Лондонда Назарбаевтың отбасы мен оның серіктестеріне қарсы санкция салуға шақырды
3 ақпанда Ұлыбритания парламентінде «жемқорлыққа белшесінен батқан қазақстандық олигархтарға санкция салу» мәселесі талқыланды, деп хабарлайды kznews.kz сайты azattyq порталына сілтеме жасап.
«Санкция салынуы тиіс» тұлғалар тізімде кемінде 28 адамның аты аталады. Басым бөлігі бұрынғы президент Нұрсұлтан Назарбаевтың отбасы мен оның айналасындағы адамдар.
Бейсенбі күні бұл мәселе бойынша баяндама жасаған лейбористік партия мүшесі Маргарет Ходж Ұлыбритания билігін «халық есебінен байыған» қазақ олигархтарына жылдар бойы британ нарығының есігін айқара ашып, «оны жасыруға жәрдем берді», «жемқорлыққа көз жұма қарады» деп айыптады. Экономикалық қылмыспен күрес туралы заң жобасы талқыланған шақта бұл мәселе өте маңызды екенін еске салып, кеш болмай тұрғанда әрекет етуге шақырды.
Маргарет Ходж баяндамасында қазақ байларына қарата «клептократия» ұғымын пайдаланды.
Ол Клинтон әкімшілігі кезінде АҚШ мемлекеттік хатшысының көмекшісі болған Джонатан Уайнердің сөзінен мысал келтірді.
«Әлемде Назарбаев сияқты жемқорлығымен қатты танымал болған басшыны көрмеппін… Біз оның кемінде 15 жылдан бергі жемқорлығы жөнінде білеміз» деді ол.
Парламент мүшесінің айтуынша, Лондон 2008 және 2015 жылдар аралығында 205 қазақ клептократына алтын виза беріп, «лас ақшасын Ұлыбританияға орналастыруына жәрдемдескен».
«Chatham House жуырдағы есебінде қазақ элитасының Ұлыбританияда құны жарты миллиард фунттан астам тұратын жылжымайтын баспанасы бар екенін әшкереледі. 330 млн фунты – Назарбаевтың үлкен отбасына тиесілі. Олар иеленетін мүліктер арасында Саннингхил парк те бар. Оны Назарбаевтың күйеубаласы сұрап отырған құнынан 3 миллион фунтқа артық яғни 15 миллион фунтқа сатып алған болуы мүмкін деген дерек бар. Ұйымдасқан қылмыс және жемқорлықты әшкерелеу жобасы Назарбаевтың Ұлыбританияда құны кемінде 7,8 миллиард доллар болатын төрт қайырымдылық қорды құпия басқаратынын әшкереледі. Бұл қаражат қонақ үйден бастап, банктерге дейінгі аралықта түрлі нысандарға салынған. Ғаламдық табыстың біраз бөлігі Ұлыбританияда тіркелген 2020 жылы құрылған Jusan Technologies тиесілі» деді Маргарет Ходж баяндамасында.
«Біз шекарамызды, жылжымайтын мүлік нарығы мен қаржы құрылымдарының есігін Қазақстанның басқарушы билігіне айқара аштық. Оларға ақшаны заңсыз жымқырып, жұмсауына жол бердік. Одан да сорақысы – тіпті қазіргі заңдарымыз арқылы заңсыздықтарға төтеп бере алмадық» деді ол.
Депутат мемлекет байлығының талан-таражға салынып, халықтың кедейленуі Жаңаөзеннен басталып, Қазақстанның өзге өңірлеріне тарап, соңы қантөгіске ұласқан Қаңтар қырғынына қозғау салғанын да атап өткен.
«Жуырда болған қантөгіс клептократияның шынайы құны» деді ол.
Ходж Қазақстандағы клептократия туралы сөзінде келесі адамдардың аты-жөнін атады: Нұрсұлтан Назарбаев, Тимур Құлыбаев пен оның әйелі Динара Құлыбаева, Дариға Назарбаева, Қайрат Шәріпбаев, Нұрәлі Әлиев, Кәрім Мәсімов, Айгүл Нұриева, Владимир Ким, Камила Ким, Эдуард Огай, Кеңес Рақышев, Сауат Мыңбаев, Александр Машкевич, Патох Шодиев, Болат Өтемұратов, Болат Назарбаев, Ахметжан Есімов, Ғалымжан Есенов, Қайрат Боранбаев, Александр Клебанов пен ұлы Яков, Нұрлан Нығматулин, Бауыржан Байбек, Марат Бекетаев, Әлия Назарбаева, Айдан Кәрібжанов, Қайрат Сатыбалды, Самат Әбіш.
Ұлыбритания парламентінде Қазақстандағы жемқорлық мәселесі талқыланып жатқан шақта сыртта бірнеше белсенді Қазақстанда адам құқығының бұзылуына жауапты тұлғаларға санкция салуды талап етіп, пикет өткізіп тұрды. Акцияға қатысқан белсенділердің бірі Азаттыққа Маргарет Ходждың шығуын күткенін, ақыры оның баяндамаға дайындалып, үлгермегенін айтты.
Ресми мәлімет бойынша, Қаңтар қырғыны кезінде кемінде 227 адам қаза болған. 4 мыңнан астам адам зардап шеккен. Кейбір белсенділер мен құқық қорғаушылар қаза болғандан бұдан да көп болуы мүмкін деп болжайды. Билік әлі күнге дейін қаза болғандардың аты-жөнін жарияламады.
Халықаралық ұйымдар қаңтар оқиғасы кезінде Қазақстан билігінің халыққа күш қолдануын айыптаған. Еуропарламент қаңтар оқиғаларына байланысты қабылдаған қарарында бейбіт наразылықтан кейін өрбіген жаппай зомбылықты айыптап, ресми Нұр-Сұлтанды «терроризм» айыбын оңды-солды тақпауға үндеген. Сонымен бірге Қазақстан билігін азаматтар мен қоғамдық ұйымдарды саяси себеппен қудамалауға, адамдардың бейбіт жиналуына кедергі келтірмеуге, жөн-жосықсыз ұстау мен азаптауды доғаруға шақырған.
Президент Тоқаев Еуропарламенттің осы қарарына «біржақты, асығыс қабылданған» деген баға беріп, «халықаралық тергеу жүргізудің қажеті жоқ, өз күшіміз жетеді» деп мәлімдеді.