватия құрамасының жартылай қорғаушысы Лука Модрич әйгілі Лионель Месси мен Криштиану Роналдуды шаң қаптырып «Алтын доптың» игері атанды. Бұл туралы eurosport.ru-ға сілтеме жасаған NUR.KZ хабарлайды.
Биыл Ресейде өткен футболдан әлем чемпионатында ерекше көзге түскен хорватиялықты France Football журналы әлемдегі ең үздік футболшы деп таныған.
Айта кетейік, Лука Модричтен бөлек биыл «Алтын допқа» Килиан Мбаппе, Лионель Месси, Рафаэль Варан, Мохамед Салах, Кевин де Брёйне, Эден Азар және Харри Кейн, Криштиану Роналду сынды мықтылар таласқан болатын.
Журналистердің дауыс беру нәтижесінде екінші орын Португалия мен «Ювентустың» шабуылшысы Криштиану Роналдуға бұйырса, үшінші орында франциялық футболшы — Антуан Гризман.
Төртінші орынға тағы бір француз аяқдобшысы Килиан Мбаппе лайық деп танылса, талай жанкүйердің сүйікті футболшысына айналған аргентиналық шабуылшы Лионель Месси бесінші орынды қанағат тұтқан.
Ал ең үздік футболшы қыз атағын норвегиялық Аде Хегерберг жеңіп алса, Kopa Trophy –жүлдесіне Килиан Мбаппе ие болған.
Еске сала кетейік, 10 жыл бойы «Алтын допты» тек Лионель Месси мен Криштиану Роналду ғана иеленіп келген болатын.