Лайнерде қамалып қалған қазақстандықтарға қатысты тың ақпарат шықты
Қысқа сілтеме алу
Сыртқы істер министрі коронавирус тараған кемеде қамалып қалған қазақстандықтар өздері ұшып келетінін мәлімдеді
НҰР-СҰЛТАН, 19 ақпан – Sputnik. Сыртқы істер министрі Мұхтар Тілеуберді Diamond Princess лайнерінде қамалып отырған төрт қазақстандықтың елге қалай қайтарылатынын түсіндірді, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.
«Лайнерде біздің төрт азаматымыз бар. Олар коронавирус жұқтырмаған. Оны арнайы тест те растап отыр», — деді Тілеуберді журналистерге берген сұхбатында.
Оқи отырыңыз: Коронавирус таралған кемеде 4 қазақстандық бар екені анықталды
Оның айтуынша, бүгін лайнердегі карантиннің мерзімі аяқталды. Енді барлығы лайнерден шығарылады. Бірақ қосымша сынамалар алынады.
«Жерде тағы тестер өткізіледі. Содан өтсе, біз оларды елге қайтарамыз. Жақын күндері бастаймыз», — деп атап өтті министр.
Тілеубердінің сөзіне қарағанда, коронавирус анықталған жағдайда олар Жапонияда емделеді. Содан кейін елге қайтады.
«Қазақстан мен Жапонияның арасында тікелей рейстер бар. Олар өздері ұшып келеді. Ал елге келгеннен кейін қосымша карантиннен өткізу мәселесін денсаулық сақтау министрлігі пысықтайды. Негізі олар он төрт күндік карантиннен өтті», — дейді Тілеуберді.
Лайнерге коронавирус қалай өтті?
5 ақпанда Жапонияның жағасында круиздік лайнердің карантинге қойылғаны туралы хабар тараған болатын. Себебі бір адамнан коронавирус анықталды. Жолаушылардың жалпы саны – 3 700 адам. Үш күннен кейін ауруға шалдыққандардың саны 70-ке жетті. Ал 10 ақпанда 130 адамның ауырып қалғаны белгілі болды.
12 ақпанда Жапонияның денсаулық сақтау министрлігі коронавирусқа тағы 39 адамның шалдыққанын жариялады. Олардың ішінде карантин қызметінің бір маманы да болған. Ол қорғаныс шараларын сақтамай, вирусты жұқтырған.
Карантин 19 ақпанға дейін жалғасады. Кеме 20 қаңтарда Иокогамадан шығып, 3 ақпанда қайтып келген. Бортта Қытайдың бір азаматы болған. Ол Гонконгтен түсіп, ауырып қалған.
sputniknews.kz