Лондонда Димашпен бірге ән салған қазақ қызына сұраныс көбейген (фото) — новости Казахстана
Лондонда Димашпен бірге ән салған Нарқыз Жанұзақова кеше Ақтөбеге ұшып келді. «Indigo at the O2» концерт залында мега жұлдызбен «Астана — елімнің жүрегі» әнін орындаған 8 сынып оқушысының қуанышында шек жоқ деп хабарлайды өңірдегі NUR.KZ тілшісі.
«Концерт өте керемет, жоғары дәрежеде өтті. Димашпен ән айту мен үшін үлкен мәртебе. Лондонда көптеген жерлерді араладық», — дейді Нарқыз Жанұзақова.
Қызының қуанышын көзіне жас алып айтып берген анасы марқұм жолдасын есіне алды.
«Қызымның Лондонда айтқан әнін Димаштың жанкүйерлерінен тікелей эфир арқылы қарадым. Мұндай үлкен концертке қызымның бірінші рет қатысуы. Қатты қобалжыды. Мен де қобалжыдым. Шынымды айтсам, қызым кеткеннен бері ұйықтаған жоқпын. Кез келген адамның аяғы жете бермейтін жерге барды. Әлемдік сахнаға шықты. Ана қуанышын сіздерге сөзбен жеткізе алмаймын. Алланың берген бақыты шығар. Димаштың сыйлығын аламыз деп күткен жоқпыз. Облыстық «Бақытты бала» байқауында қызым гран при жеңіп, Димашпен ән айту бұйырды. Байқауда қызым айтқан әнін марқұм әкесіне арнаған болатын. Қазірден қызыма продюсер болайық деп хабарласып жатқандар бар. Мен олардың кім екенін сұраған жоқпын», — дейді көзіне жас алған анасы Сырғагүл Жанұзақова.
Сырғагүл екі қызын жалғыз тәрбиелеп отырған жалғызбасты ана. Жолдасы бес жыл бұрын 33 жасында қайтыс болған. Шаштараз болып жұмыс істейтін келіншек кіші қызына ақылы музыкалық мектепте тәрбиелеген.
«Оның әкесінің атын әлем халқы естіді. Өзінің ғана емес, әкесінің есімін шығарды. Үлкен сахнада атын атап шақырады емес пе?! Қызымды әкесі де қолдаған шығар», — дейді Нарқыздың әжесі.
Айта кетейік, 19 қараша күні Димаш Құдайбергеновтың Лондон төрінде дүркіретіп концерт өткізген болатын.
Сіздің реакцияңыз
Спасибо за Ваше мнение
Вы уже голосовали
Тағы да оқыңыздар