Lexus мінген ер адамның әрекеті елді шулатты

0
42

«Клуб добряков Павлодара» қоғамдық қорының мүшелері ер адамның ерсі әрекеті туралы айтты

НҰР-СҰЛТАН, 28 тамыз – Sputnik. Lexus-тың соңғы моделін мініп келген ер адам өз баласына қайырымдылық көмек алып кеткен, деп хабарлайды Pavon.kz.

«Біз жыл сайын «Қайырымдылық портфелі» акциясын өткізіп тұрамыз. Оны өткізсін деп ешкім айтқан жоқ. Өзіміз арнайы жиналыста осындай шешімге келдік. Мектепке қажетті заттарды өз ақшамызға сатып аламыз. Кәсіпкерлер де көмектесіп отырады. Адамдар өз еркімен қолдау көрсетеді. Өйткені олар осы көмектің мұқтаж адамдарға жететінін біледі», – деп жазды еріктілер Instagram-дағы @club_dobryakov_pavlodar парақшасында.

Олардың айтуынша, биыл балаларды мектепке дайындау жағынан қиналған 300-ге жуық отбасы клубтың көмегіне жүгінген. Бәріне қайырымдылық портфелі таратылды. Ішінде кеңсе тауарлары, дәптер және тағы басқа қажетті заттар бар. Ал артық қалған портфельдерді әлеуметтік педагогтар ұсынған қосымша тізім бойынша таратылады.

Дәл осы тізім енген баланың әкесі портфельді алып кетуге келген. Анықтамаға сәйкес, ата-аналардың жалақысы – 31 мың теңге, мемлекеттен тағы 25 мың теңге алып тұрады. Отбасы көпбалалы және мұқтаж азаматтар қатарына кіреді.

«Алайда үйдің отағасы Lexus-тың соңғы моделін мініп жүретін болып шықты. Біз оны өз көзімізбен көрдік. Қайырымдылық портфелін қымбат көлігіне салып алды. Не деген бетсіздік десеңізші!», – дейді еріктілер.

Қоғамдық қордың мүшелері балаларына зардабы тимесін деп, отбасының жеке мәліметін жариялаған жоқ. Бірақ ондай жағдай адамның көңілін қалдыратынын жеткізді. Себебі қайырымдылық портфелін шынымен де мұқтаж отбасыға беруге болатын еді.

Оқиға желіде қызу талқыланып жатыр. Біреулер Lexus-пен келген ер адамның аты-жөнін жариялауды талап етсе, енді бірі оның көлікке осындай жолмен ақша тапқанын жазады.

Тағы оқыңыз: Үш қабатты коттеджі барлар да мемлекеттен 21 мың алған

Айта кетейік, жақында Павлодар қаласында атаулы әлеуметтік көмекті заңсыз алған бес отбасы анықталған болатын. Олар коттеджде тұрады. Жақсы көлігі мен жеке бизнестері бар. Соған қарамастан, мемлекеттен жәрдемақы алып келген.



sputniknews.kz