Лондондағы қазақ жастары қамаудағы алматылық белсенділерді қолдады

0

Лондонда оқып жүрген қазақстандық студенттер 25 сәуірде Алматы марафонында баннер ілгені үшін қамалған жастарды қолдап акция өткізді. Шараға қатысқан жастың бірі Азаттыққа «жиырмаға жуық студент Қазақстанның Ұлыбританиядағы елшілігінің алдына келіп, қамауда отырған Әсия Төлесова мен Бейбарыс Толымбековті босатуды талап етті» деді.

Жастар елшілік алдында «Әсия мен Бейбарысқа бостандық», «Өз президентімізді өзіміз таңдағымыз келеді», «Сайлау болады, таңдау болмайды» деген жазу жазылған плакаттар ұстап тұрған.

Алматы әкімшілік соты 21 сәуірде қаладағы марафон кезінде жол бойына «Шындықтан қашып құтылмайсың» деген жазуы бар баннер ілгені үшін жергілікті белсенділер Әсия Төлесова мен Бейбарыс Толымбековті 15 тәулікке қамаған. Баннерде «#меніңтаңдауымбар #adilsailayuzhin» деген жазулар да болған. Төлесова мен Толымбеков баннерді 9 маусымда өтетін кезектен тыс президент сайлауына жұрттың назарын аударып, сайлауды әділ өткізуге шақыру мақсатында ілгендерін айтқан.

Сот осы акцияны камераға түсірген тағы үш белсенді Сүйінбике Сүлейменова, Айдос Нұрболатов және Айгүл Нұрболатованы да «митинг өткізу тәртібін бұзды» деп, 50 500 теңге (130 доллардан астам) айыппұл салған.

Қамауда отырған Әсия Төлесованың жақындары мен адвокаты 23 сәуірден бері аштық жариялап отырғанын хабарлады. Бұл ақпаратты Қазақстан бас прокуратурасы да растады.

Халықаралық құқық қорғау ұйымдары Freedom House және Amnesty International Қазақстан билігін Әсия Төлесова мен Бейбарыс Толымбековті босатуға шақырды.

Чехия, Франция және Грузияда оқитын қазақстандық студенттер осы елдердегі Қазақстанның дипломатиялық өкілдіктері алдында Төлесова мен Толымбековті қолдап, «Шындықтан құтыла алмайсың» акциясын өткізді.

Azattyq

Загрузка...

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
мұнда сіздің атыңызды енгізіңіз