Лондонда Қазақстан әдебиеті мен өнері таныстырылды
2018 жылғы 11 қараша 14:31 76
АСТАНА. ҚазАқпарат — Лондонда «Рухани жаңғыру: жаһанданған әлемдегі қазіргі қазақстандық мәдениет» форумы аясында қазақстандық ақын-жазушылардың, суретшілер мен кинематографшылардың шығармалары ұсынылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат «Хабар 24» арнасына сілтеме жасап.
Есболат Айдабосын — дарынды журналист әрі проза өнеріндегі жас таланттардың бірі. Оның шығармалары мерзімді баспасөзде, әдеби порталдарда жиі жарияланады. Ол «Сүлікқара» және «Қызыл сақа» кітаптарының авторы, бірнеше әдеби байқаулардың жүлдегері. Есболат Айдабосынның айтуынша, ел ішінде әдебиет айтарлықтай дамығанмен, әлемдік әдебиетпен байланыс үзіліп қалған.
«Біздің әдебиет өзгелерден кем түспейді. Мәселе — оны насихаттауда. Шығарманы дүниеге әкелу — басқа да, оны үлкен нарыққа шығару — бөлек, Бізде қазір жүйелілік жоқ, әдеби менеджмент дамымаған», — дейді ол.
Форумда Ғарифолла Есім, Бексұлтан Нұржекеев, Бақытжан Тобаяқ сынды белгілі ақын-жазушылар да қазіргі қазақстандық мәдениетті әлемге таныту мәселелерін қозғап, кітаптарын таныстырды. Белгілі режиссер Рүстем Әбдірашев Қазақ хандығының қалыптасу тарихынан сыр шертетін көп сериялы «Алмас қылыш» фильмін, ал суретші әрі мүсінші Руслан Ақанаев «Жыл мезгілдері» коллекциясына тән туындыларын ұсынды.
Британ зиялы қауымының пікірінше, осындай шаралар қазақстандық мәдениет пен әдебиеттің жаһандық әлемге есік ашуына жағдай жасайды.
«Қазақстан қоғамында болып жатқан айтулы құрылымдық өзгерістер жазушыларды, кинематографшылар мен суретшілерді ынталандыра түсуде. Меніңше, қазір біз дәл осы процестің куәсі болып отырмыз», — дейді жазушы Ник Филдинг.
Айта кетейік, жуырда «Рухани жаңғыру» бағдарламасының аясында Заманауи қазақстандық әдебиет антологиясының екі томы БҰҰ-ның 6 тіліне аударылатын болады.
Астанада өткен ҚР Президенті жанындағы Қоғамдық сананы жаңғырту бағдарламасын іске асыру жөніндегі ұлттық комиссия отырысында мәлім болғандай, «проза» және «поэзия» жанрлары бойынша құрылған антологиялардың әрқайсысында 30-ға жуық автор енген және әрбір томның көлемі 600 бетке жетеді.
Қазіргі таңда жинақтарды аударумен және насихаттаумен айналысатын шетелдік серіктестер анықталды.
Антологиялардың баспа ғана емес, электронды және аудио нұсқалары да жарияланатыны күтілуде. Бұл аудиторияны кеңейтіп, Amazon сияқты жаһандық электрондық платформаларға шығуға мүмкіндік береді.