Лак өнімдерін шығаратын қойма өртенді
Алматы қалалық төтенше жағдай департаменті өрттің Жетісу ауданындағы лак өнімдерін шығаратын қоймадан шыққанын хабарлады.
«Алдын ала ақпарат бойынша, қоймада 200 тонна лак өнімдері бар» деді қалалық төтенше жағдай қызметі департаментінің ресми өкілі Сандуғаш Баймаұхамбетова.
Құтқарушылар өрт сөндіруге тікұшақ та көмектесіп жатқанын хабарлады.
Омарова 12в/1 мекен-жайында орналасқан қойманың өртеніп жатқаны туралы ақпарат құтқару қызметіне таңертеңгі 7.45-те түскен. Тұрғындар таңертең «Саяхат» жақта қою түтін шығып жатқанын көрген.
Оқиға орнына барған Азаттық тілшісі 9.40 шамасында өрттің өшірілмегенін, өрт жайылмас үшін өрт сөндірушілердің жанталасып жүгіріп жүргенін көргенін айтқан еді.