Лифтіден әруақ көрген астаналық ару адам сенгісіз оқиғаны баяндады
Астаналық ару қаладағы тұрғын-үй лифттерінің бірінде болған «ерекше» құбылыс жайлы айтып берді. Бойжеткеннің сөзінше, дүкеннен үйге кірген ол лифтте «әруақпен» бірге тұрған екен. Сондай-ақ студент қыз өмірде тылсым күштердің бар екеніне кәміл сенетінін жеткізді деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ.
Елордадағы университеттердің бірінің 3 курс студенті жақында ғана орын алған «айрықша» оқиға жайлы NUR.KZ тілшісіне баяндап берді. Арудың айтуынша, сол күні ол әруақпен «бетпе-бет» келген көрінеді.
«Астанадағы Момышұлы көшесінің бойындағы «Байқоңыр» тұрғын-үй кешенінде қыздармен пәтер жалдап тұрамын. Былтыр сіздердің порталдарыңыздан осы үйлер жайлы мақаланы оқыған едім. Сол кезде «Мүмкін емес, бұл үйде әруақ жоқ» деп ішімнен ойлағаным әлі есімде. Негізі өмірде «тылсым күш» бар дегенге сенетін жандардың қатарынан болсам да, өзім тұрып жатқан үй болғандықтан, мұндай қауесетке сенгім келмеген еді.
Бірақ басымнан өткен бір жайтты айтып берейін. Өткенде ғана қысқы семестрді аяқтап, үйге Қызылордаға қарай жолға дайындалып жатқан едік.
Сол күні пойызға тамақ аламын деп, сыртқа дүкенге шыққан едім. Жолға тамағымды алып, бесінші қабатта тұратындықтан, лифтке кірдім. Қазір айтсам сенбессіздер, бірақ сол күнгі оқиғаны есіме алсам, әлі күнге дейін жүрегім дірілдеп, тілім күрмеліп қалады. Лифтке кіріп, бесінші қабатты басып едім, лифт беске тоқтамай, бірден оныншы қабатқа көтерілді. Бәлкім тұрғындардың бірі жоғарыдан төмен түсетін шығар деп, жайбарақат тұра бердім. Бір уақытта оныншы қабатқа келгенде, лифттің есігі ашылғанымен, оныншы қабатта ешкім жоқ екенін көрдім.
Бірақ соған қарамастан лифттің есігі ашылып тұрды, енді бір мезетте денем суып, бетімнен біреу өбіп өткендей болды. Өпкенде қалай, әлдекімнің киімі бетіме тиіп, желпіп өткендей болды.
Сырттан соққан жел шығар деп тұра бердім. Бірақ лифттің алтыншы қабатының кнопкасы өзінен-өзі басылып, лифт төмен қарай құлдырай жөнелгенде, денем түршігіп кетті. Қорыққанымнан маңайыма қарай алмай қалдым. Жүрегім тарсылдап, «бісмиллә, бісмиллә» деп қайталай бердім. Бір қызығы, жанымда біреудің тұрғанын кәдімгідей сездім.
Сөйтіп лифт алтыншы қабатта тоқтап, есік тағы өзінен-өзі ашылып, қайта тарс етіп жабылды. Сосын барып мен тұратын бесінші қабатқа келді. Жаңағы жағдайдан қатты қорқып қалғаным болуым керек, бөлмедегі қыздар үйге кірген соң «өңің бозарып кетті, не болды?» деп сұрақтың астына алды. Болған жайдың бәрін айтып бердім. Басында қалжыңдап, ешкім сенбеді, бірақ кейін түрімді көріп, бәрі илана бастады», — дейді ару.
Сол күні пойызбен жолға шыққан студент қыз, үйіне жете салысымен жеті шелпек, пісіріп, жақындары мен көршілеріне құдай тамақ берген.
«Бұрындары «Битва экстренсов» деген бағдарламаның барлық маусымын көріп, осындай тосын оқиғаларға кәдімгідей сенетінмін. Қазір осындай жағдай өз басымнан өткен соң, тіптен «әруақ, тылсым күш» дегенге қатты сенетін болдым.
Негізі бұл үйде қатарынан екі бірдей суицид болғанын бәрі біледі ғой. Бірақ дәл осындай «фантастиканы» басымнан кешіремін деп, ешқашан ойламаппын. Енді үйге кірсем де , шықсам да «бісміллә» деймін. Күн жылынса, бәлкім қыздармен басқа да пәтер қарап, көшіп кетерміз , — деп сөзін аяқтады бойжеткен.