Леонид Кочетов: Тарих тағылымы
Ұлттық жаңғырудың жарқын үлгісі – тарихымызды түгендеп, дәстүр-салтымызды, ұлттық құндылықтарымызды, мәдени жетістіктерімізді дәріптеп, болашаққа бағдар жасау. Бұл ретте Мемлекет басшысының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласы мемлекеттік және ұлттық идеологиямыздың негізгі өзегіне айналды. Ұлттық бірегейлікті сақтай отырып, жаһандық үрдістерге қарсы тұрудың нақты жолдарын көрсетті. Енді міне, Елбасының осы бір терең тұжырымдамасының жалғасындай «Ұлы даланың жеті қыры» атты мазмұнды мақаласы жарық көрді. Ұлы дала тарихының толайым табыстарын дәлелді деректермен көркем кестелеп, рухымызды асқақтатып, жадымызды қайта жаңғыртты.
Ел Президентінің парасатты пайымы тарихымызды жаңа қырынан тануға тың серпін берері сөзсіз. Бұл арқылы біз жоғымызды түгелдеп, барымызды байыптап, ең бастысы әлемдік өркениеттегі өз орнымызды нықтай түсеріміз кәміл.
Тарихи сананы жаңғыртуға байланысты жаңа бастамалар көтеріліп, нақты тапсырмалар берілді. Мұның ішінде мектептер мен барлық өңірлердегі өлкетану музейлерінің жанынан тарихи-археологиялық қозғалыстар құру идеясы біз үшін ерекше әсер етті. Өскелең ұрпақтың бойына отаншылдық нәрін себу мектеп қабырғасынан басталса, кейінгі жастардың кемел болашағына үмітпен қарарымыз анық.
Сондай-ақ, «Ұлы дала» атты ежелгі өнер жəне технологиялар музейін ашу бастамасы да ұлы тарихымызды ұлықтап, ұлттық ерекшелігімізді айқындай түседі деген ойдамыз.
Мемлекет басшысының қазақ руханиятының қара шаңырағы — Ұлттық музейіміздің ашылу салтанатында: «Біздің тарихымыз – мақтан етуге лайық ерлік пен елдік тарихы. Мыңжылдықтар қойнауынан бастау алатын қазақ шежіресі адамзат тарихының ажырамас бөлігі. Мәңгілік еліміз барда қазақтың тарихы да мәңгілік» деген сөзі ұдайы жадымызда.
«Ұлы даланың жеті қыры» мақаласы тарихымызды қайта түлетіп, жаңа көкжиектер ашып, іргелі жобаларға жол саларына сенеміз.
Леонид Кочетов,
Қазақстан Республикасы Ұлттық музейі директорының міндетін атқарушы