Ләйла Сұлтанқызы алғаш келін болып түскендегі қызықты оқиғасын баяндады — новости Казахстана
Танымал тележүргізуші Ләйла Сұлтанқызы алғаш келін болып түскенде не бүлдіріп қойғанын айтты. Ол қызық оқиғасымен өз Instagram парақшасында бөлісті деп хабарлайды NUR.KZ.
Журналист қала қонақ үйлерінің бірінде сүрленген ет көргенін, ол өзінің жас кезін есіне салғанын айтқан. Сондай-ақ Сұлтанқызы алғаш келін болған тұста қателік жіберіп, ұялып қалғанын да жасырмаған.
«Менің артымдағы әйнекте сүрленген ет айналып тұр, қараңыздаршы. Бұл еттер алғаш келін боп түскендегі бір қателігімді еске салды. Бір ұялып, бір күліп, ностальгия болды.
Не болды дейсіздер ме?! Қазір соғым сойылып, әр шаңырақ соғым басына шақырып, мәре-сәре боп жатқан шығар. Мен алғаш келін боп түскен жылдары да соғым басына ауылдың сыйлы қонақтарын шақырғанбыз. Оңды-солын айыра алмайтын жас болмасам да, жаңа түскен келінмін енді.
Содан табақ тартар кезде күйеу табаққа тоқпан жілікті, ал бас табаққа төс салып жібергенім бар. Солай кәделі қонақ алдында бір қызарып алған едім. Қазіргі келіндер жақсы, тіс қаққан ғой. Малдың да, басқасының да», — деп жазған ол.
Бұл жазбаны оқыған желі қолданушылары «Бәрі біліп тумайды», «Ештеңе етпес», «Қателіктер арқылы үйренеді» ,- деп жазған.