Людмила Бюрабекова Ерхат Есқалиевқа 1,3 млн теңге жалақыны қалай тағайындағанын есіне түсіре алмады

0

Коронавирус пандемиясы Қазақстанның білім, медицина, цифрландыру секілді салаларында біраз былықтың бетін ашып берді. Бірақ бүкіл әлемді үрейде ұстаған ауру еліміздегі жемқорлықты тоқтата алған жоқ, деп хабарлайды KzNews ақпарат агенттігі Azattyq Ruhy сайтына сілтеме жасап.

Дәл қазір Денсаулық сақтау министрлігінің бұрынғы вице-министрі Олжас Әбішев төтенше жағдай кезінде бюджет қаражатын жымқырған деп айыпталуда. Оның үстінен тергеу амалдары жүріп жатыр. Сондай-ақ, республикадағы бүкіл дәрі-дәрмекті үлестіруге жауапты «СҚ-Фармация» компаниясының бұрынғы басшысы Берік Шәріп те қамауда отыр, ол да сот алдында жауап береді. Ол аз болса, осыдан бірнеше күн бұрын Антикор өкілдері экс-министр Елжан Біртановтың ұсталғанын хабарлады. Құқық қорғаушылардың сөзіне сенсек, ведомствоның бұрынғы басшысы ел қырылып жатқанда ақпараттандыруға бөлінген қаражатты қалтаға басқан көрінеді.

Халық жаппай коронавирус пен ауырып жатқанда қажетті дәрі-дәрмек табылмай, науқастардың көбі өліп кеткенін білеміз. Дәріханалар алдындағы ұзын-сонар кезек, препараттардың бірнеше есеге қымбаттап кетуі – халықтың наразылығын тудырды. Ал бар дәріні қоймада тығып ұстап отырған «СҚ-Фармация» басшыларының әрекеті отқа май құйғандай болды. Билік компания басшысын дереу орнынан алып, жаңа төраға етіп Ерхат Есқалиевті тағайындаған. Оған компанияның оң имиджін қайта қалпына келтіреді деген үміттің де артылғанын білеміз. Алайда, тағайындалған сәттен бастап БАҚ беттерінде жиі сыналған төраға жуырда қанша жалақы алатынын айтамын деп, халықты тағы ашуландырып алды.

ЕСҚАЛИЕВКЕ ЕҢ ЖОҒАРҒЫ ЖАЛАҚЫНЫ ТАҒАЙЫНДАҒАН КІМ?

Ерхат Есқалиев 2020 жылдың 12 шілдесінде «СҚ-Фармация» ЖШС-нің басқарма төрағасы қызметіне тағайындалды. Бұған дейін «Самұрық-Қазына», «Қазақстан темір жолы», «Қазақстанның даму банкі» сияқты алпауыт компанияларда менеджер болған.

Есте болса, жуырда Есқалиев отандық телеарналардың бірінен «Ай сайын 1,3 млн теңге жалақы аламын» деп ресми мәлімдеме жасады. Мәлімдеме жасағаны сол екен, әлеуметтік желілерде халық оны «түтіп жеді». Ал БАҚ өкілдері Есқалиевтен мұндай жалақыны қандай негізде алатынын айтуды талап етті. Журналистер тіпті, одан отбасылық шығынын да ашып айтуды сұрады. Орталық коммуникациялар қызметінде брифингке қатысқан «СҚ-Фармация» басшысы жалақысына қатысты тағы былай деді: «Сонымен, маған 1,3 млн теңге жалақыны компанияның («СҚ-Фармацияның» — авт.) бақылаушы кеңесі бекітті. Барлық міндетті салықтар мен төлемді алып тастағанда, қолыма 1 млн теңгеге жуық айлық түседі. Оны қандай мақсаттарға жұмсайтыным жеке басымның мәселесі, оны айтқым келмейді».

Бақылаушы кеңесінің сол кездегі төрағасы Людмила Бюрабекова не дейді?

Есқалиевтің мәлімдемесінен кейін біз «СҚ-Фармация» компаниясының ресми сайтынан бақылаушы кеңес туралы ақпарат іздедік. Сайттағы мәліметке сәйкес, бақылаушы кеңесінің төрағасы бөлімінде бұрынғы вице-министрі Людмила Бюрабекованың аты-жөні, суреті тұрды. Ол төрағалық еткен кеңеске тағы бес адам мүше (олардың кімдер екеніне және бақылаушы кеңесінің бір өкілінен алған сұхбатымызды материал соңына қалдырдық – авт.).

Azattyq Ruhy тілшісі Людмила Бюрабекованың жеке нөміріне телефон соғып, кеңес төрағысы ретінде Есқалиевтің 1,3 млн теңге жалақысы туралы сұраған соң, сайттан кеңес төрағасы туралы ақпарат жоғалып кетті. «Төртеу түгел» кезде тұрған кезде скриншот жасап үлгермесек те, Бюрабекова сол кеңеске төрағалық еткенін дәлелдейтін ақпарат таптық. Компанияның баспасөз қызметі, әлде редакторы бұл «дәлелді» жойып үлгермеген.

Сонымен, біз «СҚ-Фармация» сайтындағы ақпаратқа сеніп, бақылаушы кеңесінің төрағасы ретінде Людмила Бюрабековаға хабарластық. Бірінші біз телефон шалдық, жауап болмады, кейін күтпеген жерде Бюрабекова өзімізге телефон соқты. «Сіз «СҚ-Фармация» компаниясының бақылаушы кеңесіне төрағалық етеді екенсіз…» деп бастаған әңгімемді ол ақырын үзіп, «Денсаулық сақтау министрлігіндегі қызметімнен кеткен күні ол компанияның бақылаушы кеңесі төрағалығынан да кеттім» деп жауап берді де қоштасты. Алғашқы әңгіме осымен аяқталды.

Бірден бақылаушы кеңесінің жаңа төрағасы кім екенін іздедік. Компанияның баспасөз қызметі де бұл ақпараттан бейхабар болып шықты, пресс-хатшының айтуынша, бақылаушы кеңесі компанияға бағынбайтын тәуелсіз орган болған соң, олардың ақпараты да жеке жүреді. Бірақ тағайындау болса, баспасөз қызметі ақпарат беруге келісті.

Келесі қадам – сәйкестендіру болды. Өйткені, Бюрабекова вице-министр қызметінен күзде босады, ал Есқалиев «СҚ-Фармация» басшылығына жазда келді.

Тек ресми ақпараттарды алайық: Людмила Бюрабекова 2020 жылдың сәуірінде Денсаулық сақтау вице-министрі қызметіне тағайындалды, 2020 жылдың 22 мамырында «СҚ-Фармация» бақылаушы кеңесінің төрағасы қызметіне келді. 2020 жылдың 23 қыркүйегінде вице-министр қызметінен босады. Өзі айтқандай, бірден бақылаушы кеңесінің төрағасы қызметінен де кеткен.

Ал Ерхат Есқалиев 2020 жылдың 12 шілдесінде, жексенбі күні таңертең «СҚ-Фармация» ЖШС басқарма төрағасы лауазымына келді. Яғни, Бюрабекова мен Есқалиев екі ай бойы бір компанияда жұмыс істегені расталып отыр.

Біз Бюрабековаға тағы телефон шалдық. Жауап берді (алдыңғы қоңырау кезінде Ерхат Есқалиевтің жалақысы туралы сұрақ қойып үлгермеген едік — авт.). Бірден «қазіргі СҚ-Фармация» басшысы Есқалиев 1,3 млн теңге жалақыны компанияның бақылаушы кеңесі бекітті деді. Ол жұмысқа араласқанда бақылаушы кеңестің төрағасы әлі Сіз едіңіз, расымен оның жалақысын кеңес бекітті ме?» деген сауалды ести сала, Бюрабекова тұтқаны қоюға асықты.

«Есімде жоқ, оған жалақы тағайындағанымыз есімде жоқ, мен қазір кеңестің төрағасы емеспін. Ал оның жалақысы туралы ақпарат есімде жоқ» деген ол әңгімені үзді.

БАСҚАРМА МҮШЕЛЕРІНЕ ЖАЛАҚЫ МЕН СЫЙАҚЫ ТАҒАЙЫНДАУ – КЕҢЕСТІҢ МІНДЕТІ

Бәлкім, басқарма басшысының 1,3 млн теңге көлеміндегі жалақысы басқа біреудің есінде қалған шығар деген үмітпен, бақылаушы кеңесіндегі басқа адамдарды іздей бастадық. Оларға алдымен жеке-жеке тоқталайық:

  • Бақытбек Ташенев, Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігінің Мемлекеттік мүлік және жекешелендіру комитетінің төрағасы, кеңес мүшесі;
  • Александр Костюк, ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің Дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету және стандарттау департаментінің директоры, кеңес мүшесі;
  • Юрий Лавриненко,  «KAZLOGISTICS» Қазақстан көлікшілер одағы төрағасының орынбасары, кеңес мүшесі;
  • Дәурен Баймағамбетов, «IKapitalist ltd» ЖК қаржы директоры және комплайнс директор, кеңес мүшесі;
  • Саида Тәукелева, Қазақстан Республикасы бойынша «Қоғамдық бақылау» үйлестірушісі, кеңес мүшесі.

Осы бесеудің арасынан тек Саида Тәуекелеваға ғана хабарласу мүмкін болды. Біз оған «Бақылаушы кеңесінің төрағасы кім, ол немен айналысады, Ерхат Есқалиевтің жалақысы қандай негізде бекіді?» деген сауалдар қойдық. Бірақ ол кеңеске жуырда ғана мүше болғанын айтып, Есқалиевке қатысты сұраққа жауап бере алмады. Дегенмен, ол өз жауабында бақылаушы кеңесінің тікелей міндетінің бірі – Басқарма төрағасы мен басқарма мүшелерінің жалақысын белгілеу, сыйақы мөлшерін тағайындау және олардың қызметіне бақылау жүргізу екенін мойындады.

«Бақылаушы кеңесінің мүшесі болып 2020 жылдың екінші қыркүйегінде тағайындалдым. Тиісінше, басқарма басшысының жалақысына қатысты шешім мен келмей тұрып қабылданып қойған. Мен Қазақстан бойынша «Қоғамдық бақылау» жүргізу бастамасының үйлестірушісімін, сондықтан бақылаушы кеңесіне қоғамның өкілі ретінде келіп отырмын. Компания бірыңғай дистрибьютор ретінде пандемиямен байланысты қауіп-қатерге дайын болмағанын мойындайды. Бірақ жедел түрде қызметін қайта қарап жатыр. Қызметті қайта қарау осыған дейін ауруханаларға дәрі-дәрмек жеткізу, құрал-жабдық беру, коронавирус пандемиясы кезінде жедел әрекет ету жұмысының тиімділігін төмендетіп жіберген кешенді проблемаларды жоюға бағытталған. Қоғаммен өткен жуырдағы кездесуді «СҚ-Фармацияның» қызметін қайта қарау бағдарламасы көпшілікке ұсынылды, бағдарламаны компанияның қызметкерлері жасаған.

Ал тікелей міндетімізге тоқталсам, бақылау кеңесі Қазақстан Республикасының заңнамаларына сай, серіктестіктің жарғысы бойынша жалғыз қатысушысы – ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің шешімдеріне сүйеніп және серіктестіктің өзге де ішкі құжаттарына сәйкес жұмыс істейді. Бақылаушы кеңесі ең алдымен, мына мәселелерге баса назар аударады: 1) компанияның даму стратегиясын анықтау, нәтижеге жетуін бақылау; 2) даму стратегиясына мониторинг жасау; 3) тәуекелдерді басқару және ішкі бақылау жүйесінің тиімді жұмыс істеуін ұйымдастыру, қадағалау; 4) бақылаушы кеңесінің құзырынан аспайтындай, ірі инвестициялық және стратегиялық жобаларды бекіту, оның тиімділігін бақылау; 5) басқарма төрағасы және басқарма мүшелерінің қызметтік еңбекақысын және алатын сыйақысын бекіту, қызметтерін қадағалау; 6) корпоративті бақылау және этика», — деді біздің сұрақтарға жауап берген Саида Тәуекелева.

Осылайша, Ерхат Есқалиев «Кеңес берген жалақыны алдым» дейді, Людмила Бюрабекова «Ондай жалақы бекіткенім есімде жоқ» дейді, кеңестің қазіргі мүшесі Саида Тәуекелева «Басқарма төрағасының жалақысын кеңес бекітетіні рас» дейді. Бір қарағанда, бәрі айдан анық, тек 1,3 млн теңге жалақы алу үшін қандай талаптардан өту керек екені ғана белгісіз қалып отыр. Мүмкіндік туса, Ерхат Есқалиевпен немесе кеңестің жаңа төрағасымен (әзірге, кім болатыны белгісіз – авт.) сөйлесуге тырысып, қызметкерлердің жалақысы қандай критерийлерге сай белгіленетінін сұраймыз.

Кенжекей Тоқтамұрат, Нұр-Сұлтан