«Лагерь болмаса қашпас едім». «Шекара бұзған» қазақ шартты жазаға кесілді
Дүйсенбідегі сот отырысында алдымен жарыссөз өтіп, түс ауа үкім оқылды. Судья үкім шығарғанда 43 жастағы Қайша Ақанның Қазақстан азаматына тұрмысқа шыққанын, пана іздеуші куәлігі барын, босқын мәртебесін сұрағанын, этникалық қазақ ретінде Қазақстан азаматын алуға басым құқығы барын, Қытайда ешқандай қылмыс жасамағанын, Қытайдан Қазақстанға бірнеше рет өте алмағанын ескергенін жеткізді. Сот Асубаева Қайша Ақанның қылмысына шын өкінетінін, ісін мойындағанын да ескере отырып, шартты жазаға кескенін айтты.
«ҚАМАЛУ ҚАУПІ ТӨНГЕН СОҢ ШЕКАРА БҰЗДЫМ»
Жарыссөз кезінде «шекара бұзған» Қайша Ақан амалсыздан шекара бұзғанын, қылмысын мойындайтынын айтты.
— [Шекарадан заңсыз өткенде] үлкен заңсыздық екенін білмедім. Кейін [Қазақстанға] келген соң білдім. Не болса да, шекараны заңсыз өткенімді мойындаймын. Егер Қытай компартиясынан қысым болмаса, Шыңжаңда саяси лагерьлер болмаса, Қазақстанға қашпас едім. Шекараға үш рет барғанымда өткізбеді. Кейін лагерьге қамалу қаупі төнген соң шекара бұздым. Мені Қытайға қайтармауыңызды, бас бостандығымды шектемеуіңізді сұраймын, — деді Қайша Ақан соттағы сөзінде.
Жарыссөз кезінде прокурор Арзыгүл Имярова судьядан Қайша Ақанды Қытайға қайтармауды, алты ай шартты жаза беріп, пробациялық бақылау тағайындауды сұрады.
Сот үкім оқылған соң Қайша Ақанның Қазақстанның адвокаты Айман Омарова Азаттыққа «Алғысымыз шексіз. Бастысы қамалған жоқ, Қытайға депортацияланбайды. Сот кері қайтарып жібере ме деп қорқып едік. Бәрі оң шешіммен аяқталды» деді.
Қайша Ақанға айып тағылған «Шекараны заңсыз кесіп өту» бабы бойынша, «шекара бұзған адамның» айыбы дәлелденсе, бір жыл бас бостандығынан айырылып, артынша келген еліне қайтарылады.
ҚАЙША ШЕКАРАДАН ҚАЛАЙ ӨТКЕН?
43 жастағы Қайша Ақан соты қарашаның ортасында басталған. Алғашқы сот отырыстарында-ақ ол «шекараны заңсыз кесіп өткенін мойындаған» және Қазақстаннан босқын мәртебесін сұраған. Ол бұл қадамға «Қытайдағы қысымнан қауіптеніп барғанын» айтады. Сөзінше, Қазақстан шекарасынан 2018 жылдың 7 мамырында Қорғас кеден бекетінен саудагер әйелдермен ілесе өткен.
— Шекарадан өту үшін бір адаммен сөйлестім. Ол менен 1,5 миллион теңге (шамамен 3800 доллар – ред.) сұрады. Ондай ақшам жоғын айттым. Кейін бар ақшама келісіп, Қазақстанға қарасты жерге алып келді. Қалтамда теңге болмаған соң юаньмен бердім. Кейін ол мені кеденге әкеп бір адамдармен сөйлесіп, мені саудагерлерге қалдырып кетті. Кеденде жүк өткізетіндер көп, қарбалас болды. Сол кезде құжат тексеретін адам біреу шақырып кеткен кезде саудагер әйелдер маған «ал енді тауарды итер, еңкейіп өт, басыңды көтеруші болма» деп ескертті. Бірінші постан әйелдерге жәрдемдескен болып, тауарды итеріп өтіп кеттім, — деген еді ол алғашқы сот отырысында.
Ол 2019 жылы тамызда Ұлттық қауіпсіздік комитетіне арыз жазып, шекарадан заңсыз өткені жайлы хабарлаған. Артынша ҰҚК Ақанның үстінен қылмыстық іс қозғаған. Шекараны заңсыз кесіп өткен уақыттан ҰҚК-ға барғанға дейін оны «ешкім іздемеген».
Қайша Ақан қарашаның 11-і күні Алматы қалалық көші-қон полициясынан «Пана іздеуші тұлға» құжатын алған.
Қайша Ақан – қазақ қытай шекарасын кесіп өтіп, жауапқа тартылған алғашқы қазақ емес. 2018 жылы тамызда «Қазақстан шекарасынан заңсыз өтті» деген айыппен «Шыңжаңдағы лагерьде жұмыс істеген» Қытай қазағы Сайрагүл Сауытбайдың үстінен сот процесі жүрген. Қоғам назарын аударған сотта Сайрагүл Сауытбай шартты жазамен бостандыққа шыққан. Кейін ол Қазақстаннан босқын мәртебесін ала алмай, Швецияға кеткен.
Бұған дейін Қытайдың Шыңжаң өлкесінде тұратын этникалық қазақтар Қастер Мұсаханұлы мен Мұрагер Әлімұлы шекара бұзып, Қазақстанға өткен. Олар да «Шыңжаңдағы қысымнан қашып келгендерін» айтқан. Қазір Мұсаханұлы мен Әлімұлының үстінен тергеу жүріп жатыр.
Бұдан бөлек, жақында «Қытайдағы қысымнан қаштым» деген тағы бір қазақ Бағашар Мәлікұлы Қазақстаннан босқын мәртебесін сұраған.
Шыңжаңдағы ұйғырларды, қазақтарды және басқа да діни азшылықтарға қысым жасалып жатқаны жайлы ақпарат 2017 жылдың сәуірінен бастап белгілі болған. Былтыр БҰҰ Шыңжаңдағы лагерьлерде миллионға жуық адам қамауда отыруы мүмкін деп мәлімдеген. Пекин басында лагерьлер жайлы хабарды жоққа шығарған. Кейін лагерьлерді экстремизм және терроризммен күресу үшін ашылған «тәрбиелеу орталығы» деп атаған. АҚШ және Батыс елдері Қытайдың Шыңжаңдағы саясатын сынап келеді. Пекин барлық айыптауды жоққа шығарады.