Лагерьге айналған мектеп және Шыңжаң қазақтарының үрейі
Баймұрат Жұмағайұлы Қытайдан 2009 жылы отбасымен бірге Қазақстанға қоныс аударып, 2010 жылы Қазақстан азаматтығын алған. Айтуынша, 2013 жылы баласын емдетуге Қытайға барып, сонда қалып қойған. 2016 жылы Санжы аудандық полиция бөліміне сақшы болып қызметке тұрған. Баймұрат Жұмағайұлы «негізгі жұмысы күдіктілерді ұстап, саяси тәрбиелеу орталығына жеткізу болғанын» айтады.
— Баламды емдету үшін екі жыл уақыт керек екен. Санжы облыстық көші-қон полициясына барып шетел азаматы екенімді, балам толық сауығып кетуі үшін ұзақ уақыт Қытайда қалу керектігін айттым. Олар «сен Қытайдың азаматтығынан әлі шыққан жоқсың. Сондықтан Қазақстан азаматтығын анықтайтын құжатыңды осында өткізіп, тұра бер» деді. Қос азаматтықпен жүргенімді сол кезде білдім, — дейді ол.
«Жоғарғы білімді Үрімжіде алғанын» айтқан Баймұрат Жұмағайұлы отбасымен Қытайға көшіп барғанда құрылыста жұмыс жасаған. 2016 жылы қатардағы қарапайым азаматтарды жаппай сақшылыққа қабылдап жатқанын естіп, осы жұмысқа өтініш жазған.
— Сақшы қызметіне қабылданып, бақылау бөлімінде, адам ұстау отрядында істедім. Аудан орталықтарында, ауылдарда әрбір 300 метр сайын сақшы пунктері салынды. Әрбір сақшы ғимаратында (полиция бөлімшесі – ред.) аппарат қойған. Жүрген адамдардың барлығын сол аппарат, камера арқылы бақылап отырады. Әр сақшының қолында бақылау аппараты болады. Күдікті адамның жеке куәлігі мен телефонын сол аппараттан өткізген кезде оның ішіндегі барлық суреттер мен жазулар шығып тұрады, — дейді бұрынғы сақшы.
«ҚАЗАҚ МЕКТЕБІН ЛАГЕРЬГЕ АЙНАЛДЫРДЫ»
Баймұрат Жұмағайұлының айтуынша, «саяси тәрбиелеу орталығына баратын адамдарды жергілікті әкімшілік пен полиция өкілдері тізімдеп, құжаттарын облыстық, қалалық басқару мекемелеріне жібереді. Құжатқа олардың сөйлеген сөзі мен телефонынан табылған суреттерді тіркейді».
— Егер Үрімжіден жіберілген тізімді мақұлдаса, бірден ұстауға көшеміз. Адамдарға орталыққа не үшін алып кеткенін нақты айтпайды. Ұсталғандар да түк түсінбей бірдеңе айтудан қорқады. Саяси тәрбиелеу орталықтарында ұйғыр, қазақ, дүнген ғана емес, кейде партияның идеясына қарсы келген қытай ұлтының өкілдері де болады, — дейді этникалық қазақ.
Баймұрат Жұмағайұлының сөзінше, Шонжы ауданында төрт саяси тәрбиелеу орталығы бар.
— Шыңжаң билігі Шонжыдағы қазақ орта мектебін саяси тәрбиелеу орталығына айналдырды. Ең үлкен орталық осы мектеп ғимаратында болды. Шамамен 600 адам бар. Молдаларға арналған орталық бар. Үшіншісі «үлкен түрме» деп аталады. Төртіншісі – ақыл-есі кем жандарға арналған орталық. Саяси үйрену орталығында 13 жастан 80 жасқа дейінгі адамдар бар. Таңертеңнен кешке дейін оқытады, — дейді ол.
Желтоқсанның соңында Шыңжаңдағы саяси тәрбиелеу орталығына барған Қазақстанның Қытайдағы елшісінің кеңесшісі Манарбек Қабазиев «Қытай [саяси тәрбиелеу орталығындағы] оларға жақсы жағдай жасаған. Менің ойымша, Қытайдағы орталық үкімет және Шыңжаң өңірінің басшылары өз азаматтарына жаңа мамандық игеруге мүмкіндік жасап жатыр» деп айтқан. Ал Қытайдың мемлекеттік CCTV телеарнасы орталық тәрбиеленушілерінің жаңа кәсіп меңгеріп, спортпен шұғылданып жүргенін көрсеткен.
Баймұрат Жұмағайұлы сақшы болып жұмыс істеген уақытта «Шонжыдағы саяси тәрбиелеу орталығында ешқандай спорт жарысының өтпегенін, ондағыларды серуендеуге далаға шығармайтынын» айтты.
— Орталықта қытай тілін білетіндер үшін сәл жеңілдеу. Ал мүлдем оқымағандар үшін қиын. Берілген тапсырманы уақытында жаттай алмасаң, сегіз-он сағатқа дейін тапжылмай отырасың, — дейді ол.
Баймұрат Жұмағайұлының сөзінше, «лагерьлерде ғана емес, ауылдарда да күнделікті кешке үйрену сабақтары өтеді. Сабаққа 13 пен 60 жас аралығындағы тұрғындар түгел қатысады. Аптасына ауылдарда бір рет ту көтеріліп, Қытай еліне және басқарушы партияға мадақ айтылады».
«ҚАЗАҚСТАННАН КЕЛГЕНДЕРМЕН СӨЙЛЕСПЕЙДІ»
Лагерьде сақшы болған қазақтың айтуынша, кейбір ауылдағы ер адамдардың көбін саяси тәрбиелеу орталығына алып кеткен. Ол Шыңжаңдағы қазақтардың Қазақстанға барып келген адамдармен сөйлесуден қалғанын айтады.
— Жергілікті қазақтардың сырттан, әсіресе Қазақстаннан келген адамдардан сөйлесуге қатты қорқады. Адамдар «пәлесі тимесін» деп бір-бірінен қашып жүреді. Артық сөз сөйлемейді. Бір күн болса да жарық дүниені көргісі келген адамдар «бәрі – дұрыс саясат» деп айтады. Өйткені оларды «баратын жерің – анау» деп, орталықтарды айтып қорқытады, — деді ол.
Баймұраттың айтуынша, 2018 жылы мамырда сақшы жұмысынан шығып, «аман тұрғанымда елге жетіп алайын» деп, Қазақстанға кері қайтқан. Үрімжі қаласындағы «Қазақстанның төлқұжат-визалық қызметі көмектескен». Қазір өзі, әйелі, екі баласы – Қазақстан азаматы, Павлодар облысы Ақсу қаласында тұрып жатыр.
Азаттық тілшісі Баймұрат Жұмағайұлының оқиғасына қатысты Шанхайдағы Қазақстан елшілігіне хабарласқан. Елшілік қызметкерлері Үрімжідегі төлқұжат-визалық қызметке қайырылуды сұрады. Бірақ Үрімжідегі қызметтің телефоны жауап бермеді. Ал Қазақстан сыртқы істер министрлігі Баймұрат Жұмағайұлы туралы ақпаратты тексеретіндерін айтты.
Қытайдағы «саяси тәрбиелеу орталықтары» туралы алғашқы ақпарат 2017 жылы сәуірде шыға бастады. Этникалық қазақтар мен ұйғырлар жақындарының қамалып, олармен хабар үзілгенін айтқан. Кейін Қытайдағы аз ұлттардың қысымға ұшырағаны туралы халықаралық ұйымдар мен батыс елдері де айта бастаған.
БҰҰ Шыңжаңдағы «саяси тәрбиелеу орталықтарында» миллионға жуық адам «еркінен тыс» қамауда отырғанын мәлімдеген. Халықаралық ұйымдар мен батыс елдері Пекиннен Шыңжаңға кіргізуге рұқсат сұраған. Ал қаңтардың 7-cі күні Қытай сыртқы істер министрлігі БҰҰ өкілдері «Пекин қойған шарттарды орындаса, Шыңжаңға кіргізетіндерін» айтқан.
Қытай үкіметі басында бұл орталықтардың барын жоққа шығарып келді. Кейін Пекин қысымды «экстремизмге қарсы шара» деп мәлімдеді және «қамалғандар тіл үйреніп, кәсіп меңгеріп шығатынын» айтты.
2018 жылдың соңында Қытай билігі Шыңжаңға 12 елдің дипломатын шақырып, саяси тәрбиелеу орталығын көрсеткен. Лагерьлерді аралаған дипломаттар ондағы жағдайды мақтаған.
Ал 2019 жылы 5-6 қаңтарда Пекин бірнеше басылымның тілшілерін шақырып, саяси тәрбиелеу орталығын аралатқан. Reuters ақпарат агенттігіне сұхбат берген лагерь тәрбиеленушілері «орталыққа өз еріктерімен келгенін» айтқан. Тәрбиеленушілер сұхбат берген сәтте ресми өкілдер жандарында тұрған.
Дереккөз: Азаттық