Лицензиясы бар кез-келген аңшыға киік атуға құқық беріп қойдыңыздар – депутат Үкіметті сынға алды

Абзал Құспанның айтуынша, киіктің етін, терісін пайдалануды немесе ғалымдармен жұмысты үйлестіріп отыратын бірде- бір мекеме жоқ
«Мемлекет басшысы Ұлттық құрылтайда киік популяциясының күрт өсуі ауыл шаруашылығына кері әсер етіп, экожүйеге артық салмақ түсіріп жатқанын атап өтті. Бұл мәселе бір күнде пайда болған жоқ – аймақтардан атқарушы билікке жолданған жүздеген өтініш пен талап-арыз Үкімет тарапынан жылдар бойы елеусіз қалып келеді. 2023 жылы БҰҰ жанындағы Жабайы жануарлардың қоныс аударатын түрлері комитетінің (CMS) сарапшылары арнайы келіп, Батыс Қазақстан облысының аудандарын аралады. Зерттеу нәтижесінде ҚР Үкіметіне нақты ұсыныстар жасалды, олардың бастысы – жергілікті халық пен киік арасындағы қақтығысты шешу. Алайда, Үкімет күні бүгін бұл ұсыныстарды орындау бойынша нақты бір іс-әрекетке көшкен жоқ», — деді ол.
Осы ретте депутат Үкіметке бірнеше талап қойды:
Киік популяциясын реттеу бойынша нақты шаралар қабылдауды, атап айтқанда: биыл киік санын реттеу жұмыстарын жүргізу туралы ресми шешім қабылдап, оның әдістері мен экологиялық негіздемесін жариялауды; киік популяциясын реттеу бойынша жауапты бір мемлекеттік органды белгілеуді және оның нақты іс-шараларын бекітуді сұрады.
«Осы жерде айта кететін бір мәселе: Кеңес Үкіметі кезінде киіктің еті де, терісі де пайдаға асты, олардың саны соңғы кездегідей күрт өзгерістерге ұшыраған жоқ, оның басты себебі – киік үшін жауапты нақты бір мекеме болғандығында еді. Киік өнімін халық шаруашылығына пайдаланылуын, азайып кетсе де, көбейіп кетсе де жауап беретін бір ғана мекеме еді. Ал қазір ше? Киікті қорғайтын мекеме өз алдына, ал атуға лицензиясы бар кез-келген аңшыны құқылы қылып қойдыңыздар. Одан қала берді, етін, терісін пайдаланылуын немесе ғалымдармен жұмысты үйлестіріп отыратын жауапты нақты бір ұйым, мекеме жоқ», — деді Абзал Құспан.
Оның айтуынша, БҰҰ комитетінің ұсыныстарын орындау маңызды. Оның ішінде, CMS сарапшыларының 2023 жылғы ұсыныстарын орындау бойынша нақты жоспарды бекітіп, оның орындалу мерзімдерін белгілеу және ұсыныстардың қай бөлігі жүзеге асатынын және қайсысы ескерусіз қалғанын ресми түрде түсіндіру керек.
«Бұл мәселені шешуге қарастырылған қаржыны жариялауды, киік популяциясын реттеу бойынша кешенді саясат үшін жауапты тұлғаларды белгілеп, олардың есебін тыңдауды, министрліктер арасындағы үйлестіру жұмыстарын күшейтіп, аталған мәселе бойынша нақты жауапкершілік жүктеуді, ауыл шаруашылығына келген залалды өтеу механизмін әзірлеп, оның іске асу тетіктерін жариялауды талап етемін», — деді ол.
Абзал Құспан осы салада жүйесіздік, салғырттық пен немқұрайдылық белең алғаннын айтты.
«Мемлекеттік органдар халықтың, ауыл шаруашылығы тауар өндірушілерінің талаптарына, халықаралық ұйымдардың ұсыныстарына құлақ асатын уақыт жетті. Осы мәселеге қатысты Үкіметтің ресми ұстанымын, қойылған барлық мәселелерді депутаттардың қатысуымен талқылап, Мәжіліске нақты іс-шаралар жоспарын ұсынуды талап етемін», — деді ол.