«Локдаунның мақсаты – жаппай және мәжбүрлі вакцинация»

0

Қазнет қолданушылары локдаундар адамдарды вакцинациялауға мәжбүрлеу үшін жариялайтыны, ал COVID-19 пандемиясының өзі – ірі фармкомпанияларға тиімді алдау екендігі туралы бейнежазбаны талқылауда. Осының барлығы – фейк, деп хабарлайды KzNews.kz ақпарат агенттігі stopfake.kz сайтына сілтеме жасап.

Видео авторы – үнді-америкалық кәсіпкер және қастандық теорияларын жақтаушы Шива Айядурай. Ол сондай-ақ, электрондық поштаны жасап шығарғанмын деген мәлімдемесімен де танымал, бірақ іс жүзінде олай емес.

COVID-19 пандемиясына дейін Шива Айядурай дәрістер оқып, вакциналарды «орта ғасырлық» деп атап, вакцинацияға қарсы белсенді әрекет еткен.

Sars-CoV-2 вирусы анықталып, пандемия жарияланған соң Шива Айядурай қастандық теориясын жақтаушылар арасында кеңінен танымал болды. Ол бұл вирусты С дәруменімен оңай емдеуге болатындығы және науқастарға қымбат дәрі-дәрмек, оларды ауруханаға жатқызу және ӨЖЖ қажет емес деп бірнеше рет айтқан. Өкінішке орай, бұл олай емес. С дәрумені бірқатар пайдалы қасиеттерге ие болса да, коронавирустық инфекцияны емдей алмайды.

Қазіргі кезде Қазнетте тараған роликте кәсіпкер локдаундар мен жергілікті карантиндер фармкомпаниялар үшін тиімді, бұл ауруды жұқтырудың алдын алу шарасы емес деп мәлімдейді. Шива Айядурайдың пікірінше, елдерде жүрек аурулары мен семіздіктен болатын өлім-жітімнің өсуіне байланысты карантиндер енгізілмегендіктен, COVID-19 кезінде де қозғалу еркіндігін шектеудің қажеті жоқ.

Мұндай салыстыру дұрыс емес, өйткені жүрек аурулары да, семіздік те, Айядурай атап өткен аутоиммундық аурулар да жұқпалы емес және КВИ-ге қарағанда ауа-тамшы жолдарымен берілмейді. Әлеуметтік қашықтықты сақтау, адамдар көп жиналатын жерлерге барудан бас тарту, бетперде тағу мен қолды жиі жуу – ДДСҰ ұсынған COVID-19 алдын алу шаралары.

Мәжбүрлі вакцинациялау туралы тұжырымға да еш негізі жоқ. 2020 жылғы 7 шілдедегі «Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы» Кодекске сәйкес, ҚР кез келген азаматы «емделуге және басқа да медициналық араласуларды, оның ішінде профилактикалық егулерді жүргізуге хабардар етілген келісім беруге немесе бас тартуға» құқылы. Бұдан басқа, 16 жастағы және одан асқан балалар профилактикалық және консультациялық-диагностикалық көмек көрсетілуден хабардар түрде бас тартуға құқылы.

Билл Гейтстің әлем халқынығ санын азайту бойынша жоспарларға қатысы бар екендігі – бұл бірнеше рет теріске шығарылған танымал қастандық теорияларын қайта айту ғана.

Демек, видеороликтегі Шива Айядурайдың сөздері ұдайы айтылатын конспирологиялық теориялардың интерпретациясы және оның жорамалдары болып табылады.