Лифт қызметіне қатысты Астана үлгісі өңірлерде енгізілмек
Астана, BAQ.KZ тілшісі. «Атамекен» ҰКП Астананың лифт мәселесіне қатысты шешімдерін басқа өңірлерде іске асыруды ұсынды. Бұл туралы «Атамекен» ҰКП Басқарма төрағасының орынбасары Рустам Жүрсінов Ұлттық палата төралқасының кеңейтілген отырысында мәлімдеді.
«Біз Астана әкімдігімен және инвестициялар және даму министрлігімен бірлесе өзін-өзі реттейтін ұйым құрдық. Олардың қатысушыларын сақтандырып, ұлттық стандартты әзірледік. Лифт қою мен қызмет көрсету талаптарын қабылдап, лифтілерді тексеріп жүйелі проблемаларды анықтадық. ПИК-пен кездесу өткізіп, олар тек адал ниетті лифт ұйымдарымен жұмыс істейді деп келістік. Нәтижесінде шағымдар саны үш есеге азайды. Ең бастысы, осы салаға қатысты жауап беріп, жеке жауапкершілікті алатын нақты тұлғалар бар. Біз осы тәжірибені басқа өңірлерде қолдануды ұсындық. Келер жылы бұл оң тәжірибені басқа да салаларға таратуға болады», — деді ол.
Премьер-министр бұл ұсынысты қолдайтынын жеткізіп, қазіргі таңда Үкімет осы бағытта жергілікті атқарушы органдармен жұмыс істеп жатқанын айтты.
«Егер өзін-өзі реттейтін ұйым ерікті түрде жұмыс істесе және жақсы тәжірибе болса лифт шаруашылығы бойынша айтылғандармен келісемін. Өңірлерде мәселе барын білеміз, көп сұрақтар қояды. Мемлекет басшысының Жолдауы аясында лифт бойынша әкімдіктермен жұмыс ітсеп жатырмыз. Ешкім қызмет көрсететін ұйым тарифті төмендетсін демейді. Мәселе сол лифтілердің сол ақшаға қалай қызмет көрсететінінде болып отыр. ПИК бойынша да осындай мәселе. Қызмет тарифін төмендетуді сұрамайды, халық ауланың тазаланбайтынын айтады. Ақшаның қайда кететінін қарау қажет. Егер оң тәжірибе болса, біз оны таратамыз», — деді Сағынтаев.
Біздің Telegram-парақшамызда Қазақстанның маңызды жаңалықтары. Жазылыңыздар!
Ұқсас сілтемелер:
Дереккөз: BAQ.KZ